Ешуа 3
Халық Иорданнан өткен кездегі керемет
1
Ешуа және барлық исраилдіктер таңертең ерте тұрып, Шиттимнен шығып, Иорданға жетті. Өзеннен өтпес бұрын олар сол жерде қонды.
2
Үш күннен кейін халық басқарушылары ел қонысын аралап шығып,
3
халыққа мына нұсқауды берді: «Леуілік діни қызметкерлердің Құдайларың Жаратқан Иенің Келісім сандығын көтеріп бара жатқанын көрген кездеріңде сендер де жиналып, олардың соңдарынан ілесіңдер!
4
Бұрын сендер бұл жолмен ешқашан жүрген емессіңдер, ал Келісім сандығына ерсеңдер, баратын жолды білетін боласыңдар. Бірақ сандыққа жақындауларыңа болмайды, араларыңда екі мың шынтақтай арақашықтық болуға тиіс».
5
Енді Ешуа халыққа былай деп бұйырды: «Өздеріңді Құдайға толық бағыштап, (күнә атаулыдан) пәк таза болыңдар! Себебі Жаратқан Ие ертең сендердің араларыңда кереметтер істейді».
6
Ешуа діни қызметкерлерге: «Келісім сандығын көтеріп, халықтың алдында жүріңдер», — деп нұсқау берді. Олар Келісім сандығын алып, халықтың алдына түсті.
7
Жаратқан Ие Ешуаға тіл қатып былай деді: «Бүгін Мен бүкіл Исраилдің көз алдында сенің мерейіңді мейлінше үстем қыла бастаймын. Содан олар Мен Мұсамен бірге жүріп оған қалай жар болған болсам, саған да солай жар болатынымды біліп алады.
8
Ал енді, Келісім сандығын көтеріп жүрген діни қызметкерлерге былай деп бұйыр: Иорданның жағасына жеткенде өзенге түсіп, сол жерде тұра қалыңдар!»
9
Ешуа исраилдіктерді өзіне шақыртып, оларға былай деді: «Мұнда жақындап, Құдайларың Жаратқан Иенің сөздерін тыңдаңдар!
10
Сендер мына жайттардан мәңгі тірі Құдайдың өз араларыңда екенін, әрі Оның алдарыңнан қанахандықтар, хеттіктер, хевтіктер, перездіктер, гергестіктер, аморлықтар және ебустіктерді қуып шығатынын білетін боласыңдар:
11
Міне, бүкіл әлемнің Иесінің Келісім сандығы алдарыңда Иорданға енейін деп тұр.
12
Енді Исраилдің руларынан бір-бір адамнан, барлығы он екі адамды таңдап алып, белгілеңдер.
13
Сонда бүкіл әлемнің Иесі — Жаратқан Иенің Келісім сандығын көтеріп келе жатқан діни қызметкерлердің аяқтары Иордан өзенінің суына түсісімен, өзеннің жоғарғы жақтан ағып келе жатқан суы бөгеліп, бір жерге жиылып тұра қалады».
14
Сонымен халық қостарын жинады. Олар Иордан өзенінің арғы жағына өтейін деп жатқанда, Келісім сандығын көтерген діни қызметкерлер халықтың алдында жүрді.
15
Бұл (көктемдегі) егін ору науқаны болып, Иордан өзені арнасынан шығып тасып жатқан мерзім еді. Ал Келісім сандығын көтеріп жүрген діни қызметкерлер Иорданның жағасына жетіп, суға аяқтарын малған кезде,
16
жоғарғы жақтан ағып келе жатқан су бөгеліп, алыста, Сартанның маңайындағы Адам қаласының жанында, бір жерге үйілгендей жиылып тұра қалды. Содан өзеннің төменгі алқаптағы Өлі теңізге қарай ағып жатқан суы сарқылып қалды. Осылайша халық Иерихонның қарама-қарсы тұсынан Иордан өзенінен өте шықты.
17
Бүкіл Исраил халқы өзеннің құрғап қалған арнасымен арғы жаққа өтіп болғанша, Жаратқан Иенің Келісім сандығын көтеріп жүрген діни қызметкерлер Иордан өзенінің ортасындағы құрғақ жерде қозғалмастан тұра берді.