Жохан жазған Ізгі хабар
Жазба туралы мәлімет
Ерте кездегі қауым жетекшілерінің қалдырған мәліметтері бойынша осы Ізгі хабарды Мәсіх Исаның он екі елшісінің бірі — Жохан бүгінгі Түркия елінің батыс Анадолу аймағындағы Ефес қаласында жазған. Бұл жазба Матай, Марқа және Лұқа жазған «Ізгі хабарлардан» кейін, шамамен б.з. 80 жылдары жарық көріп, тараған. Ол Құтқарушымыздың осы дүниеге келіп, өз өмірін құрбан еткенінің себебін терең баяндайды.
Сол кездегі дәстүрге сай, Жохан өз есімін атамай, оның орнына «Иса жақсы көрген шәкірт» деген жанама есімді қолданады. Бұл, Иса басқа шәкірттерін кем көрген дегенді білдірмейді, керісінше, Жоханның өз Ұстазының сүйіспеншілігін айрықша ұғынғанын көрсетеді. Жохан Онымен бірге жүріп, басынан өткен көп оқиғалардан Исаның толығымен ерекше екенін айқындай түсетін деректерді таңдап алған. Иса өз тәліміне зейін қоюшылармен, шәкірттері және қарсыластарымен болған сұхбаттарында Өзінің көктен келген Билеуші екенін ашық білдіріп, оларды шынымен бақытты өмір жолына түсуге шақырады.
Бұл жазбада Исаның шексіз сүйіспеншілікпен жасаған іс-әрекеттері, Оның адамзат үшін құрбандық өлімі және қайта тірілуі туралы көзі көрген куәгерлердің мәліметтері де берілген. Жохан жазған Ізгі хабарды оқыған не тыңдаған көптеген жұртшылық Мәсіх Исаға жүректерінен орын берген соң, Құдай Тағаланың ақиқат жолымен жүріп, Оның жарылқауына кенеліп келеді.