Жохан 5
Исаның Бетездадағы науқасты сауықтыруы
1
Біраз уақыттан кейін яһудилердің тағы бір мейрамы болып, Иса соған қатысу үшін Иерусалимге өрлеп барды.
2
Иерусалимнің Қой қақпасының қасында еврейше Бетезда деп аталатын тоған бар. Соның төңірегіне бағаналы бес ғимарат салынған.
3
Оларда соқырлар, ақсақтар, сал болып ауырғандар, тағы басқа көптеген науқастар жататын. (Бұлар судың шайқалғанын күтетін.
4
Себебі Тәңір Ие жіберген бір періште анда-санда тоғанға түсіп, суды шайқайтын. Мұнан кейін алғаш шомылған адам қандай ауруы болса да, жазылып кетеді екен.)
5
Бұл жерде отыз сегіз жылдан бері науқас бір кісі бар еді.
6
Иса оның жатқанын көріп, көптен ауру екенін білді. Содан Ол сол адамға:
— Сауыққың келе ме? — деп тіл қатты.
7
Науқас:
— Мырза, мені су қозғалғанда тоғанға түсіретін адамым жоқ. Ал мен жеткенше, басқа біреу менен бұрын түсіп қояды, — деп жауап берді. Иса:
8
— Орныңнан тұрып, төсенішіңді жинап ал да, жүре бер, — деді.
9
Әлгі кісі сол сәтте-ақ ауруынан сауығып, төсенішін жинап алды да, жүріп кетті!
Яһуди басшыларының Исаға жауыздықпен қарсы шыға бастауы
Бұл оқиға (яһудилердің демалысы) сенбі күні болған еді.
10
Сондықтан яһуди басшылары сауыққан адамға:
— Демалыс күні емес пе? Төсенішіңді көтеріп жүргенің не? Бүгін жұмыс істеуге болмайды ғой! — деп ескертті. Ол:
11
— Мені сауықтырған Адам: «Төсенішіңді жинап ал да, жүре бер» деген еді, — деп жауап қатты.
12
— «Төсенішіңді жинап ал да, жүре бер» деген Ол кім Өзі? — деді олар.
13
Ал сауыққан кісі Оның кім екенін білген жоқ. Өйткені сол жерде халық көп болғандықтан, Иса ешкімге білдірмей кетіп қалған еді.
14
Кейін Иса әлгі кісіні ғибадатханада жолықтырып: «Енді сен ауруыңнан сауықтың. Бұрынғыдан да жаман болғың келмесе, бұдан былай күнә жасаушы болма!» — деді.
15
Әлгі кісі яһуди басшыларына барып, өзін Исаның сауықтырғанын айтты.
16
Иса мұны діни демалыс күні жасағандықтан, бұлар Оған қысым көрсете бастады.
17
Бірақ Иса оларға: «Әкем еңбектен қол үзбейді, сондықтан Мен де үздіксіз еңбек етемін», — деді.
18
Бұдан кейін яһуди басшылары Исаға бұрынғыдан бетер қарсы шығып, Оны өлтірмекші болды. Себебі Ол солардың демалыс күні туралы ережелерін ғана бұзған жоқ, сонымен қатар «Құдай — рухани Әкем» деп, Өзін Құдаймен теңестірді.
Құдайдың рухани Ұлының билігі
19
Иса оларға былай деп жауап берді:
— Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: Әкесінің істегенін көрмесе, Оның рухани Ұлы өздігінен ештеңе істей алмайды. Өйткені Әкесінің жасап жатқанын Ол да дәл солай жасайды.
20
Әкесі Оны сүйеді, сондықтан Өзі істегенінің бәрін Оған көрсетеді; Әкесі сендер таңғалатындай бұдан да зор кереметтерді әлі де көрсететін болады.
21
Себебі Әкесінің өлгендерді тірілтіп жан беретініндей, Ұлы да Өзінің қалағандарын тірілтеді.
22
Әкенің Өзі ешкімді соттамай, барлық сотты Оған тапсырған.
23
Осылайша бәрі Әкені қалай қадірлесе, Ұлын да солай қадірлесін. Ал кімде-кім Ұлын құрметтемесе, Оны жіберген Әкесін де құрметтемейді.
24
Сендерге тағы бір маңызды шындықты айтайын: кімде-кім айтқан сөздеріме құлақ асып, Мені Жібергенге сенсе, сол мәңгілік өмірге ие. Ол қиямет сотына тартылмайды, керісінше, рухани өлімнен шынайы өмірге өтті.
25
Сендерге тағы бір өте маңызды шындықты айтып тұрмын: рухани өлілер Құдайдың рухани Ұлының даусын естіп, Оған сенетін уақыт болады, тіпті сол уақыт келді де. Сонда Оның даусына құлақ салғандар тіріледі.
26
Себебі Әкенің Өзі өмірдің бастауы екеніндей, Ұлына да өмірдің бастауы болуды сыйлады.
27
Ол көктен келген Билеуші болғандықтан, Әкесі Оған қиямет сотын жүргізу билігін де тапсырған.
28
Бұған таңданбаңдар, өйткені қабірдегілердің бәрі Құдайдың рухани Ұлының даусын еститін уақыт болады.
29
Сонда өлгендер қабірден шығады: жақсылық жасағандары мәңгі өмір сүру үшін, ал жамандық жасағандары сотталу үшін тіріледі.
30
Мен өздігімнен ештеңе істей алмаймын. Әкемнен естігенім бойынша соттаймын. Менің сотым әділ, өйткені өз еркімді емес, Мені жіберген Әкемнің еркін орындаймын.
Исаның шынайы болмысы туралы айғақтар
31
Егер Мен Өзіме-Өзім куә болсам, онда куәлігім жеткіліксіз болар еді.
32
Маған куәгер болатын басқа Біреу бар, Оның куәлігінің шындық екенін білемін.
33
Рас, сендер Жақияға өкілдеріңді жібердіңдер, ол Мен жөніндегі шындықтың куәсі болды.
34
Өзім туралы адамның куәлігін қажет етпесем де, мұны сендер құтқарылсын деп айтып тұрмын.
35
Жақия айналасын рухани нұрландырып, жанып тұрған шырақ іспетті еді. Ал сендер біраз уақыт оның нұрында шаттанғыларың ғана келді.
36
Алайда Менің Жақия берген куәліктен де үлкенірек куәлігім бар: Әкем Маған орындауға тапсырған, Мен істеп жүрген игі істерім Мені Соның жібергендігіне айғақ.
37
Мені жіберген Әкемнің Өзі де Мен туралы куәлік етті. Бірақ сендер ешқашан Әкемнің даусын естіп, бейнесін көрген емессіңдер.
38
Оның сөзі де жүректеріңнен орын алған емес, себебі Әкем жіберген Маған сенбейсіңдер.
39
Рас, сендер Киелі жазбаларды зерттеп, солар арқылы мәңгілік өмірге ие боламыз деп ойлайсыңдар. Ал олар Мен туралы куәлік етеді ғой!
40
Алайда сендер шынайы өмірге ие болу үшін Маған келуден бас тартасыңдар.
41
Мен адамдардан құрмет күтпеймін;
42
бірақ жүректеріңде Құдайға деген сүйіспеншіліктің жоқ екенін білемін.
43
Әкемнің атынан келсем де, Мені қабылдамайсыңдар. Ал басқа біреу өз атынан келгенде, сендер оны қабылдайтын боласыңдар.
44
Бір-біріңнен құрмет күтіп, жалғыз Құдайдан болатын шынайы құрметті іздемей жүресіңдер. Сонда сендер Менің Құдайдан келгеніме қалайша сене аласыңдар?
45
Мен сендерді Әкемнің алдында айыптайды деп ойлап қалмаңдар. Айыптаушы бар: ол — сендер үміт артып жүрген Мұса пайғамбар.
46
Егер де шынымен Мұсаға сенсеңдер, онда Маған да сенер едіңдер, өйткені ол Мен туралы жазып кеткен.
47
Алайда Мұсаның жазбаларына шындап сенбейсіңдер, ендеше Менің сөздеріме қалай сене аласыңдар?