Еремия 6
Иерусалимнің жуырда қоршалуы жайлы ескерту
1
«Бас сауғалап қашыңдар, уа, Буняминнің үрім-бұтағы! Иерусалимнен де қашып кетіңдер! Текояда дабыл қағып керней тартыңдар, Бет-Кәремнің үстінен от қойып белгі беріңдер! Себебі солтүстіктен елді қырып-жоятын сұрапыл апат келе жатыр!
2
Сион әсем де нәзік қызға ұқсайды, әйтсе де Мен қаланы жойылуға тастаймын.
3
Малдарын айдап келген бақташылар іспетті жау аттанып келіп, оның айналасына қостарын тігеді. Әрқайсысы өз үлесінде отар-табындарын жаяды».
4
Қолбасшылары: «Оған қарсы шайқасу үшін тәңірге бағышталып дайындалыңдар! Жиналып, түс кезінде жоғары аттанайық!» «Қап, күн батуға таяп қалыпты, кеш түсіп көлеңкелер ұзарыпты!»
5
«Ендеше түн ішінде қалаға бас салып, сарайларын қиратып тастайық!» — деседі.
6
Әлемнің Иесі мынаны айтады: «Ағаштарды шауып, Иерусалимнің қамалынан өту үшін үймектер үйіңдер! Бұл қала жазалануға тиіс, оның ішінде қанаушылық кеңінен етек жайған.
Еремияның күнәлі халықты Құдайдың атынан сақтандыруы
7
Қайнар көзден судың ағып шыға беретініндей, бұл қаладан зұлымдық солай шыға береді. Одан зорлық-зомбылық пен тонаудың даусы естіліп тұр. Оның дерті мен жаралары әрқашан көз алдымда.
8
Ескертуімді тыңда, ей, Иерусалим! Әйтпесе Мен сенен сырт айналамын, еліңді ешкім тұрмайтындай қаңыратып бос қалдырамын».
9
Әлемнің Иесі тағы мынаны да айтты:
— Жауларың сені халқыңнан жұрдай қылады, (Иерусалим). Жүзім жинаушы қалып қойған жүзім шоқтарын екінші рет теріп алатынындай, жауларың да қалған халқыңды теріп алып кетеді.
10
— Мен осыны кімге айтып, кімді сақтандыруым керек? Кім маған құлақ асады? Олар құлақтарын бітеп алған, ести алмайды. Жаратқан Иенің сөзі оларға мазақ тәрізді, олар содан еш рақат таппайды.
11
Жаратқан Иенің қаһары менің бойымда да лаулап тұр, оны тежеп тұра алар емеспін, — дедім.
— Ендеше қаһарым көшеде ойнап жүрген балаларға, бас қосқан жас жігіттерге лақ етіп төгілсін! Әйелі мен күйеуі де, жасы ұлғайған қариясы да қаһарымды бастарынан өткізеді.
12
Мен елдің тұрғындарын жазалауға қолымды созғанда олардың үйлері, жерлері және әйелдері бөтен жұрттың қолына көшеді! — деп ескертеді Жаратқан Ие.
13
Кішігінен ұлығына дейінгі бәрі де пайдақұмар. Тіпті пайғамбарлары мен діни қызметкерлері де арамзалық жасайды.
14
Олар халқымның терең жарақатын жеңіл-желпі таңа салып: «Амандық пен тыныштық болады!» деп халықты алдайды. Алайда амандық пен тыныштық жоқ қой!
15
Өздерінің осы жексұрын істеріне ұяла ма? Жоқ, оларда ұят деген мүлдем жоқ, олар тіпті қызаруды да білмейді. Сондықтан басқалар құлағанда олар бірге құлайды, Мен соларды жауапқа тартқанда жермен-жексен болады. — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
Ізгі жолды сұрастырып біліңдер!
16
Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Жол торабына барып, айналаны байқап қараңдар, ежелгі жолдардың қайда екенін сұрап алыңдар! Ізгі жолдың қайда екенін сұрастырып біліп алып, онымен жүріңдер! Сонда жандарыңа тыныштық табасыңдар. Бірақ сендер: «Жоқ, онымен жүрмейміз!» деп бас тарттыңдар.
17
Сендерге күзетуші пайғамбарларымды тағайындап: «Олардың қаққан дабылдарына құлақ салыңдар!» деп едім. Бірақ та: «Жоқ, соған құлақ салмаймыз!» деп қасарыстыңдар.
18
Ендеше, уа, халықтар, солармен не болатынын тыңдаңдар! Ей, куәгерлер, соны біліп алыңдар!
19
Тыңда, уа, жер! Зұлым істерінің кесіріне бола Мен мына халықтың басына апат түсіремін. Себебі осы халық Менің сөздеріме құлақ аспай, Таурат заңымнан бас тартты.
20
Солай болып тұрғанда Сәба елінің хош иісті ладан шайырын әрі шалғай елдің тәтті де жұпар құрағын түтетіп ұсынғандарыңнан Маған не пайда? Шалып, өртеп ұсынған құрбандықтарыңды қабылдамаймын, сый-тартуларыңа да риза болмаймын».
21
Сондықтан Жаратқан Ие мынаны айтады: «Мен өз халқымның жолына сүріндіретін кедергілер қоямын. Әкелер мен ұлдары соған сүрініп құлайды. Көрші-қолаң, дос-жарандар бірге жығылып, мерт болады».
Солтүстіктен келетін сұрапыл да аса күшті жау
22
Жаратқан Ие тағы мынаны айтады:
— Біліп қойыңдар, солтүстіктен бір әскер аттанып келеді. Жер бетінің алыс шеттерінен бір үлкен халық жылжып келетін болады.
23
Садақ пен найза ұстанған олар қатыгез, аяуды білмейді. Атқа мініп шапқанда дауылды теңіздей гүрілдейді. О, сорлы Сион, олар шеп құрып, сені басып алуға келеді! —
24
(Содан қаланың тұрғындары зарлап былай дейді:)
— Олар туралы хабар естігенде, қолдарымыздың әлі кетіп, сылқ етті. Жанымызды үрей билеп, толғатқан әйелдей қинала бастадық.
25
Далаға шықпаңдар, жол жүрмеңдер! Өйткені жаудың семсері бар, айналдыра бәрі де қорқыныш.
26
Уа, халқым, қайғырып азалы киім киіп, күлге аунаңдар! Жалғызы өлген адамдай жоқтап, еңіреп жылаңдар! Өйткені құртушы жау бізге аяқ астынан бас салады.
Құдайдың Еремияға өз халқын тексертіп сынатуы
27
— Мен сені кен қоспасын тексеріп сынаушы іспетті етіп қойдым. Сен халқымды сұрыптап, жүрген жолдарына баға бер! — деді маған Жаратқан Ие.
28
— Олардың бәрі — бас көтерген қыңырлар, сөз тасушы жалақорлар. Олар (алтын-күмістей асыл емес) қола мен темірге ұқсайды, барлығы да азғырушылар.
29
Көрік ауаны қатты үрлейді, қорғасын қызған күмістің қоқысын тазартып әкетеді. Бірақ осы халықты азап отында тазарту пайдасыз. Бұларды зұлымдығынан еш арылтып тазартуға болмайды.
30
Жаратқан Ие олардан бас тартты, енді олар «жарамсыз күміс» деп аталатын болады!