Жүніс  2
Пайғамбардың апаттан құтқарылып, Жаратқан Иені мадақтауы
1
а
Жаратқан Иенің бұйрығымен бір үлкен балық Жүністі жұтып қойды. Ол соның ішінде үш күн, үш түн бойы жатты.
2
Жүніс балық ішінен Құдай Иесіне сиынып былай деп мінажат етті:


3
«Қиын-қыстау кезімде, уа, Жаратқан Ием,
Саған сиындым, жауап бердің де Сен.
Сонда тұңғиықтың терең түкпірінен
Көмек сұрап саған жалбарынған ем,
ә
Шақырған даусыма құлақ салдың да Сен.


4
Мені тұңғиыққа, терең теңіздің
Түбіне Сен лақтырған едің,
Айналам түгел тек ағыстар болған,
Соққылап қарқынды толқындарыңның
Барлығы да өтті мына басымнан.
5
Былай деп те айтқан болатынмын:
Аластатылсам да көз алдыңнан,
Киелі үйіңе қарамақпын қайтадан.


6
Су басып, теңіз тартып құшағына
Қорқытты,
б
балдырлар оралып басыма.
7
Су асты, тау түбіне түсіп қалдым,
Сол жерге мәңгі қамалғандай болдым.
Бірақ Сен, Жаратқан Ие, Құдайым,
Жанымды тұңғиықтан алып қалдың.


8
Көңілім құлазып, үміт өшкенде,
Уа, Тәңір Ием, Сені алдым есіме,
Мінажатым құлағыңа жетті де
Сенің көктегі киелі үйіңде.


9
Жарамсыз да жалған тәңірлерге
Табынушылар безеді өздеріне
Рақым көрсетпек болған Құдайынан.
10
Ал мен Саған әнмен шүкірлік айтам,
Сый-тарту ұсынып, антымда тұрам.
Құтқарылу келеді тек Жаратқаннан!»


11
Мұнан кейін Жаратқан Иенің бұйрығы бойынша балық Жүністі жағалауға құсып тастады.

а  Кейбір аудармаларда бұл аят 1:17 болып берілген және осы тараудың кейінгі аяттары бір сан төмен.

ә  Немесе: Мен Жаратқан Иеге сиындым, Ол мінажатыма құлақ салды. Мен көрдің (яки о дүниенің) түбінен дауыстап шақырған едім.

б  Яки: Аузы-мұрнымнан кіріп, тұншықтырды.