Әйүп 14
Әйүптің пенденің қысқа да азапты өмірі жайлы шағынуы
1
Пенденің өмірі қып-қысқа, соның өзі де әбден мазасыз.
2
Адам гүл секілді өсіп шығып, солып қалады, өткінші көлеңкедей болған жерінде қала алмайды.
3
Мендей пендеге көз алмастан қарайсың ба? Жауап алу үшін мені өз алдыңа әкелуің керек пе?
4
Арам адамнан адал нәрсені кім шығара алады? Ешкім де!
5
Сен пенденің өмір сүретін күндері мен айларының санын есептеп белгіледің, содан ешкім де аса алмайтын шек те қойдың.
6
Ендеше назарыңды басқа жаққа аударып, пендені жайына қалдыра гөр. Жалшының жұмыс күнінің аяқталғанына қуанатынындай, пенде де өмірінің рақатын көріп шаттансын.
7
Тіпті ағаштың да үміті бар: оны кесіп тастаса да, ол қайтадан өркен жайып өсе бермек.
8
Жер астындағы тамырлары семіп қалса да, түбірі топырақта өлейін деп жатса да,
9
судың лебінен-ақ ол қайтадан бүршік атып, жас өскіндей бұтақ жайып шыға келеді.
10
Бірақ мықты деген адам да өлгенде бар күшінен айырылады. Ақырғы демін шығарғаннан кейін ол қайда болады?
11
Көлдің суы тартылып, өзеннің арнасы кеуіп жарылып кететініндей,
12
адам да қабірде жатқанда қайта тұрмайды. Аспан жоғалып кетпейінше ол оянбайды да, ұйқыда қозғалмастан жата береді.
Әйүптің орнын басып азабынан құтқаратын біреуді аңсауы
13
Мені о дүниеде аман-есен жасырып қойсаң екен! Қаһарың басылғанша мені тыға тұрсаң ғой! Мен үшін бір уақытты белгілеп, содан соң есіңе алып, мені құтқарсаң, шіркін!
14
Адам өлген соң, қайтадан тіріле ме? Олай болса, мен бейнетке толы қызметімнің бар күндерінде өз орнымды басып азабымнан құтқаратын біреудің келуін зарыға күтер едім.
15
Сонда Сен Өзің жаратқан мені қайтадан көргің келген кезіңде шақырып, мен Саған жауап берер едім.
16
Сен қазір әр қадамымды санап келсең де, енді қайтып маған күнә жасай ма екен деп мұқият бақыламас едің.
17
Қайта, Сен теріс қылықтарымды дорбаға салып, мөрлеп, барлық күнәларымды әкпен ағартқандай жауып тастар едің.
Пенденің өлімнен қорқуы жайлы толғаныстар
18
Бірақ қазір тау да үгіліп қирап, жартас та өз орнынан қозғалатындай,
19
судың тасты мүжіп, тасқын судың жердің топырағын шайып әкететініндей, Сен де пенденің үмітін құртасың.
20
Сен пендеден біржола басым болып, ол кетіп қалады. Ажалмен оның сиқын бұзып, оны бұ дүниеден қайтарып жібересің.
21
Бұдан былай балалары абыройлы ма, ол содан хабарсыз, әлде олар елеусіз бе, оны да біле алмайды.
22
Пенде тек өз денесінің қиналғанын сезіп, өз жаны үшін қайғырады.