Әйүп  6
Әйүптің шеккен азаптарына бола шағымдануы
1
Бұған Әйүп былай деп жауап берді:
2
— Шегіп жүрген азабым өлшенсе ғой, бар қасіретім таразыға тартылса ғой!
3
Олар теңіздің құмынан да ауыр болар еді. Сөздерімнің ағат екендігі содан да.
4
Өйткені құдіреті шексіз Тәңірдің жебелері денеме қадалды, жаным солардың уын ішуде. Иә, Құдай мені әбден қорқытатын жайттарды өзіме қарсы даярлап қойды!
5
Құланның көк майса шөбі болса, азынай ақыра ма? Өгіздің жейтін пішені болса, қинала өкіре ме? (Ал мен мүшкіл жағдайымда дауыстап шағымданбаймын ба?)
6
Жұрт дәмсіз тамақты тұзсыз жей ме, әлде жұмыртқа ағының бір өзін ғана ұната ма?
7
Ондай тамақтан ауыз тигім келмейді, (жаңағы айтқан сөздерің де) мен үшін құстыратындай жиренішті!
8
Тілегім жүзеге асса екен, Құдай аңсағанымды берсе екен!
9
Құдай мені езіп тастаса ғой! Қолына ерік беріп, мені құртса ғой!
10
Сонда әлі де мынадан жұбаныш тауып, риза болар едім: Қатты ауырып жатсам да, Киелі Құдайдың сөздерінен еш бас тартқан емеспін!
11
Ал енді, менің үміттене күтетіндей күшім, әлде өміріме төзетіндей мақсатым бар ма?
12
Менде тастай қатты күш те, қоладай қатты дене де жоқ!
13
Рас, көмектесерлік еш қуатым жоқ, жетістік атаулы да менен алшақтап кетті.
Әйүптің үш досынан түңіліп, өз әділдігін қорғауы
14
Өмірден күдері үзілген адамға досы мейірім көрсетуі керек.
а
Ал сендер (мені айыптап) құдіреті шексіз Тәңірді қастерлемейсіңдер.
ә
15
Сөйтіп сендер де, уа, бауырларым, маусымдық өзендер секілді сенімсіз болып шықтыңдар.
16
Көктемде сол өзендер еріп жатқан қар мен мұзға толып, лайланып, асып-тасып, арналарынан шығады.
17
Бірақ қуаңшылық басталғанда, олардың суы азайып, ыстық кезде мүлдем тартылып қалады.
18
Сонда керуендер өз бағытынан бұрылып, сол өзендерді іздейді, бірақ шөлде лағып, құриды.
19
Темалық керуендер суды аңсап іздейді, Сәбаның саудагерлері де одан үміттенеді.
б
20
Су бар деп сеніп келген олар оны таппай абдырайды.
21
(Уа, жолдастарым,) мен үшін қазір сендер де сондай өзендер іспетті жарамсыз болып қалдыңдар! Қорқынышты азабымды көріп, зәрелерің ұшып кетті.
22
Ал сендерге: «Маған сый беріңдер» деп пе едім? Яки: «Өз байлықтарыңнан мен үшін төлем төлеңдер»,
23
әлде: «Мені жауымның қолынан арашалаңдаршы», немесе: «Жауыз дұшпанның қолынан құн төлеп құтқарып алыңдаршы» деп жалына сұрап па едім?


24
Енді маған тәлім беріңдер, сонда үндемеймін. Тура жолдан адасқан болсам, сонымды көрсетіңдерші!
25
Әрине, әділ сөздер адамның жанын сыздатады. Ал сендердің сын сөздерің нені дәлелдейді?
26
Менің сөздерімді жоққа шығарғыларың келе ме? Өмірден түңілген адамның сөздерін бос сандырақ деп санайсыңдар ма?
27
Өздерің тіпті жетімдер үшін жеребе тастап, оларды иеленіп, достарыңды саудаға салудан да тайынбас едіңдер, сірә.
28
Ал енді, маған назар салыңдаршы! Көздеріңе тура қарап тұрып өтірік айтпаймын ғой.
29
Қойыңдар енді, әділетсіз болмаңдар! Тоқтатыңдар, менің әділдігіме дақ түсірмеңдер!
в
30
Әлде аузымнан өтірік шықты ма?! Таңдайым жалғандықтың дәмін ажырата алмай ма?!

а  4:3-4; 19:21; Нқл 17:17.

ә  (Жыр 35:2-4) Немесе: мейірім көрсетуі керек. Әйтпесе ол құдіреті шексіз Алланы қастерлеуден бас тартар (15:4).

б  1:15; Иш 21:14; Ерм 25:23.

в  13:18; 23:10; 27:5-6; 43:3,5-6.