Ешуа
Жазба туралы мәлімет
Бұл жазбада Жаратқан Ие бірнеше ғасыр бұрын ата-бабалары Ыбырайым, Ысқақ, Жақыпқа уәде еткен елді исраилдіктердің қалай иемденіп алғандарының тарихы баяндалған.
Синай түбегіндегі иен даладан Иордан өзенінің шығыс жағына көшіп барған халық сонда шатырларын тігіп аялдады. Жасы ұлғайып, қайтыс болған Мұса пайғамбардың орнына Жаратқан Ие Нұн ұлы Ешуаны халықтың жетекшісі етіп тағайындаған болатын. Енді Құдай Тағала халыққа Иордан өзенінен өтіп, уәделі елге кіріп, оны иемденіп алуды бұйырды. Жаратқан Ие сонда халқына жар болып, оларға ғажап кереметтер арқылы көмектесті.
Содан Ешуа пайғамбар уәделі елді рулардың он біріне бөліп берді. Он екінші ру Леуіге жеке аймақ тимеді. Олар Жаратқан Иеге ерекше бағышталып, өзге рулардың арасында тұрып, діни қызметкерлер және көмекшілер ретінде қызмет атқаруға тиіс болды.
Жаратқан Ие Исраил халқына жергілікті халықтармен келісім жасасып, араласуға тыйым салған еді. Ол таңдап алған халқының Өзіне толығымен бағышталып, таза өмір сүрулерін қалады. Ал Қанаханда тұрып жатқан халықтар Алла Тағалаға мойынсұнбай, жалған тәңірлерге табынып, азғындыққа салынып өмір сүрді. Олардың кейбіреулері тіпті балаларын жалған тәңірлеріне арнап құрбан ететін! Сондықтан Құдай Тағала қанахандықтардың жасаған күнәларының көбейіп кеткені сонша, енді бұларға тоқтам салу қажет деп шешті.
Жалған тәңірлерден бас тартып, жалғыз Жаратқан Иеге қызмет еткен, осылай күнәлары кешіріліп, рақымға кенелген қанахандықтардың жарқын мысалы — Рахаб есімді әйел мен оның бүкіл отбасы.
Ешуа есімінің мағынасы «Жаратқан Ие — Құтқарушы» дегенді білдіреді. Дәл сол түбірден Иса есімі де шыққан. Құтқарушымыз Мәсіх Иса сол кезден шамамен он төрт ғасырдан кейін адамзатты күнәнің құлдығынан құтқару үшін осы дүниеге келді.