Еремия 37
Седекиях патшаның босқа үміттенуі
1
Кейінірек Бабыл патшасы Набуходоносор Иерусалимге келіп, Жохақым ұлы Ехонияхтың орнына Жосия ұлы Седекияхты Яһуда елінің патшасы етіп тағайындады.
2
Алайда Седекияхтың өзі де, нөкерлері де, елде қалған халық та Жаратқан Иенің Еремия пайғамбар арқылы айтқан сөздеріне құлақ аспады.
3
Сонда да Седекиях патша (басына күн туғанда) Еремия пайғамбарға Шелемиях ұлы Ехухал мен діни қызметкер Мағасиях ұлы Софония екеуін жіберіп: «Біз үшін Құдайымыз Жаратқан Иеге сиынып арашалық дұға ете көріңіз!» — деп өтінді.
4
Сол уақытта Еремия әлі де қамауға алынбай, халықтың арасында еркін тұрып жатқан болатын.
5
Осы кезде халдейлердің әскері Иерусалимді қоршап алған еді. Алайда Мысыр перғауынының әскерінің өз елінен шығып, Яһудаға қарай аттанғанын ести сала халдейлер Иерусалимді уақытша қалдырып кетті.
6
Сонда Жаратқан Ие Еремия пайғамбарға сөзін арнап былай деді:
7
«Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: өздеріңді Менен кеңес сұрауға жіберіп отырған Яһуда патшасына былай деңдер: Перғауынның сендерге көмекке шыққан жасағы көп ұзамай өз елі Мысырға қайта оралады.
8
Сонда халдейлер қайтып келіп, қалаға тағы да шабуыл жасайды. Олар қаланы қолға түсіріп, қиратып, өртеп жібереді. —
9
Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: — Сендер: «Халдейлер бізден біржола шегініп кетті» деп алданбаңдар! Олар біржола кеткен жоқ!
10
Себебі сендер тіпті өздеріңе қарсы соғысқан бүкіл халдей әскерін қиратып, олардың шатырларында тек азғантай жарақаттанған адамдары қалған болса да, бәрібір олар сендерге шабуыл жасап, қаланы өртеп жіберетін болады!»
Еремияның тұтқындалуы
11
Перғауын жасағының Мысырдан аттанып келгендігінен халдей әскері Иерусалимге жасап отырған шабуылын тоқтатқан осы кезде,
12
Еремия Бунямин жеріне жолға шықпақ болды. Ондағы мақсаты сол жердегі өз әулетінің арасынан бір мұралық жердің өзіне тиісті үлесін қабылдау еді.
13
Бірақ ол Иерусалимнің Бунямин қақпасынан шыға бергенде күзетшілердің бастығы Еремия пайғамбарды ұстап алып, оны:
— Сен халдейлерге өтпекші болған сатқынсың! — деп айыптады. Бастықтың аты-жөні Шелемияхтың ұлы, Хананияхтың немересі Ириях еді.
14
Еремия:
— Жоқ, бұл жала! Мен халдейлердің жағына өтпек болған жоқпын! — деп келіспеді. Сонда да Ириях оны тыңдамай, тұтқындап, уәзірлердің алдына алып барды.
15
Уәзірлер Еремияға ашуланып, оны ұрып-соғып, Жонатан хатшының үйіне қамап қойды. Олар бұл үйді түрмеге айналдырған болатын.
16
Еремия үйдің астындағы бір қапасқа тасталып, сол зынданда көп күн отырды.
17
Кейін Седекиях патша адам жіберіп, пайғамбарды өзінің алдына әкелдірді. Өз сарайында онымен құпия жүздесіп:
— Жаратқан Иенің бізге арнаған сөзі бар ма? — деп сұрады. Еремия оған:
— Иә, бар. Сіз Бабыл патшасының қолына түсесіз! — деп,
18
Седекиях патшаға мынаны да қоса айтты: — Мені түрмеге қамайтындай не сіздің өзіңізге, не нөкерлеріңізге, не халқыңызға қарсы қандай жамандық істедім?
19
«Бабыл патшасы өзіңізге және осы елге шабуыл жасамайды!» деп болжаған пайғамбарларыңыз енді қайда?
20
Ал, патша ием, сөзіме құлақ асып, мені Жонатан хатшының үйіне қайтара көрмеңіз! Әйтпесе мен сол зынданда өліп қалармын!
21
Седекиях патша Еремияны сақшылардың ауласында қамауды және қаладағы нан біткенше наубайшылар көшесінен күніне бір наннан беріп тұруды бұйырды. Осылай Еремия сақшылардың ауласында қамауда ұсталды.