Еремия 7
Еремияның өз халқына Құдайдың үкімін білдіруі
1
Жаратқан Ие Еремияға тағы да сөзін арнап былай деді:
2
«Жаратқан Иенің киелі үйінің кіреберіс қақпасына барып, сол жерде тұр да, мына хабарды жарияла: Уа, халайық, Жаратқан Иеге иіліп ғибадат етуге осы қақпа арқылы енетін яһудилер! Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңдар!
3
Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: Теріс жолдарыңнан қайтып, іс-әрекеттеріңді түзетіңдер! Сонда Мен сендерге осы елде әрі қарай тұра берулеріңе жағдай жасаймын.
4
«Міне, Жаратқан Иенің киелі үйі, иә, бізде Жаратқан Иенің киелі үйі бар ғой! Жаратқан Иенің киелі үйі осы жерде тұрғанда басымызға ешбір пәле түспейді!» деген өтірік сөздерге сеніп, алданып қалып жүрмеңдер!
5
Қайта, шынымен теріс жолдарыңнан қайтып, зұлым іс-әрекеттеріңді доғарыңдар және бір-біріңе әділ болыңдар!
6
Жат жұрттыққа, жетім-жесірге жамандық істемей, жазықсыз қан төгулеріңді, бөгде тәңірлерге табынуларыңды қойыңдар, өйткені осылар өздеріңнің құрып кетулеріңе себеп болады.
7
Солай етсеңдер ғана Мен ата-бабаларыңа уәде етіп мәңгілікке тапсырған осы елде сендерді ұдайы мекендетемін!
8
Бірақ қазір сендер түкке тұрғысыз өтірікке сеніп жүрсіңдер.
9
Ұрлық жасайсыңдар, кісі өлтіресіңдер, неке адалдығын бұзасыңдар, өтірік ант бересіңдер, Бағалға арнап хош иісті заттар түтетіп, құрбандық шалып, өртеп ұсынасыңдар. Өздерің бұрын танымаған бөгде тәңірлерге табынасыңдар.
10
Ал содан кейін Менің есіміммен аталған киелі үйге барып, алдыма келіп: «Біз қауіптен аманбыз!» деп сенесіңдер. Сөйте тұра, осы жексұрын қылықтарыңды қайтадан істеп жүре бермексіңдер ме?
11
Сонда Менің есіміммен аталған осы киелі үй сендерше «қарақшылар ордасына» айналғаны емес пе? Біліп қойыңдар, Мен соның бәрін көріп тұрмын! — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
12
Менің жер бетіндегі тұрағым — осы елде баяғыда болған жерім Шилоға барып көріңдерші! Мен алғашқы кезде өз есімімді сонда орнатқан болатынмын. Алайда халқым Исраилдің зұлым істерді істей бергені үшін оған не қылғанымды өз көздеріңмен көріңдер!
13
Ал енді, осындай күнә жасап жүргендеріңде Мен сендерге қайта-қайта ескерттім, бірақ сендер тыңдамадыңдар! Мен шақырдым, бірақ жауап бермей қойдыңдар!
14
Сондықтан Менің есіміммен аталған және өздерің сенімдеріңді артқан мына киелі үйді Шилодағы ежелгі табыну орны іспетті талқандатамын. Мен өздеріңе және ата-бабаларыңа табыстаған осы елге де солай істеймін.
15
Мен ағайындарың Солтүстік Исраил халқын көз алдымнан аластатқанымдай, сендерді де солай аластатамын».
Халықтың Жаратушыға мойынсұнбауы
16
«Ал сен мына халық үшін Маған сиынушы болма! Олардың жоғын жоқтап жалбарынушы не дұға етуші де болма! Өйткені Мен олар үшін жасаған өтінішіңе бәрібір құлақ аспаймын.
17
Яһуданың қалалары мен Иерусалимнің көшелерінде олардың не істеп жүргендерін көрмей жүрсің бе?
18
Балалары отын жинап, әкелері от жағады, ал әйелдері қамыр илеп, «Аспан патшайымы» деген тәңірсымаққа арнап нан пісіріп иіс шығарады. Олар бөгде тәңірлерге арнап сұйық тартулар құйып та ұсынады. Бұларын Мені ашуландыру үшін істейді!
19
Ал ақыр соңында ашуланатын Мен боламын ба? Олардың өздері ашуланып, масқараға қалмай ма?!»
20
Сол себепті Жаратушы Тәңір Ие мынаны да айтады: «Енді, міне, Менің қаһарым мен ашуым осы жерге, оның адамы мен малына, даланың ағашы мен егістіктің өніміне төгіліп, бәрі өртеніп, түгі қалмайынша сөнбейтін болады. —
21
Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, тағы мынаны айтады: — Сендер Маған арнап түгелдей өртеп ұсынғыларың келген құрбандықтарыңды басқа да құрбандықтарыңа қосып, етін өздерің-ақ жей беріңдер!
22
Өйткені Мен ата-бабаларыңды Мысырдан алып шыққанымда оларға өсиет еткенім түгелдей өртеліп ұсынылатын құрбандықтар мен сый-тартулар емес еді.
23
Ал оларға тапсырған өсиетім мынадай болды: Маған мойынсұныңдар, сонда Мен сендердің Құдайларың, сендер Менің халқым боласыңдар! Тек Менің өздеріңе бұйырған жолыммен ұдайы жүріңдер! Сонда игілікті өмір сүріп өркендейтін боласыңдар.
24
Бірақ олар тыңдаған да жоқ, сөздеріме мән де берген жоқ. Керісінше, қыңырланып зұлым ой-ниеттерін іске асырып жүрді. Олар алға жүрудің орнына кері кетті.
25
Ата-бабаларың Мысырдан шыққалы бері осы күнге дейін сендерге қайта-қайта өз қызметшілерім — пайғамбарларды жіберіп отырдым.
26
Бірақ халық Мені тыңдаған да жоқ, сөздеріме ден қойған да жоқ. Олар қыңырланып, тіпті өз ата-бабаларынан бетер көп күнә жасады.
27
Осыны халыққа жеткіз! Алайда олар сені тыңдамайтын болады. Сен оларды қайта оралуға шақырғанда, жауап бермейтін болады.
28
Сондықтан оларға былай де: Осы халық өз Құдайы Жаратқан Иеге мойынсұнбайды, Оның ескерту сөзіне құлақ аспайды. Шындық олардан ғайып болып, ауыздарынан құрып кетті».
29
«Уа, Иерусалим, (жасаған күнәларыңа өкініп) шашыңды қырқып алып таста, тақыр төбе басына шығып, жоқтау айтып зар жыла! Өйткені Жаратқан Ие Өзінің қаһарын туғызған осы ұрпақтан бас тартып, оны жалғыз тастап кетті!»
«Қырғын аңғары»
30
— Яһуда халқы Маған жек көрінішті іс-әрекеттер істеп келеді, — дейді Жаратқан Ие. — Олар Менің есіміммен аталған киелі үйде өздерінің жалған тәңірлерінің мүсіндерін орнатып алып, оны арамдады,
31
әрі Бен-Хенном аңғарында Топет деген табыну орындарын салып, сол жерлерде ұлдары мен қыздарын жалған тәңірге арнап өртеп құрбан етті. Мұндайды Мен оларға бұйырған емеспін, ол тіпті ойыма да келген жоқ.
32
Сондықтан сақ болыңдар! — деп ескертеді Жаратқан Ие. — Ол жер енді Топет немесе Бен-Хенном аңғары деп емес, Қырғын аңғары деп аталатын уақыт келеді. Өйткені олар өліктерін бос орын қалмағанша сол жерге қоятын болады.
33
Сонда осы халықтың мәйіттері жыртқыш құстар мен аңдарға жем болып, соларды үркітіп жіберетін ешкім болмайды.
34
Мен елді қаңыратып, Яһуданың қалалары мен Иерусалимнің көшелерінен қуаныш пен шаттықтың үнін, күйеу бала мен қалыңдықтың көңілді дауыстарын шықпайтын қыламын!