Еремия  44
Жалған тәңірлерге табынудан сақтандыру
1
Кейінірек Жаратқан Ие Еремияға Мысыр елінің Миғдол, Тахпанхес және Мемфис қалаларында және оңтүстік Мысырда
а
тұратын яһудилер
ә
туралы сөзін арнап былай деді:
2
— Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: Менің Иерусалимге және Яһуданың күллі қалаларына жіберген апатымды өздерің көрдіңдер. Олар, міне, қазір қирап, қаңырап бос жатыр.
3
Мұның себебі — халық зұлым істер істеп, өздері де, ата-бабалары да танып-білмеген бөгде тәңірлерге табынып, оларға құрбандық шалып, хош иісті заттарды түтетіп ұсыну арқылы қаһарымды туғызған еді.
4
Сендерге қайта-қайта Өзіме қызмет ететін пайғамбарларымды жіберіп, оларға: «Мен жек көретін сол жиренішті қылықтарды істемеңдерші!» — деп айтқызған едім.
5
Бірақ халық тыңдаған да жоқ, назар да аударған жоқ. Олар зұлымдық жасауларын тоқтатпай, бөгде тәңірлерге құрбандық шалып, хош иісті заттарды түтетіп ұсынуларын жалғастыра берді.
6
Сол себепті Менің лап еткен қаһарым Яһуданың қалалары мен Иерусалимнің көшелеріне төгіліп, оларды қазіргі қирап, қаңырап бос жатқан күйлеріне айналдырды.
7
Ал енді Исраилдің Құдайы, Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие,
б
мынаны айтады: Неге өздеріңе-өздерің соншама зор апатты төндіресіңдер? Сендер өз істеріңмен Яһудадан келген әйелдер мен ер адамдарды, балалар мен нәрестелерді бірде-біреуін тірі қалдырмай қырғынға ұшыратасыңдар!
8
Неге сендер өз қолдарыңмен жасаған мүсіндерге табынасыңдар? Неліктен өздерің мекендеуге келген осы Мысыр елінің бөгде тәңірлеріне құрбандық шалып, хош иісті заттар түтетіп, Менің ашуымды шақырасыңдар? Сендер сол арқылы өздеріңді-өздерің құртасыңдар! Содан жер бетіндегі барлық халықтар сендерді қарғап, мазақтайтын болады.
9
Өз ата-бабаларың, Яһуданың патшалары және олардың әйелдері жасаған зұлымдықтарын, әрі өздерің мен әйелдерің Яһуда елінде және Иерусалимнің көшелерінде жасаған зұлымдықтарыңды ұмытып кеттіңдер ме?
10
Күні бүгінге дейін осы халық күнәларына өкініп, Мені терең қастерлеген жоқ! Мен өздеріне және ата-бабаларына тапсырған Таурат заңыма әрі ережелеріме олар бағынған жоқ.
11
Сондықтан Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: Сендерге пәле жіберіп, Мысырдағы яһудалықтардың бәрін толығымен құртуды шештім!
12
Иә, Мен Яһуда халқының елде қалып, енді Мысырға көшіп келіп, осында тұруға бет алған адамдарын құртамын! Олар не семсерден қырылып, не аштан өліп бәрі де Мысырда құриды. Үлкенді-кішілі барлығы да семсерден немесе ашаршылықтан қаза табады. Олар қарғалып, қорқынышты көрініске айналып, масқара мен мазаққа ұшырайды.
13
Мен Иерусалимді жазалағандай, Мысырдағы яһудилерді де семсер, ашаршылық және індетпен жазалаймын.
14
Яһудада тірі қалып, Мысырға көшіп кеткендер өз еліне қайта оралып, тұруға қаншама аңсап ұмтылғанмен, ешқайсысы да апаттан бас сауғалап аман қалмайды. Тек біразырақ босқындардан басқа, ешкім де Яһудаға оралмайды.
15
Сонда әйелдерінің бөгде тәңірлерге хош иісті заттар түтетіп ұсынып жүргенін білетін барлық ер адамдар мен сонда тұрған барша әйелдер Еремияға жауап берді. Солтүстік пен оңтүстік Мысырдан жиналып келген яһудилердің осы үлкен жамағаты пайғамбарға былай деді:
16
— Жаратқан Иенің атынан айтқан бұл сөзіңе құлақ асайын деп жатқан жоқпыз!
17
Біз істеуге ант бергеніміздің бәрін міндетті түрде істей береміз: бұрын өзіміз, ата-бабаларымыз және патшаларымыз бен әміршілеріміз Яһуданың қалалары мен Иерусалимнің көшелерінде істегеніміздей, бұдан былай да «Аспан патшайымына»
в
арнап хош иісті заттар түтетіп, сұйық тартуларын құйып ұсына бермекпіз.
г
Өйткені соны істеп жүрген кезімізде бізде тамақ мол, жағдайымыз жақсы болып, еш жамандық көрмеген едік.
ғ
18
Ал «Аспан патшайымына» хош иісті заттар түтетіп, сұйық тартулар ұсынуды қойғаннан бері біз жоқшылық көріп, семсер мен аштықтан қырылудамыз.
д
19
Әйелдер тағы былай деп қосты:
— Біздің «Аспан патшайымына» арнап хош иісті заттар түтетіп, сұйық тартуларды құйып ұсынып, оның бейнесімен күлшелер пісіргенімізді күйеулеріміз біліп, рұқсат берген жоқ дейсіз бе?
е
20
Сонда Еремия өзіне осындай жауап қайтарған бүкіл халыққа, барлық ер адамдар мен әйелдерге былай деді:
21
— Яһуда елінің қалалары мен Иерусалимнің көшелерінде өздерің мен ата-бабаларың, патшаларың мен әміршілерің және елдің бүкіл халқы жалған тәңірлерге түтетіп ұсынған хош иісті заттарың туралы Жаратқан Ие есінде сақтап, назарында ұстамайтын ба еді?
22
Жаратқан Иенің сендердің зұлым әрі жексұрын іс-әрекеттеріңе деген шыдамы шегіне жеткен еді. Сондықтан елдерің қарғалып, қорқынышты да масқара көрініске айналып, қазіргідей қаңырап бос қалды.
23
Сендер бөгде тәңірлерге хош иісті заттар түтетіп ұсынып Жаратқан Иеге қарсы күнә жасадыңдар. Оның даусына құлақ аспадыңдар, Оның Таурат заңына, ережелері мен бұйрықтарына бағынған жоқсыңдар. Мына апаттардың бастарыңа келуі де дәл сол себептен.
24
Бұдан кейін Еремия бүкіл халыққа, әсіресе, араларындағы барлық әйелдерге арнап былай деді:
— Уа, Мысырда тұрып жатқан күллі яһудилер, Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңдар!
25
Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: Сендер әйелдеріңмен бірге «Аспан патшайымына арнап хош иісті заттар түтетіп, сұйық тартулар ұсыну жайлы берген уәделерімізді міндетті түрде жүзеге асыра береміз!» деп сөзбен айтып, істеріңмен дәлелдедіңдер. Мейлі, сол уәделеріңді орындап, берген анттарыңды жүзеге асырыңдар!
26
Алайда Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңдар, уа, Мысырда тұрып жатқан күллі яһудилер! Жаратқан Ие мынаны айтады: Өзімнің ұлы атыммен былай деп ант етемін: Бүкіл Мысыр еліндегі бірде-бір яһудалық
ж
адам енді қайтып Менің атымды атап не мінажат етпейтін, не «мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Иенің атымен» ант бермейтін болады!
27
Мен енді оларға жақсылық емес, жамандық істеуді қырағы қадағалаймын.
з
Мысырдағы яһудилер құрып біткенше семсер мен ашаршылықтан қырылады.
28
Осылайша семсерден аман қалып, Мысырдан Яһудаға қайта оралатындардың саны өте аз болады. Сонда Яһудадан Мысырға көшіп келген халықтың тірі қалғандарының бәрі кімнің сөзінің дұрыс болғанына: Менің бе, әлде өздерінің бе, соған көз жеткізетін болады.
29
Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: Менің сендерді осы елде міндетті түрде жазалайтындығымның, сендерге жамандық істеймін деген сөздерімді жүзеге асыратындығымның белгісі мынау болады:
30
Мен Яһуда патшасы Седекияхты оның жанын алмақ болған жауы — Бабыл патшасы Набуходоносордың қолына тапсырғанмын. Сол сияқты енді Мысыр патшасы Хофра перғауынды
и
да оның жанын алмақ болған жауларының қолына тапсырамын!
к
— Жаратқан Ие осыны нық айтады.

а  Немесе: Патрос аймағында (қазіргі оңтүстік Мысырда орналасқан аймақта: 44:15; Иш 11:11; Езк 29:14; 30:14).

ә  Яки: яһудалықтар.

б  35:17.

в  7:18.

г  19:13; 32:29; Езк 20:28.

ғ  Манаса патшаның заманында Жаратқан Ие халықтың теріс жолдан қайтып, зұлым істерін тоқтатуын шыдамдылықпен күтіп, кейінірек қана халыққа әділ жазасын тартқызған еді (44:18,21-23; 7:18-20; Рул 14:18; Жыр 72:15-19).

д  Халықтың көпшілігі Жосия патшаның заманында шын жүректен Жаратқан Иеге қайтып келмегендіктен, кейін Оның әділ жазасын тартты (44:21-23; Пат4 23:26-27,32,37; 24:2-4).

е  Рул 30:10-15.

ж  Яки: Яһудадан көшіп келген, яһуди (42:14-15, 44:24,27-28).

з  1:10-12; 31:28.

и  (37:5) Хофра б.з.д 589-570 жж. Мысырға патшалық құрды.

к  Б.з.д. 570 ж. мысырлық күндестері Хофраны қастандықпен өлтірді.