Әйүп  15
Елипаздың Әйүптің Құдайдың әділдігіне күдіктенгенін сынауы
1
Темандық Елипаз Әйүпке былай деп жауап берді:
2
— Дана адам байыбына бармай жауап бере ме, яки жел сөзге сене ме?
3
Әлде пайдасыз сөздермен айтысып, еш тиімсіз әңгімемен айналыса ма?
4
Ал сен осындай сөздеріңмен Құдайды қастерлеуден бас тартсаң, Оның қасында болып, ой толғап сиынуды кемсітесің.
5
Себебі өз кінәң аузыңа не айтуды нұсқайды. Алдамшының тілімен сөйлейсің.
6
Сені айыптап жатқан мен емес, өз сөздерің. Өз аузыңмен өзіңді әшкерелейсің.
7
Немене, сен ең алғаш болып туған адам ба едің? Құдай төбелерді жаратпай тұрып-ақ, сен қалыптастырылған ба едің?
8
Құдайдың арнайы кеңесіне
а
қатысып, тыңдап көріп пе едің? Даналық тек өз басыңда ғана бар ма?
9
Біз білмей, сен өзің ғана білетін не нәрсе ол? Немесе біз түсінбейтін нені түсінесің?
10
Жасы сенің әкеңнен де үлкен ақсақалдар бар арамызда.
11
Құдайдың жұбатуы саған аз ба? Оның айтқан жылы сөздері саған жетіспей ме?
12
Неліктен осыншама ақылыңнан адасып кеттің? Бізге несіне көзіңді аларта қарайсың?
13
Неге Құдайға қарсы шығып, аузыңнан осындай сөздерді шығарасың?
14
Адам пәк таза болушы ма еді? Әйелден туған пенде әділ бола ала ма?
ә
15
Құдай тіпті Өзіне бағышталған қасиетті қызметшілеріне де сенім артпайды. Аспан да Оның көз алдында таза емес.
16
Ендеше жексұрын да бұзылған, жамандықты «суды сіміргендей» оңай жасайтын
б
адам ше?
Зұлымдардың жазалануы еш шүбәсіз
17
Айтатын сөзімді тыңдашы, өзім көргенді саған айтып берейін.
18
Осы жайттар — даналардың айтқандары, олардың өз ата-бабаларынан естіп, жасырмай үйреткендері.
19
Осы жер оларға ғана берілген болатын. Сол кезде араларынан жат жұрттықтар кезіп өтпейтін.
20
Зұлым адам өмір бойы аурудан қиналып шығады. Жауыз адам қанша жыл өмір сүрсе, сонша жыл азап шегеді.
21
Олардың құлақтарына үрейлі дауыстар естіледі. Тыныштық кезінде-ақ оларға құртушы келіп шүйіледі.
22
Сондай адамның өзінің түнектен қайтатынына үміті үзілген. Оның көретіні — семсердің жүзінен болатын өлім.
23
Бар жерден: «Нан қайда екен?» деп іздейді. Бірақ өзін қара түнек басатын күннің келіп қалғанын да біледі.
24
Азап пен ауыртпалық зұлымды үрейлендіреді. Шайқасқа дайын тұрған патшадай сол екеуі оны басып алады.
25
Себебі зұлым адам Құдайға қарсы қолын көтереді, құдіреті шексіз Аллаға қарсы өзін күштімін деп бөседі.
26
Ол қалың қалқанмен қорғанғандай тоңмойындана Тәңірге қарсы жүгіріп бас салады.
27
Зұлымның бетін май басып, мықынына қоң жиналған.
28
Бірақ ақырында жауыз бен зұлым қаңырап бос қалған қалаларда тұрады. Олар тек қирап үйінді болған елсіз үйлерді ғана мекендей алады.
29
Сондай адам жинаған байлығынан ада қалады. Дәулеті көпке бармай, жерге де тамыр жаймайды.
30
Қара түнектен ол құтылмайды. Аптап ыстық оның өскіндерін оттай шарпып тастайды, Құдай жіберген дауыл оны іліп әкетеді.
в
31
Зұлым енді түкке тұрғысыз нәрсеге сеніп, өзін-өзі алдамасын! Себебі бұнысынан ештеңе де шықпайды.
32
Ол ағаш іспетті мерзімінен бұрын шабылып тасталады, бұтақтары енді қайтып көгермейді.
33
Зұлым жүзім бұтасы сияқты піспеген жемісін жерге түсіріп, зәйтүн ағашы секілді гүлдерін жерге шашып тастайды.
34
Өйткені арсыз зұлымдардың тобы еш жақсылық әкелмейді. Пара алғандардың мекендерін от жалмайды.
35
Олар шатақ ойластырып, зұлымдық жасайды, жан дүниелерінде алдау мен арбауды дайындайды.

а  1:6.

ә  4:17-19; 14:1,4; 25:4-6; Нқл 20:9; Уағ 7:20.

б  Яки: жамандыққа әбден бейім (20:12; 34:7; Нқл 19:28).

в  4:9.