Әйүп 40
Жаратқан Иенің Әйүпке қойылған шектерді есіне салуы
1
Жаратқан Ие құйын ішінен Әйүпке тағы да тіл қатып былай деді:
2
— Беліңді нағыз ердей буып, дайын тұр! Мен саған сұрақ қояйын, ал сен түсіндіріп берші!
3
Менің әділдігіме күмән келтірмексің бе? Өзіңді ақтау үшін Мені қараламақсың ба?!
4
Сенде Құдайдың құдіретіндей құдірет бар ма? Даусыңды Ол сияқты күркірете аласың ба?
5
Ендеше ұлылық, даңқпен әшекейленіп, салтанат, абыройға бөленші!
6
Қаһарыңды төгіп, тәкаппар атаулыға көз салып, оларды жуасытып көр.
7
Барлық өркөкіректерге назарыңды бағыштап, оларды төмендетші, зұлымдарды тұрған жерлерінде табаныңмен тапташы.
8
Олардың бәрін топыраққа көміп, кебінге орап, жүздерін жауып көр.
9
Сонда сенің өз құдіретіңмен құтқарылғаныңды Мен де мойындайын.
Алып аңдардың мысалдары
10
Мен өзіңді жаратқанымдай жаратқан сусиырға көз салшы. Ол өгіз сияқты шөп жейді.
11
Оның белінің қуаты, құрсағындағы бұлшық еттерінің күші қандай!
12
Сол хайуан самырсын секілді мықты құйрығын шайқалтады, жамбасындағы сіңірлері бір-бірімен берік матасқан.
13
Аяқтары қола құбырдай, сүйектері темір бағанадай.
14
Сусиыр Құдай жаратқан мақұлықтардың ішіндегі ғаламаты, ал оның Жаратушысы оған айбат көрсете алады.
15
Қыраттар оған азық ұсынады, даланың аңдары да сол жерде ойнақтайды.
16
Сусиыр лотос бұталарының астында, мибатпақтағы қамыстың арасында тасаланып жатады.
17
Лотос жапырақтары оны көлеңкесімен жауып, өзен бойындағы талдар оны қоршап тұрады.
18
Өзен астан-кестен болса да, сусиыр абыржымайды. Иорданның тасыған толқындары аузына соғылса да, ол тыныш болады.
19
Оны байқатпай ұстап алып, танауын тесіп, оған мұрындық сала алатын біреу бар ма?
20
Әлде қолтырауынды қармақпен ұстап, тілін жіппен байлап-матауды оңай деп ойлайсың ба?
21
Сол зор аңның танауынан жіп өткізіп, жағына қармақ таға аласың ба?
22
Ол сенен рақым етуіңді жалына өтініп, саған жылы сөйлейтін бола ма?
23
Әлде саған жалдануға келісіп, сен оны өмірлік құлың ете аласың ба?
24
Қолтырауынды кішкене құс іспетті үй жануарың етіп, қыздарыңның онымен ойнауы үшін жіппен байлай аласың ба?
25
Сатып алушылар ол үшін саудаласа ма? Саудагерлер оны өзара бөлісіп ала ма?
26
Оның терісіне қармақтар, басына найза шаншып қоя аласың ба?
27
Қолыңды оған тигізіп көрші, кейін онымен күресу туралы ойдың өзінен қашатын боласың.