Әйүп 42
Әйүптің Жаратқан Иенің билігіне мойынсұнуы
1
Сонда Әйүп Жаратқан Иеге былай деп жауап берді:
2
— Сенің барлық нәрсені де істей алатыныңды енді білдім. Ешбір ниетіңді тоқтату мүмкін емес.
3
«Байыбына бармай сөйлеп, Менің данышпан шешімдеріме күмән келтіретін кім бұл өзі?!» — деп едің. Шынында да өзім түсінбейтін, білуіме тым керемет нәрселерді сөз қылыппын.
4
«Сен тыңда, Мен сөйлейін. Саған сұрақтар қояйын, ал сен түсіндіріп берші!» деген де едің.
5
Сен туралы бұрын өзгелерден естігенмін, ал енді Сені өз көкірек көзіммен көріп тұрмын.
6
Сондықтан бұрынғы айтқандарыма өкініп, қатты қайғырып күл-топырақта отырмын.
Жаратқан Иенің Әйүпті ақтап, үш досына ескерту жасауы
7
Жаратқан Ие Әйүпке арнаған сөздерін айтып болған соң, темандық Елипазға тіл қатып былай деді: «Мен өзіңе және осы екі досыңа қаһарланып отырмын, себебі сендер Өзім туралы қызметшім Әйүп сияқты дұрыс сөйлеген жоқсыңдар!
8
Сондықтан жеті жас бұқа мен жеті қошқарды қызметшім Әйүпке алып барып, оларды өздерің үшін түгелдей өртелетін құрбандыққа шалыңдар. Қызметшім Әйүп сендер үшін сиынады. Сонда Мен оның мінажатын қабылдаймын, әрі сендерге надан сөздеріңе бола тиісті жазаларыңды тартқызбаймын. Өйткені сендер Өзім туралы қызметшім Әйүп сияқты дұрыс сөйлеген жоқсыңдар».
9
Сонда үшеуі — темандық Елипаз, шуахтық Билдад және нағамалық Сопар Жаратқан Иенің айтқанын орындады. Әйүптің олар үшін еткен мінажатын Жаратқан Ие қабылдады.
Жаратқан Иенің Әйүпті қайтадан молынан жарылқауы
10
Әйүп достары үшін сиынғаннан кейін, Жаратқан Ие оның хал-жағдайын қайтадан қалпына келтірді. Тіпті оған мал-мүлікті бұрынғысынан екі есе мол қылып берді.
11
Әйүптің аға-інілері, апа-қарындастары және таныс-жақындарының бәрі үйіне келіп, дәм татып қонақ болды. Олардың барлығы Жаратқан Иенің Әйүптің басына салған азабы мен қиындығы үшін оған жұбаныш айтып, әрқайсысы бір-бір күміс теңге мен алтын жүзіктен сыйлады.
12
Жаратқан Ие Әйүптің өмірінің соңғы кезеңін алдыңғысынан бетер молынан жарылқады. Оның енді он төрт мың қой-ешкісі, алты мың түйесі, бір мың жұп өгізі мен бір мың есегі болды.
13
Әйүп тағы да жеті ұл мен үш қызға әке болды.
14
Бірінші қызына Емима, екіншісіне Кесия, үшіншісіне Керен-Хапух деген ат қойды.
15
Бүкіл елде Әйүптің қыздарындай сұлу әйел заты болмады. Әйүп оларға еншіні аға-інілерінікімен бірдей етіп бөліп берді.
16
Бұдан кейін Әйүп тағы жүз қырық жыл өмір сүріп, шөбере-шөпшектерінің қызығын көрді.
17
Осылай Әйүп мағыналы өмір сүріп, жасы ұлғайған шағында дүниеден өтті.