Яһуданың хаты  1
Арнау және сәлем
1
Иса Мәсіхтің басыбайлы қызметшісі әрі Жақыптың
а
туған інісі Яһудадан Құдай Әке сүйіспеншілікпен Өзіне бағыштап, қасиетті халқы болуға шақырған, Иса Мәсіх аман сақтап жүрген сенушілерге дұғай сәлем:
2
Ол сендерге шапағатын жаудырып, амандық, тыныштық және сүйіспеншілікті молынан сыйлай көрсін!
Алдамшы тәлім берушілерге төнген қаһарлы үкім
3
Сүйікті бауырластарым, мен бар ынтаммен бәрімізге ортақ құтқарылу туралы хат жазбақшы едім. Алайда Құдайдың Өзіне бағыштаған халқына
ә
біржола аманаттаған, бәріміз сенетін шынайы ілімін жан сала қорғауды ескертіп жазуымды қажет деп есептедім.
4
Себебі араларыңа бірқатар адамдар білдіртпей ұрланып еніп алыпты. Осы арсыздар
б
сотталуға баяғыда-ақ белгіленген болатын. Олар азғындықтарына сылтау ету үшін Құдайымыздың рақымы туралы Ізгі хабарды бұрмалайды. Сонымен қатар олар Иса Мәсіхті бірден-бір Әміршіміз әрі Иеміз
в
деп мойындамайды.
5
Сендер ежелгі замандағы мына жайттарды түгел білсеңдер де, оларды қайтадан естеріңе салып өткім келеді: Иеміз Иса өз халқын Мысырдан құтқарып алған еді, ал кейін көпшілігі қасарысып, сенбегенде Ол солардың көздерін құртты.
г
6
Сондай-ақ, өздерінің билік жүргізуге тиесілі орындарын сақтамай, мекен-тұрағын тастап кеткен періштелерді де ескеріңдер:
ғ
Иеміз оларды соттайтын ұлы күн жеткенше, тозақтың қара түнегінде мәңгі шынжырлап сақтап отыр.
7
Сол сияқты, Содом, Ғомора және маңайындағы қалаларды ұмытпаңдар: олардың тұрғындары жыныстық азғындықпен әуестеніп, табиғатқа қайшы ұятсыздықтарға салынғандары үшін жазаланды.
д
Сонымен олар мәңгілік отта азап шегетіндердің мысалы болды.
е
8
Дәл осылайша, араларыңдағы сол «түс көрушілер» өз тәндерін масқаралап, ешбір билікті елемей, абыройлы билеушілерді балағаттап жүр.
9
Ал тіпті бас періште Михайл Мұса пайғамбардың мәйіті туралы шайтанмен айтысқанда, оны балағат сөзбен айыптауға дәті бармады. Ол «Жаратқан Ие саған жазаңды тартқызсын!» — деп қана қойды.
10
Бірақ сол алдамшылар өздері түсінбеген нәрселер туралы жаман сөз айтып, қарсыласады. Олар жабайы аңдар сияқты ақылдарымен емес, түйсіктерімен ғана білген нәрселері арқылы өздері жойылып кетпек.
ж
11
Бұлар қасіретке қалмақ! Олар Қабыл
з
таңдаған жолмен жүреді және Балағам іспетті өздері алатын сыйына қызығып, алдамшылыққа беріледі.
и
Ақырында олар Қорах сияқты қиқарлықпен (қауым жетекшілеріне қарсы) бас көтергендері үшін құртылмақ.
к
12
Осындайлар достық дастарқандарыңа
қ
еш қаймықпастан келіп, тойынып алып, сендерді лас дақтар сияқты ұятқа қалдырады.
л
Мұндай адамдар жаман шопандай тек өз қамдарын ғана ойлайды. Олар жел айдаған жаңбырсыз ақша бұлт іспетті, әрі күзде жеміс бермейтін, тамырымен жұлынған, біржола өлген ағаш секілді ешбір пайда келтірмейді.
13
Қайта, олар ұятсыз істерін паш етіп, көбік шашып, қоқыр-соқыр әкеліп жатқан теңіздің буырқанған толқындарына ұқсайды. Осы азғырушылар кезбе жұлдыздай тура бағытты сілтей алмайды; оларға тозақтың мәңгілік қара түнегі дайын тұр.
м
14
Бұлар туралы адамзаттың жетінші атасы Енох
н
пайғамбар былай деп алдын ала айтқан еді: «Тыңдаңдар, Иеміз Өзінің он мыңдаған қасиетті нөкерлерін ертіп көктен түспек!
15
Ол бәрін де соттап, әділетсіздердің зұлымдықпен істеген барлық жаман істерін де, арсыз күнәкарлардың Оған қарсы айтқан күллі қатал сөздерін де әшкерелеп, жазаларын тартқызатын болады».
16
Мұндайлар ұдайы наразылық білдіріп, күңкілдеп жүреді. Олар жаман құмарлықтарына салынып, бас пайдалары үшін мақтанып, өзгелерге жағымпазданады.
Таза өмір сүріп, рухани дамып, күнәкарларды құтқару туралы
17
Ал сендер, сүйікті бауырластарым, Иеміз Иса Мәсіхтің елшілерінің алдын ала айтып кеткендерін естеріңе түсіріңдерші!
18
Олар сендерге: «Осы соңғы заманда өздерінің арсыз құмарлықтарына салынып, шынайы ілімді келемеждеп жүрген адамдар шығады!» — деген еді.
о
19
Қауымдарға жік салатын мұндайларда Киелі Рух болмайды, қайта, олар күнәкар болмыстарының жетегінде жүреді.
20
Ал сендер, сүйікті бауырластарым, өздерің сенетін Тәңір Иенің қасиетті де пәк таза ілімінің негізінде рухани өсіп толысуға ұмтылыңдар; Киелі Рухтың жетелеуімен сиыныңдар.
ө
21
Әрдайым Құдайдың сүйіспеншілігіне бөленіп, жамандық атаулыдан сақтаныңдар. Иеміз Иса Мәсіхтің қайта оралғанда өздеріңе шапағатын тигізіп, мәңгілік өмірге жеткізуін аңсап күтіңдер!
22
Ізгі хабарға күмәнданып жүргендерге қайырымды болып,
23
оларды ынта-жігермен тозақ отынан құтқарып алыңдар! Ал (жалған ілімдерді ұстанған) басқаларға аяушылық танытқанда, күнәнің ықпалынан шошына сақтаныңдар! Олардың азғын болмыстарынан бастау алатын арам істерінен жиреніп, аулақ жүріңдер!
п
24
Сендерді адасып кетуден сақтап, Өзінің нұрлы салтанаты көрінген күні қуанышпен, мүлтіксіз таза күйлеріңде өз алдына тұрғызуға
25
бірден-бір Құдайымыздың құдіреті жетеді. Ол бізді Иеміз Иса Мәсіх арқылы құтқарған еді ғой. Даңқ пен ұлылық, құдірет пен билік күллі өткен дәуірлерде болғандай, қазір де, мәңгілік те Онікі! Аумин.

а  Мат 13:55; Елш 12:17; 15:13; Ғал 1:19; Жақ 1:1; осы жазба туралы мәліметті де қараңыз.

ә  Яки: Құдайдың Өзіне бағыштаған (қасиетті) адамдарына (1:1; Еф 1:1; Түсіндірмедегі «Киеліні» де қараңыз).

б  Яки: Құдайға ұнамайтындар (1:15; Пет2 2:5).

в  Немесе: Әлемнің бірден-бір Әміршісі әрі Жаратқан Иеміз (Лұқ 2:29; Елш 4:24; Флп 2:10-11).

г  Мыс 12:51; 14:11-12; Рул 14:1-4,20-30.

ғ  Әйүп 4:18; 15:15; Жох 8:44.

д  Жар 19:4-5,24-25.

е  1:15; Мат 25:41; Пет2 3:7; Сал2 1:8-9.

ж  Пет2 2:12.

з  Қабыл туған інісі Әбілді өзімшілдік пен қызғаныштан өлтірді (Жар 4:1-12).

и  Пет2 2:15-16; Рул 22:4-20.

к  Рул 16:1-35.

қ  Алғашқы қауымдар бауырластық сүйіспеншілікті танытатын достық дастарқандарын Иеміздің құрбандығын еске алатын аспен бірге өткізетін (Елш 2:46).

л  Немесе: тойынып алып, көзге көрінбей, су астында тұрған құздар сияқты өте қауіпті болады.

м  1:6; Пет2 2:17.

н  Немесе: Адам атаның туажаты (Адам атадан бастағандағы жетінші буын). Енох: Жар 5:18. (Ол Ыдырыс пайғамбар деп те аталады.)

о  Пет2 3:3; Елш 20:29; Тім2 3:1-5; 4:3.

ө  Яки: Киелі Рухқа кенеліп дұға етіңдер.

п  Немесе: Ал басқалар болса, жамандық атаулыдан шошына сақтанып, олардың қателіктерін әшкерелеңдер.