Жохан  7
Туған інілерінің Исаны түсінбеуі
1
Содан кейін Иса Ғалилея аймағын аралап жүрді. Яһуди басшылары Оны өлтірмекші болған соң,
а
Иса Яһудея аймағын аралағысы келмеді.
2
Бұл — яһуди халқының Күркелер мейрамының
ә
қарсаңы еді.
3
Сонда Исаның туған інілері Оған:
— Яһудеяға бара бер, сол жердегі шәкірттерің де Сенің кереметтеріңді көрсін.
4
Халықтың көзіне түскісі келген кісі істерін жасырмайды. Сен осындай кереметтер істедің, енді Өзіңді әлемге таныт, — деді.
5
Себебі өз інілері Оған сенбейтін.
6
Сонда Иса оларға былай деді:
— Өзімді халыққа танытатын уақытым әлі келген жоқ; ал сендер үшін қай мезгіл болса да дер кез.
7
Осы күнәкар дүние сендерді жек көре алмайды. Ал ол Мені жек көреді, өйткені Мен оның істерінің жаман екенін әшкерелеп жүрмін.
8
Сендер мейрамға бара беріңдер! Мен қазір бұл мейрамға бармаймын. Өзімді танытатын уақытым әлі келген жоқ. —
9
Иса осылай деп, Ғалилеяда қалып қойды.
Исаның Күркелер мейрамындағы тәлімі
10
Інілері мейрамға кеткен соң, халық көзінен тасаланып Иса да жолға шықты.
11
Яһуди басшылары: «Ол қайда?» — деп, Оны мерекеде іздеп жүрді.
12
Келген жұрт Ол туралы көп күңкіл сөз айтып жатты. Біреулері: «Ол жақсы», — десе, басқалары: «Жоқ, халықты азғырып жүр», — деді.
13
Бірақ яһуди басшыларынан қорыққандықтан, ешкім Ол туралы ашық айтпады.
14
Мейрамның жартысы өткен кезде Иса ғибадатхананың ауласына барып, жұртқа тәлім берді.
15
Яһуди діндарлары таңғалып:
— Арнайы дайындықсыз Мынау Киелі жазбаларды қалай түсіне алады? — деді.
16
Иса оларға былай деп жауап берді:
— Ілімім Менікі емес, Мені Жібергендікі.
б
17
Соның еркін орындағысы келген әркім осы ілім Құдайдан ба, әлде Мен өз бетіммен сөйлеп тұрмын ба, соны білетін болады.
18
Өз бетімен сөйлеген әркім өзінің ғана беделін ойлайды. Ал Өзін Жібергеннің беделін ойлаған Кісіге сенуге болады, Оның ойында әділетсіздік жоқ.
19
Сендерге Мұса пайғамбар Таурат заңын бермеп пе еді? Шындығында бірде-біреуің сол заңға бағынбайсыңдар. Әйтпесе неге Мені өлтірмексіңдер? —
20
Жұрт Оған:
— Жын соқты ма? Кім Сені өлтірмек? — деп қарсылық білдірді.
21
Иса оларға былай деп жауап берді:
— Мен (демалыс күні) бір керемет іс жасадым, ал бәрің соған абыржулысыңдар.
в
22
Мұса сүндеттеуді бұйырды. Расында бұл рәсім Мұсадан емес, одан бұрынғы ата-бабаларымыздан қалған. Сендер бұйрыққа сай балаларыңды туғаннан кейінгі сегізінші күні, демалыс күні болса да, сүндеттей бересіңдер.
г
23
Сонымен Мұсаның заңы бұзылмасын деп, балалар демалыс күні де сүндеттеліп келеді. Ендеше біреуді демалыс күні ауруынан құлантаза сауықтырғаным үшін қалайша Маған ашуланасыңдар?
ғ
24
Сырт көрінісіне ғана қарамай, әділ шешіңдер!
Иса — Құдай уәде еткен Құтқарушы Мәсіх пе?
25
Сонда бірнеше иерусалимдік тұрғындар былай деді:
— Басшылар өлтіреміз деп жүрген кісі Осы емес пе?
26
Қараңдар, Ол емін-еркін де ашық сөйлейді, ал Оған ештеңе демейді. Сонда Оның Мәсіх екеніне басшылардың көздері шынымен жеткені ме?
27
Мәсіх келгенде, Оның қай жақтан шығатынын ешкім білмейді.
д
Ал Мынаның қай жерлік екенін білеміз ғой.
е
28
Сол кезде ғибадатханада тәлім беріп отырған Иса қатты дауыспен:
— Менің кім екенімді, қайдан шыққанымды білесіңдер ме? Мен өз бетіммен келген жоқпын. Бірақ Мені жіберген — сендер білмейтін Ақиқаттың Өзі.
ж
29
Ал Мен Оны білемін, себебі Содан келдім, Мені Сол жіберді, — деді.
30
Содан біреулер Оны тұтқындамақ болды, бірақ Оған қарсы ешқайсысы қол көтермеді. Өйткені Исаның өз жанын қиятын уақыты әлі жетпеген еді.
31
Ал халықтың көбі: «Құтқарушы Мәсіх келгенде, Ол Бұдан артық кереметтер көрсетер деймісің?» — деп, Исаға сене бастады.


32
Халық арасында осындай күңкіл болғаны парызшылдардың құлағына жетті. Сонда басты діни қызметкерлер мен парызшылдар Исаны тұтқындауға сақшыларын жіберді.
33
Ал Иса оларға:
— Тағы біразырақ уақыт араларыңда боламын, содан кейін Өзімді Жібергенге қайта ораламын.
з
34
Мені іздесеңдер де, таба алмайтын боласыңдар. Себебі Мен болатын жерге сендер бара алмайсыңдар, — деді.
35
Сонда яһуди діндарлары өзара былай десті:
— Біз Оны таба алмайтындай Бұл қайда бармақшы? Шетелге тарап кеткен яһудилерге барып, басқа ұлттарға
и
да тәлім бермекші ме?
36
Оның «Мені іздесеңдер де, таба алмайтын боласыңдар» және «Мен болатын жерге сендер бара алмайсыңдар» дегені не сөз?
Қайнаған қызық жаңа өмір
37
Мейрам соңындағы ең ұлы күні
к
Иса ел алдында тұрып:
— Кімнің жаны шөлдесе, сол Маған келіп, «ішсін»!
38
Кім Маған сенсе, (келіп, шөлін қандырып су ішсін!) Киелі жазбаларда бұл туралы мына тәрізді сөздер айтылған: оның жүрегінен өмір беретін «су» тасқындап ағады,
қ
— деді.
39
Иса бұларды Киелі Рух туралы айтты; Оны Исаға сенгендер кейінірек қабылдады. Құдай Исаның ұлылығын адамдарға әлі білдірмегендіктен, Өзінің Киелі Рухын сенушілерге әлі де қондырмаған еді.
л
40
Исаның сөзін естіген кейбіреулер:
— Шынында да Бұл — келуге тиісті Пайғамбар!
м
— деді.
41
Басқалары:
— Ол — Құтқарушы Патшамыз Мәсіх! — дегенді айтты. Енді біреулері:
— Ал Мәсіх Ғалилея аймағынан келуші ме еді?
42
Киелі жазбаларда Мәсіх Дәуіт патшаның әулетінен, оның атамекені Бетлехемнен шығады
н
делінген емес пе? — деп күмән келтірді.
43
Осылай ел арасында Иса туралы араздық туды.
44
Бірнешеуі Оны тұтқындамақ болды, бірақ ешқайсысы Оған қарсы қол көтермеді.
Яһуди басшыларының Исаға сенуден бас тартуы
45
Исаны тұтқындауға жіберілген сақшылар
о
қайта оралғанда басты діни қызметкерлер және парызшылдар олардан:
— Неге Оны алып келмедіңдер? — деп сұрады.
46
Сақшылар:
— Бірде-бір адам Ол сияқты сөйлеген емес! — деді.
47
Сонда парызшылдар:
— Ол сендерді де алдап кеткен бе?!
48
Басшылар мен парызшылдардың арасында Оған сенетін біреудің болғаны ма?!
49
Оған Таурат заңын білмейтін, қарғыс атқан қара халық қана сенеді! — деп зекіді.
50
Парызшылдардың біреуі — бірде түн ішінде Исаға келіп кеткен Нікөдем
ө
де сол жерде болды. Ол басқаларға қарсы шығып:
51
— Таурат заңымыз бойынша біреуден жауап алып тексермей, оған үкім шығаруға бола ма? — деді.
п
52
Олар Нікөдемге:
— Сен де ғалилеялық шығарсың? Киелі жазбаларды зерттеп шық: Ғалилеядан пайғамбар шықпайды, соны біліп қой! — деді.
53
Мұнан кейін жиналыс аяқталып, бәрі өз үйлеріне кетті.

а  15:16,18; 7:13,25; Мар 3:6.

ә  Немесе: Шыбық күркелер мейрамының (Леу 23:34; Зәк 14:16).

б  (3:32-35; 4:34; 8:26; 12:50; 17:8) Ілімім: яки Тәлімім.

в  5:6-11,16.

г  Жар 17:9-12; Мыс 12:48-49; Леу 12:3.

ғ  5:16; Мат 12:5,9-14; Лұқ 6:6-11.

д  Яһудилердің бірқатары Мәсіхтің қай жақтан шығатыны Көне Келісімде алдын ала айтылған деп сенетін (7:42; Мат 2:4-6), ал басқалары мұны жоққа шығаратын.

е  Осы адамдар Иса Назаретте кәдімгі адам сияқты дүниеге келді деген қате пікірде болды (6:42; Мар 6:3).

ж  Яки: сендер білмейтін Хақ (Тағала) (8:26,42).

з  8:21; 12:35; 13:33; 16:5,16,19-20.

и  Яки: грекше сөйлейтін басқа ұлттық адамдарға (эллиндерге) (12:20).

к  Жеті күндік Күркелер мейрамының әр күні діни қызметкер қайнардан су алып, ғибадатхана ауласына шашып, жұртпен бірге Құдайдан жауын тілейтін.

қ  Иш 44:3; 55:1; 58:11; Жох 4:10,14; Ерм 2:13.

л  20:21; Елш 1:8; 2:3-4.

м  1:21; сол аятқа берілген түсініктемені де қараңыз.

н  Бетлехем қаласы Яһудея аймағында орналасқан еді (Пат1 16:1,13; 17:12; Пат2 7:12-14,16; Мат 2:4-6).

о  7:32.

ө  3:1-16.

п  Заң 19:15.