Әйүп 21
Әйүптің сұрағы: Ал неге зұлымдар жиі өсіп-өнеді?
1
Әйүп бұларға былай деп жауап қайырды:
2
— Айтарымды жақсылап тыңдаңдар, соның өзі мені жұбатқандарың болсын.
3
Аздап сабырлы болыңдар, мен сөйлейін. Айтып болайын, сосын келеке-мазақтарыңды жалғастыра берерсіңдер.
4
Ал менің шағымдануым адамға қарсы ма еді? Шыдамсыз болуымның да жөні бар.
5
Жағдайыма жақсылап қарасаңдар, шошып кетесіңдер. Аңтарылған ауыздарыңды жауып қойыңдар!
6
Мына жайт туралы ойласам, өзім абыржып, денем дірілдеп қоя береді:
7
Зұлымдар неге әлі де өмір сүріп, тіпті көп жасайды? Күш-қуаттары неліктен барған сайын өсе береді?
8
Балалары көз алдында ер жетіп, немерелерінің қызығын көреді.
9
Үй-жайлары қауіпсіз де алаңсыз, Құдайдың жазасы оларға төнбейді.
10
Ондайлардың малы төлді болып, төлдерінің біреуі де жоғалмайды.
11
Балаларын отардай еркін шығарып жіберіп, олар қозы-лақтай секеңдеп ойнап жүреді.
12
Жетіген мен даңғыраның әуеніне қосылып өлең айтады, сыбызғының әуенімен де көңіл көтереді.
13
Зұлымдар өмір бойы молшылықта болып, жер қойнына қиналмай-ақ аттанады.
14
Сонда да олар Құдайға: «Қасымыздан аулақ кетші! — дейді. — Тура жолың жайлы білгіміз келмейді!
15
Біз Оған қызмет ететіндей құдіреті шексіз Тәңір кім Өзі? Оған жалына сиынудан бізге не пайда?»
16
Біліп қойыңдар, олардың аман-есендіктері өз қолдарында емес қой! Ал мен зұлымдардың мұндай ойларынан аулақ жүремін.
17
Алайда зұлымдардың шырағы қашан мезгілінен бұрын сөнген еді? Қашан бастарына пәле түскен еді? Қашан Жасаған Ие оларға қаһарланып, қайғы-қасірет жіберген еді?
18
Ондайлар қашан жел қуған сабандай, не дауыл соғып, ұшырып әкеткен қабықтай болған еді?
19
«Әйтеуір Құдай адамның кінәсін сақтап қойып, оның жазасын тартқызады!» дейді емес пе? Одан да Құдай зұлымдардың өздерін жазаласын, сонда олар білетін болады!
20
Олар күйрегендерін өз көздерімен көрсін, құдіреті шексіз Тәңірдің қаһарына толығымен кенелсін!
21
Себебі өз ғұмырының күндері біткен соң, артында қалған ұрпағына не болса да, зұлымға бәрібір емес пе?!
22
Ал Құдайға біреу даналықты үйрете ала ма?! Ол тіпті ең жоғарғыларды да соттайды ғой!
23
Біреу мол дәулетке кенеліп бейқам өмір сүреді.
24
Тамағы тоқ, денсаулығы мықты болып, ақырында нағыз кемелді шағында о дүниеге аттанады.
25
Ал басқа біреу болса, еш игілік көрместен, бұ дүниеден көңілі қалып өтеді.
26
Ақырында солардың екеуі де жер қойнына еніп, екеуі де құртқа жем болады.
27
Міне, сендердің ойларыңды білемін. Айтқандарымды қулықпен жоққа шығарғыларың келеді ғой.
28
«Кәне, құламай аман тұрған сол зұлым билеушінің үйі және заңсыздардың мекені қайда екен?!» деп айтарсыңдар.
29
Көп жол жүретіндерден сұрамап па едіңдер? Олардың айтатын куәліктерін қабылдамап па едіңдер?
30
Пәле келген күні зұлым адам аман қалады, қаһар шүйілген күні оған құтылып кетуге жол ашылады.
31
Зұлымға не істеген ісін бетіне басып айтатын, не жаман ісінің қарымын қайтаратын ешкім жоқ.
32
Арсыздың мәйітін құрметпен қабірге қойып, қабір басында құрметті күзет тұрады.
33
Алдында да, артында да сансыз көп адам жүріп, оны соңғы сапарға шығарып салады. Аңғардағы қабірінде жайлы жатады.
34
Сонымен мені түкке тұрғысыз нәрселерді айтып жұбататындарың не? Берген жауаптарыңның бәрі де өтірік.