Жоел пайғамбар
Жазба туралы мәлімет
Жоел пайғамбар Құдайдың атынан Оның таңдаған халқына болашақтағы жаза туралы ескертті. Құжынаған шегірткелер мен аңызақ желдің Яһуда елінің егістік жерлерін, жүзімдіктері мен бау-бақшаларын құртып жібергені сияқты, Жаратқан Иенің күнәкарларды жазалайтын «ұлы да қорқынышты күні» келе жатыр.
Хақ Тағала опасыз Яһуда халқын құртуға дайын. Пайғамбар оларды теріс жолдарынан Құдай Иеге қайтып келуге шақырады. Сонда Құдай өз халқын қайтадан жарылқап, олардың араларында тұратын болады (3:21). Жаратқан Ие сондай-ақ «өз Рухымды бүкіл адамзатқа төгемін» деп, ғажап та қорқынышты кереметтер жасайтынын алдын ала білдіреді. Ал «Жаратқан Иенің атын атап сиынған әркім құтқарылатын болады» (2:28,32).
Бірнеше ғасырдан кейін Петір елші Алғашқы өнім, яғни Елуінші күн, мейрамы кезінде Иерусалим халқына Жаратқан Иенің керемет істері туралы айтып түсіндіргенде осы аяттарды келтірді (Елш 2:17-21).