Ешуа  6
Иерихонға шабуыл жасауға дайындық
1
а
Жаратқан Ие Ешуаға былай деп нұсқау берді: «Біліп қой, Мен Иерихонды патшасымен, батыл да мықты жауынгерлерімен бірге сенің қолыңа тапсырып отырмын.
2
Күллі жасақшыларың күніне бір рет қаланы айналып шықсын. Алты күн бойы осылай істеңдер.
3
Келісім сандығының алдында бір-бір керней
ә
ұстаған жеті діни қызметкер жүретін болсын. Ал жетінші күні жеті рет қаланы айналып шығыңдар, әрі діни қызметкерлер кернейлерін тартып жүрсін.
4
Сонда діни қызметкерлер кернейлерді бір рет ұзақ тартқанда бүкіл халық ұрандап қатты айқай салсын. Сол кезде қаланың қамал қабырғасы іргесіне дейін құлап түседі. Сонда халықтың әрбір ер адамы қалаға көтеріліп, тура лап берсін».
5
Содан Нұн ұлы Ешуа діни қызметкерлерді шақырып алып, оларға мына нұсқауды берді: «Жаратқан Иенің Келісім сандығын көтеріп алыңдар. Жетеуің оның алдында жеті керней алып жүріңдер».
6
Халыққа ол: «Дайындалып, қала сыртын айналдыра жүріңдер! Қару-жарақтанған адамдарың Келісім сандығының алдында жүрсін», — деді.
7
Ешуа халыққа бұйрық беріп болған соң, кернейі бар жеті діни қызметкер Жаратқан Иенің алдында соларын тартып, алға шықты. Жаратқан Иенің Келісім сандығы оларға ілесіп жүріп отырды.
8
Жасақшылардың үлкен тобы кернейлерін тартқан діни қызметкерлердің алдында, ал қалғандары Жаратқан Иенің Келісім сандығының соңынан жүрді. Кернейлер ұдайы тартыла берді.
9
Ешуа халыққа былай деп бұйырған болатын: «Мен өздеріңе айқайлауды бұйырған күніме дейін еш айқайламаңдар! Еш үндерің де шықпасын, ауыздарыңнан тіпті бірде-бір сөз шықпасын! Ал мен бұйрық берген кезде ұрандап айқай салыңдар!»
10
Осылайша олар Жаратқан Иенің Келісім сандығын қаланың сыртынан бір рет айналдырып шықты. Бұдан кейін бүкіл халық қонысқа қайтып келіп, сонда түнеді.
11
Келесі күні Ешуа таңертең ертемен тұрды. Діни қызметкерлер Жаратқан Иенің Келісім сандығын көтеріп алып жүрді.
12
Кернейлерін ұзақ тартқан жеті діни қызметкер Келісім сандығының алдынан, ал шерудің ең басында және Келісім сандығының соңында қаруланған жасақшылар жүріп отырды. Кернейлер үздіксіз тартылып тұрды.
13
Сол екінші күні де олар қаланы сыртынан бір рет айналып шыққаннан кейін ел қонысына қайтып оралды. Осыны олар алты күн қатарынан істеді.
14
Жетінші күні олар таң сәріде тұрды да, бұрынғыдай қаланы айналып шықты, алайда бұл жолы бір рет емес, жеті рет айналды.
15
Олар жетінші рет айналып жүре бастамақ, әрі діни қызметкерлер кернейлерін тағы да ұзақ тартпақ еді. Сонда Ешуа халыққа былай деп бұйырды: «Енді ұрандап айқайлаңдар! Жаратқан Ие сендерге қаланы тапсырып отыр!»
16
(Ешуа халыққа мына бұйрықты да беріп қойған еді:) «Қала және оның ішіндегі адамдар мен мүліктердің барлығы Жаратқан Иеге бағышталып жойылсын!
б
Тек (бұрынғы) жеңіл жүрісті әйел Рахаб
в
пен оның үй ішіндегілер тірі қалдырылсын! Өйткені Рахаб біз жіберген барлаушыларды үйінде жасырып, аман алып қалды.
17
Байқаңдар, Жаратқан Иеге бағышталып жойылуға тиісті нәрселерден сақтаныңдар! Олардың ешқайсысын алып, иемденіп жүрмеңдер! Әйтпесе соның кесірі өздеріңе тиіп, Исраилдің бүкіл қонысы да Жаратқан Иенің қарғысына ұшырайтын болады. Осылайша оған пәле әкелесіңдер.
18
Барлық күміс пен алтын атаулы және темір мен қола бұйымдар да Жаратқан Иеге бағышталғандықтан, оларды Оның қазынасына тапсыруға тиістісіңдер!»
Иерихон қабырғасының кереметпен құлауы
19
Сонымен халық ұрандап айқайлай бастады. Олар кернейлердің даусын естігенде, өте қатты айқай сала берді. Сонда қаланың қамал қабырғасы іргесіне дейін құлап түсті. Жасақшылар қалаға көтеріліп, әрқайсысы алға қарай лап беріп, оны басып алды.
20
Олар қаланы Жаратқан Иеге бағыштап, ондағылардың бәрін, әйел не еркек болсын, жас не кәрі болсын, күллі мүйізді ірі қара мен ұсақ малдарды және есектерді семсердің жүзімен қырып салды.
21
Ал Ешуа елді барлап келген екі адамға: «(Бұрынғы) жеңіл жүрісті әйелдің үйіне
г
барып, өздеріңнің антпен берген уәделеріңе сай, өзін және қасындағыларының бәрін сол жерден шығарып алып келіңдер!» — деп жіберген болатын.
22
Содан барлаушылар барып, Рахабтың өзін, әке-шешесін, бауырларын және қасындағыларының бәрін: күллі тума-туысқандарын алып шығып, Исраилдің ел қонысының сырт жағына орналастырды.
23
Бұдан кейін жасақшылар қала мен ондағылардың барлығын өртеп жіберді. Олар тек күміс пен алтынды және темір, қола бұйымдарды Жаратқан Иенің киелі үйінің қазынасына салып қойды.
24
Ал Ешуа Иерихонды барлап келуге жіберілген екеуді жасырған, (бұрынғы) жеңіл жүрісті Рахабты
ғ
отбасымен және күллі туысқандарымен бірге аман алып қалды. Рахабтың әулеті әлі күнге дейін исраилдіктердің арасында тұрып жатыр.
25
Сол кезде Ешуа: «Мына Иерихон қаласын қайта салуға кіріскен адамды Жаратқан Иенің қарғысы атады! Қала іргесін салғанда тұңғышынан, қақпасын тұрғызғанда кенжесінен айырылады», — деген теріс батаны жариялады.
д
26
Осылай Жаратқан Ие Ешуаға жар болып, оның даңқы бүкіл елге жайылды.

а  5:16-дағы түсініктемені қараңыз.

ә  Яғни қошқар мүйізінен жасалған үрмелі аспап (Леу 25:9).

б  (Заң 20:17) Қала тұрғындары жасаған ауыр күнәларына бола Жаратқан Иенің қарғысына ұшыраған еді.

в  Яки: Тек қонақүй иесі Рахаб (2:1).

г  2:1; 6:16.

ғ  Немесе: жасырған қонақүй иесі Рахабты (2:1; 6:16,21).

д  Пат3 16:34.