Жохан  20
Мәсіх қайта тірілді!
1
Жексенбі күні
а
әлі қараңғы болған кезде мағдалалық Мәриям (жартастан үңгіп жасалған) қабірге келді. Сонда ол қабірдің аузын бекіткен дәу қақпақ тастың орнынан алынып тасталғанын көрді.
ә
2
Содан Мәриям Шимон Петірге және Исаның жақсы көрген шәкіртіне
б
жүгіріп барып, оларға: «Біреулер Мырзамызды қабірден алып кетіпті! Оны қай жерге қойғанын білмейміз!»
в
— деді.
3
Петір мен әлгі шәкірт дереу қаладан шығып, қабірге қарай беттеді.
4
Екеуі бірге жүгіре жөнелді, бірақ сол шәкірт Петірден жылдамырақ жүгіріп, үңгірдегі қабірге алдымен жетті.
5
Ол еңкейіп қарап, бәтес орауыштың
г
жатқанын көрді, бірақ қабірдің ішіне кірмеді.
6
Сол сәтте оның соңын ала Шимон Петір де келіп, қабірге кірді.
7
Ол да бәтес орауыш пен Исаның беті бүркелген сүлгінің жатқанын көрді. Сүлгі бәтес орауышпен бірге емес, бүктелген күйі бөлек жатыр екен.
8
Сонда бірінші болып келген әлгі шәкірт
ғ
те қабірге кірді. Ол да соны көріп, Исаның тірілгеніне сенді.
9
Сол кезде олар Исаның Киелі жазбаларға сай өлімнен қайта тірілуге тиіс екендігін
д
әлі де түсінбейтін.
10
Содан кейін екі шәкірт өздері тұрып жатқан үйге қайта оралды.
Қайта тірілген Мәсіхтің мағдалалық Мәриямға көрінуі
11
Ал Мәриям үңгірдің алдында жылап тұрды. Жылап тұрған ол қабірдің ішіне еңкейіп қарағанда,
12
ақ киімді екі періштенің отырғанын көрді. Біреуі Исаның мәйіті қойылған жердің бас жағында, екіншісі аяқ жағында отыр екен.
13
Періштелер Мәриямға:
— Қарындас, неге жылап тұрсың? — деп тіл қатты. Ол:
— Біреулер Мырзамды алып кетіпті! Оны қай жерге қойғанын білмеймін, — деді.
14
Мәриям осыны айтқаннан кейін артына бұрылып, Исаның тұрғанын көрді, бірақ Оны танымады.
15
Иса:
— Қарындас, неге жылап тұрсың? Кімді іздеп жүрсің? — деп сұрады. Мәриям Оны бағбан екен деп ойлап:
— Мырза, Оны әкеткен Сіз болсаңыз, қайда қойғаныңызды айтыңызшы. Мен Оны сол жерден алып кетейін, — деді.
16
Сонда Иса оған:
— Мәриям! — деп үн қатты. Мәриям Исаға бұрылып:
— Раббуни! — деді. Бұл сөз «Ұстаз!» деп аударылады.
17
Иса оған:
— Маған жармаспа,
е
себебі Мен әлі де Әкеме көтерілген жоқпын. Одан да бауырластарыма
ж
барып, оларға Менің Әкеме, яғни сендердің де Әкелеріңе, өз Құдайыма, яғни сендердің де Құдайларыңа, көтеріліп кететінімді айт! — деп тапсырды.
18
Мағдалалық Мәриям шәкірттерге барып, өзінің Иемізді көргенін және Оның осы айтқандарын жеткізді.
Мәсіхтің шәкірттеріне келіп, Ұлы аманатты тапсыруы
19
Сол жексенбі күнінің кешінде Исаның шәкірттері жиналып, яһуди басшыларынан қорыққаннан
з
есіктерді бекітіп алған еді. Кенеттен кіріп келген Иса орталарына тұра қалып: «Сендерге амандық пен тыныштық болсын!»
и
— деп батасын берді.
20
Осыны айтқаннан кейін Иса оларға екі қолы мен бүйірін көрсетті.
к
Шәкірттері Иелері Мәсіхті көріп қатты қуанды.
21
Иса оларға тағы да: «Сендерге амандық пен тыныштық болсын! — деді. — Әкемнің Өзімді осы дүниеге жібергені сияқты, Мен де сендерді адамдарға жіберемін».
қ
22
Осылай дегеннен кейін Иса шәкірттерінің бетіне демін үрлеп: «Киелі Рухты қабыл алыңдар!
23
Кімнің күнәларын кешсеңдер, солар кешіріледі, ал кімнің күнәларын кешпесеңдер, солар кешірілмейді»,
л
— деді.
Күмәнданған Томаның Мәсіхті көріп, Оның тірілгеніне сенуі
24
Исаның он екі шәкіртінің бірі, Сыңарлас деп те аталған Тома, Иса оларға келген кезде араларында жоқ еді.
25
Басқа шәкірттер оған:
— Біз Иемізді көрдік, — дегенде, Тома:
— Мен Оның қолдарынан шегелердің орнын көрмесем, саусағыммен шегелердің орнын сипап, бүйіріндегі тыртығын қолыммен ұстамасам, Оның тірілгеніне еш сенбеймін, — деп жауап берді.
26
Бір аптадан кейін Исаның шәкірттері тағы сол үйге жиналды, олармен бірге Тома да болды. Есік бекітілген еді, бірақ Иса кіріп келіп, орталарына тұра қалды да:
— Сендерге амандық пен тыныштық болсын! — деді.
27
Содан кейін Томаға: — Менің қолыма саусақтарыңды тигізіп қара, алақаныңды бүйіріме қой және сенімсіз болмай, сенетін бол! — деді.
28
Тома Оған:
— Ием менің, Құдайым менің! — деп мойынсұнды.
29
Иса:
— Тома, сен Мені көргендіктен Маған сеніп тұрсың. Ал Мені көрмесе де сенетіндер бақытты!
м
— деп жауап берді.
30
Иса шәкірттерінің көз алдында осы кітапта жазылмаған басқа да көптеген кереметтер істеді.
31
Ал жазылғандары Исаның Құтқарушы Мәсіх, Құдайдың рухани Ұлы
н
екендігіне сендер сенсін, әрі сенімдерің арқылы Онымен тығыз байланыста тұрып,
о
шынайы өмірге ие болсын деген мақсатпен жазылған.

а  Немесе: Аптаның бірінші күні.

ә  19:41; 11:38; Мат 27:60.

б  Яғни Шимон Петір мен Жоханға (19:26).

в  Мағдалалық Мәрияммен бірге басқа әйелдер де қабірге барып, оның бос қалғанын көрген еді (Лұқ 24:1).

г  Яки: асыл кенеп кебіннің (19:40).

ғ  Жохан елші (20:2).

д  Иш 53:9,11; Жыр 15:8-11; Елш 2:24-32.

е  Яки: Маған қолыңды тигізбе (20:27; Матай: 28:7,9; Лұқа: 10:4).

ж  Жыр 21:2;3 Мат 12:50; 28:10; Рим 8:29.

з  16:2; 19:38.

и  Яки: «Ассалаумағалайкүм!» (21,26-аяттарда да солай; 14:27; Рут 2:4)

к  Иса қолдары мен бүйіріндегі тыртықтарын көрсетіп, Өзінің шегеленіп өліп, қайта тірілген Мәсіх екендігін дәлелдеді (19:23-24; 21:25-27; Лұқ 24:39-40).

қ  17:18.

л  Егер сенушілер Құдайдың Киелі Рухының жетелеуіне толықтай мойынсұнса, шешімдері Оның еркіне сай болады (14:17; 16:13; Мат 16:19; 18:18).

м  Яки: сенетіндерді Құдай жарылқайды (Мат 5:3; 13:16; 16:17).

н  1:14,18,49; 11:27.

о  Яки: Оның есімінің құдіретімен (17:11).