Ешуа 18
Қалған руларға жерлерін үлестіру
1
Бұлардан кейін исраилдіктердің бүкіл жамағаты Шилода жиналып, киелі кездесу шатырын тікті. Қанахан елі олардың билігіне өткенімен,
2
исраилдіктердің әлі де мұралық жерлері үлестірілмеген жеті руы қалған еді.
3
Сол себепті Ешуа исраилдіктерге былай деді: «Ата-бабаларың сиынған Құдай — Жаратқан Иенің өздеріңе табыстаған елін иемденуге қашанға дейін немқұрайды қарайсыңдар?
4
Әр рудан маған үш-үштен адам тағайындап жіберіңдер! Мен оларды бүкіл елді аралап, үлестерге бөлу мақсатында сипаттап жазып алып келуге жұмсаймын. Содан соң олар маған қайтып келеді.
5
Олар елді жеті бөлікке бөлсін. Яһуда руы өзінің оңтүстіктегі жерінде, ал Жүсіптің үрім-бұтағы солтүстікте қала берсін.
6
Осылайша сендер елдің жеті бөлігін сипаттап жазғаннан кейін сол баяндаманы маған осында алып келіңдер. Мен мұнда Құдайымыз Жаратқан Иенің алдында сендер үшін жеребе тастаймын.
7
Ал араларыңда леуіліктерге арналған үлесті аймақ болмайды, себебі Жаратқан Иеге діни қызметті атқару оларға тиген үлес. Ғадтықтар, рубендіктер және Манаса руының жартысы Жаратқан Иенің қызметшісі Мұса үлестірген жерлерін Иордан өзенінің шығыс жағынан алды».
8
Сонымен Ешуа елді барлаушыларды жолға шығарғанда оларға нұсқау беріп былай деді: «Елді аралап, сипаттап жазып, маған келіңдер. Сонда мен осы Шилода Жаратқан Иенің алдында сендер үшін жеребе тастаймын».
Осылай Ешуа тапсырмасын берген соң, оларды жолға шығарып салды.
9
Жіберілген адамдар елді аралап шығып, жеті бөлік бойынша оның қалаларын тізімге тіркеп, Шилодағы қонысында тұрған Ешуаға қайтып келді.
10
Бұдан кейін Ешуа Жаратқан Иенің алдында Шилода жеребе тастап, исраилдіктерге рулары бойынша жерді үлестіріп берді.
Бунямин руының жер үлесі
11
Алғашқы жеребе Бунямин руына әулеттері бойынша түсті. Оларға Яһуда мен Жүсіп руларының арасындағы жер үлестірілді.
12
Буняминнің солтүстік шекарасы Иордан өзенінен басталып, Иерихонның маңындағы қыраттың солтүстік беткейінен өтіп, таулы аймақта батысқа қарай бет алып, Бет-Әбен маңындағы елсіз далаға келіп тіреледі.
13
Бұл жерден шекара оңтүстікке, Лұзға, яғни Бетелге, қарай бұрылып, Лұздың жанынан өтіп, Төменгі Бет-Хоронның оңтүстігіндегі төбеде орналасқан Атарот-Адарға қарай төмендейді.
14
Шекара Бет-Хоронның оңтүстігіндегі төбенің батыс жағымен оңтүстікке қарай ұласып, Яһуда руының бір қаласы — Кирият-Бағалға (демек, Кирият-Иғарымға) дейін жетеді. Бунямин руының жерінің батыс шекарасы осындай.
15
Шекараның оңтүстік жағы Кирият-Иғарымның сыртқы шегінен басталып, батысқа қарай Нептоғах су көзіне ұласып,
16
Рефаим аңғарының солтүстігіндегі Бен-Хенном аңғарының қарсысындағы төбенің етегіне қарай түседі. Содан шекара Бен-Хенном аңғарының бойымен төмендеп, Гибеядағы ебустіктердің (қаласының) оңтүстік беткейіне өтіп, Ен-Рогелге дейін төмендейді.
17
Бұдан кейін шекара солтүстікке қарай бұрылып, Ен-Шәмішке, одан Адумим асуының алдындағы Гелилотқа дейін созылып, «Боханның тасы» деген жерге жетеді. Бохан Рубеннің ұлы болатын.
18
Бұл жерден шекара Иорданның алқабының үстіндегі солтүстік беткеймен жүре отырып, Иорданның алқабына түседі.
19
Шекара Бет-Хоғыланың солтүстік етегімен ұласып, Өлі (яки Тұзды) теңіздің солтүстік шетінде, Иордан өзенінің Өлі теңізге құяр сағасында аяқталады. Бұл жер — Иордан өзенінің оңтүстік шеті. Бунямин руының оңтүстіктегі шекарасы, осындай.
20
Шығыстағы шекара — Иордан өзені.
Бунямин руына әулеттері бойынша үлестірілген мұралық жердің айнала шекаралары, міне, осылар.
21
Енді мыналар Бунямин руына әулеттері бойынша берілген қалалар: Иерихон, Бет-Хоғыла, Емек-Кесис,
22
Бет-Араба, Семараим, Бетел,
23
Ауим, Парах, Офра,
24
Кефар-Аммонай, Опни, Геба — он екі қала мен оларға қарасты елді мекендер,
25
Гибеон, Рамақ, Бегерот,
26
Миспа, Кефира, Моса,
27
Рекем, Ирпеил, Тарала,
28
Села, Елеф, Ебус, яғни Иерусалим, Гибея, Кирият — он төрт қала әрі оларға қарасты елді мекендер. Әулеттері бойынша Бунямин руына үлестірілген мұралық жер, міне, осы.