Жохан 4
Құдайға сиыну туралы самариялық әйелмен әңгіме
1
Иса Жақиядан гөрі көбірек шәкірттер тауып, шомылдыру рәсімінен өткізіп жатыр деген хабар парызшылдарға жетті.
2
Шынында оны істеп жүрген Исаның Өзі емес, шәкірттері еді.
3
Сондай хабардың парызшылдарға жеткенін білген Иеміз Иса Яһудея аймағынан Ғалилеяға қайта оралды.
4
Құдайдың еркімен Иса Самария аймағы арқылы жол жүруге тиісті болды.
5
Осылай Ол Самариядағы Сихар қаласына келді. Бұл қала (ежелде Исраил халқының түп атасы) Жақыптың өз ұлы Жүсіпке мұра етіп қалдырған жеріне жақын орналасқан.
6
Сол жерде «Жақыптың құдығы» бар еді. Жол жүріп шаршаған Иса құдықтың қасына отыра кетті. Түс мезгілі болатын,
7-8
ал шәкірттері қалаға тамақ алуға кеткен еді. Сол кезде құдықтан су алу үшін самариялық бір әйел келді. Иса одан:
— Маған ішетін су берші, — деп сұрады.
9
Самариялық әйел таңғалды. Себебі яһудилер (діни сенім бойынша арамданбау үшін) самариялықтармен араласпайды. Сондықтан әйел:
— Өзің яһуди бола тұра, қалайша менен, самариялық әйелден, су сұрайсың? — деген сауал қойды.
10
Иса:
— Егер Құдайдың өзіңе не сыйлағысы келгенін және су сұраған Адамның кім екенін білсең, сен Оның Өзінен су сұрар едің. Сонда Ол саған «өмір суын» берер еді, — деп жауап қатты.
11
— Мырза, құдықтан су алатын Сіздің ыдысыңыз жоқ, ал құдық терең ғой. Онда сол өмір суын қайдан аласыз?
12
Мына құдықты қалдырған арғы атамыз Жақыптан да ұлысыз ба? Өзі де, балалары да, малы да одан су ішкен, — деді әйел.
13
Иса оған былай деді:
— Мына судан ішкен адам тағы шөлдейді.
14
Ал кімде-кім Мен беретін «судан» ішсе, ол мәңгі бақи шөлдемейтін болады. Мен беретін «су» оның ішінде мәңгілік өмір сыйлайтын, бұрқылдап жатқан «қайнарға» айналады. —
15
Сонда әйел:
— Мырза, бұдан былай шөлдеп, су алуға мұнда келе бермеуім үшін маған осы судан беріңізші! — деп өтінді.
16
Иса оған:
— Барып, күйеуіңді шақыр, өзің де кел! — деді.
17
— Менің күйеуім жоқ, — деді әйел. Ал Иса оған:
— Күйеуім жоқ деп шыныңды айттың.
18
Бес рет күйеуге шыққансың, ал қазіргің күйеуің емес. Мұны дұрыс айттың, — деп жауап берді.
19
Сонда әйел:
— Мырза, Сіздің пайғамбар екеніңізге көзім жетіп тұр!
20
Ал енді, біздің ата-бабаларымыз Тәңір Иеге мына таудың басында сиынып мінажат еткен, ал сіздер сиынатын орын Иерусалимде болуға тиіс дейсіздер, қайсысы дұрыс? — деп сұрады.
21
Иса оған былай деді:
— Айтқаныма илан: көктегі Әкеге не осы таудың басында, не Иерусалимде сиынбайтын замандарың келе жатыр.
22
Сендер өздерің білмейтін Біреуге табынып келесіңдер, ал біз Кімге ғибадат етіп жүргенімізді білеміз, өйткені Құдай яһудилер арқылы адамзатты құтқармақ.
23
Нағыз сиынушылардың Құдайдың Рухына кенеліп, Әкеге шындап мойынсұнып сиынатын уақыты болады, ол тіпті жетіп те қалды: Әке Өзіне осылай мойынсұнып сиынушыларды қалайды.
24
Құдайдың Өзі — Рух. Сондықтан Оған сиынатындар Оның Рухына кенеліп, шындықпен сиынуға тиіс. —
25
Сонда әйел:
— Мәсіх деген Құтқарушы Патшамыздың келетінін білемін. Ол келгенде бізге бәрін ашық айтып береді, — деді.
26
Иса:
— Сенімен сөйлесіп тұрған Мен Соның Өзімін, — деп әйелге жауап берді.
Пісіп тұрған егін туралы астарлы сөз
27
Сол арада шәкірттері қайтып келіп, Исаның бір әйелмен сөйлесіп отырғанына таңғалды. Бірақ ешқайсысы «Одан нені сұрайсыз?» немесе «Онымен неге сөйлесесіз?» деп сұраған жоқ.
28
Әйел су алатын ыдысын қоя салып, қалаға қайта оралды да, жұртқа:
29
«Жүріңдер, менің құпия іс-әрекеттерімнің бәрін дәл айтып берген Кісіні көріңдер! Ол Құдай жіберген Мәсіх емес пе екен?» — деді.
30
Сонда жұрт қаладан шығып, Исаға қарай бет алды.
31
Осы екі арада шәкірттері:
— Ұстаз, тамақ ішіп алыңыз, — деп өтінді.
32
Ал Иса:
— Менің сендер білмейтін «тамағым» бар, — деді.
33
Шәкірттері:
— Оған біреу тамақ әкеп берген бе? — десті.
34
Иса оларға астарлап былай деді:
— Өзімді Жібергеннің еркін іске асырып, Оның тапсырғанын толық орындау Маған «нәр» болады.
35
Сендер «төрт айдан кейін егін орамыз» дейсіңдер. Ал Мен сендерге былай деймін: көздеріңді ашып, егіндіктерге қараңдар, олар жинауға дайын пісіп тұр.
36
Қазір-ақ орушылар жалақыларын алып, мәңгілік өмірге арналған өнімді жинап жатыр. Осылай егінді еккен де, жинаған да бірге қуанады.
37
«Біреу еккенді біреу орады» деген мақал осы жағдайда рас болып тұр.
38
Мен сендерді Маған адам әкелу үшін өздерің еңбек етпеген жерге жұмсадым. Басқалар жұмыс істеді, ал олардың еңбегінің жемісін сендер көріп жатырсыңдар.
39
Сол қаладағы самариялықтардың көпшілігі әлгі әйелдің «Ол менің құпия іс-әрекеттерімнің бәрін дәл айтып берді» деп куәлік еткен сөзі арқылы Исаға сене бастаған еді.
40
Сондықтан олар Исаның қасына келгенде, Оның өздерімен бірге қалуын өтінді. Содан Иса екі күн осы жерде болды.
41
Оның сөзін естігенде, тағы көбірек кісілер Исаға сенді. Олар әйелге:
42
— Біз енді тек сенің айтқаның бойынша сеніп қоймай, Оның сөзін өзіміз естіп, шынында дүниені Құтқарушы Осы екеніне көз жеткіздік, — деді.
Патша қызметкерінің баласының кереметпен сауықтырылуы
43
Екі күннен кейін Иса сол жерден әрі қарай Ғалилеяға кетті.
44
Ал Оның Өзі: «Өз елінде пайғамбардың қадірі болмас», — деп ашық айтқан еді.
45
Бірақ Иса Ғалилеяға келгенде, ғалилеялықтар Оны жылы қабылдады. Өйткені олар да Иерусалимдегі Құтқарылу мейрамына барып, Исаның істеген барлық кереметтерін көрген еді.
46
Осылай Иса үйлену тойында суды шарапқа айналдырған Ғалилеядағы Қана қаласына тағы да келді. Сол кезде Қапарнаумда патшаның бір қызметкері болды, оның ұлы ауырып жатты.
47
Қызметкер Исаның Яһудея аймағынан Ғалилеяға келгенін естіп, Оған барды да:
— Келіп, баламды сауықтырып берсеңіз екен! Ол өлім аузында жатыр, — деп өтінді.
48
Иса:
— Құдіретімді дәлелдейтін кереметтерімді көрмесеңдер, сендер еш сенбейсіңдер, — деді.
49
Ал баланың әкесі Оған:
— Мырза, ұлым өлмей тұрғанда келіңізші! — деп жалбарынды.
50
Сонда Иса:
— Үйіңе бара бер, балаң аман-сау! — деді. Қызметкер Исаның айтқан сөзіне сеніп, кетіп қалды.
51
Келесі күні жолшыбай оның қызметшілері кездесіп:
— Балаңыз аман-сау, — деді.
52
Сонда ол қызметшілерінен баласының жағдайы қай сәтте жақсарғанын сұрады. Олар:
— Кеше түс кезінде сағат бірде ыстығы қайтты, — деді.
53
Сонда әкесі Исаның өзіне «балаң аман-сау» деген кезі дәл сол сәтте болғанын біліп, үй ішімен Исаға сенді.
54
Осылай Иса Яһудея аймағынан Ғалилеяға келгеннен кейін екінші рет керемет іс жасап, Өзінің құдіретін танытты.