Еремия 33
Жазаланудан кейінгі сауығу жайлы уәде
1
Еремия әлі де қарауылдар ауласында отырған кезде Жаратқан Ие оған екінші рет сөзін арнап былай деді:
2
— Жерді жаратып, оған пішін беріп, орнықтырған Құдай Менмін, есімім «Жаратқан Ие». Мынаны да нық айтамын:
3
Маған сиынып мінажат ет, жауап беремін, сен білмейтін ұлы да құпия жайттарды білдіремін!
4
Өйткені Исраилдің Құдай Иесі қамал қабырғасын қоршаған жаудың жасаған үймектеріне және қаруларына қарсы нығайту үшін осы қаладағы бұзылған үйлер мен Яһуда патшаларының сарайлары туралы мынаны айтады:
5
Қала қорғаушылары халдейлерге қарсы қаншама күрессе де, сол үйлер Мен Өзімнің лаулаған қаһарыммен қырғынға ұшыратқандардың мәйіттеріне толатын болады! Себебі олардың барлық зұлым істеріне бола Мен осы қаладан бас тарттым.
6
Бірақ кейін осы қаланы қалпына келтіремін. Мен рухани дертінен халқымды сауықтырып, амандық пен тыныштыққа, адалдық пен шыншылдыққа кенелтемін.
7
Яһуда мен Исраил халқымды жер аударылған жақтарынан қайта алып келіп, оларды бұрынғыдай етіп қайтадан отырғызып орнықтырамын.
8
Оларды Менің алдымда жасаған күнәларының бәрінен тазартып, солардың Маған қарсы бас көтергенде жасаған әділетсіз істерінің барлығын кешіремін.
9
Сонда осы қала Менің оған істеген барлық жақсылықтарым туралы естіген жердің барлық халықтарының алдында Маған атақ пен қуаныш, мадақ пен даңқ әкеледі. Сол халықтар Менің осы қалам үшін жасаған барлық жақсылықтарыма және берген аманшылық пен тыныштығыма шошына дірілдейтін болады.
10
Жаратқан Ие мынаны айтады: Сендер осы жер туралы: «Мынау — адамы мен малынан айырылып қаңырап бос қалған құла түз!» дейсіңдер. Алайда адам да, мал да тұрмайтын Яһуданың қалаларында әрі Иерусалимнің қаңырап бос қалған көшелерінде әлі де
11
қуаныш пен шаттықтың үні, күйеу жігіт пен қалыңдықтың көңілді дауыстары естілмек! «Әлемнің Иесін мадақтаңдар, өйткені Жаратқан Ие ізгі, Оның берік мейірімі мәңгілік!» деп, киелі үйге Өзіммен қарым-қатынастарына ризашылық білдіретін тартуларын алып келе жатқан адамдардың мақтау айтқан дауыстары тағы да естілетін болады. Себебі Мен жер аударылып кеткен халықты қайтадан әкеліп, оның жағдайын бұрынғыдай игілікке кенелтемін! — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
12
Әлемнің Иесі тағы мынаны да айтады: Адамы да, малы да жоқ мына қаңырап бос қалған жерде: оның барлық қалаларының маңайында қайтадан жайылымдар болып, онда бақташылар малдарын бағып жүреді.
13
Сол кезде таулы аймақтың қалаларында, батыстағы төменгі қыраттар мен оңтүстіктегі Негев аймағында, Буняминнің жері мен Иерусалимнің айналасындағы ауылдарда және Яһуданың қалаларында қайтадан отар-отар ұсақ малдар өсіп-өніп, оларды санайтын шопандардың қол астынан өтетін болады. Мен, Жаратқан Ие, осыны уәде етемін.
Әділ «Жас Өскін» әрі Дәуітпен жасалған Келісім
14
«Мынау естеріңде болсын: Менің Исраилге және Яһудаға берген мейірімді уәдемді жүзеге асыратын уақытым келетін болады, — дейді Жаратқан Ие. —
15
Сол заман туғанда Мен Дәуіттің әулетінен бір «Жас Өскінді» өсіріп шығарамын. Сол әділ Патша елде әділетті жүзеге асырып, әділдік пен шыншылдықты орнатады.
16
Сол кезде Яһуда елі құтқарылып, Иерусалим халқы аман-есен тұратын болады. Сонда қаланың аты «Әділдігіміздің қайнары — Жаратқан Ие» деп аталмақ.
17
Өйткені Жаратқан Ие мынаны айтады: Исраилдің патшалық тағында әрдайым Дәуіттің әулетінен шыққан біреу отыратын болады.
18
Леуілік діни қызметкерлердің де шалынып, өртелетін құрбандықтар мен астық тартуларын өртеп, басқа да сый-тартуларды ұсынатын адамдары менің алдымда үзілмейтін болады».
19
Бұдан кейін Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап былай деді:
20
«Жаратқан Ие мынаны айтады: Егер де Менің күн мен түн жайлы Келісімімді бұзып, оларды енді қайтып өз белгілі уақытында болмайтын қыла алсаңдар,
21
сонда ғана Менің қызметшім Дәуітпен жасаған Келісімім біржола күшінен айырыла алар еді, әрі Дәуіттің тағында отырып патшалық құратын өз ұрпақтары болмас еді. Солай болғанда ғана Менің алдымда қызмет атқарып жүрген леуілік діни қызметкерлермен жасаған Келісімім де біржола күшінен айырыла алар еді.
22
Мен қызметшім Дәуіттің және Менің алдымда қызмет етіп жүретін леуіліктердің ұрпағын аспандағы жұлдыздардай, теңіз жағалауындағы құм қиыршығындай сансыз көбейтемін».
23
Жаратқан Ие Еремияға тағы да сөзін арнап былай деді:
24
«Мына адамдардың не айтқандарын естідің бе? Олар: «Жаратқан Ие Өзі таңдап алған екі үрім-бұтақтан бас тартыпты!» деп жүр. Осылайша олар Менің халқыма менсінбей қарап, оны тіпті халық деп санамайды да.
25
Сондықтан Жаратқан Ие мынаны айтады: Егер де Менің күн мен түн жайлы Келісімім әрі аспан мен жерге бекіткен заңдарым
26
Жақып пен қызметшім Дәуіттің үрім-бұтақтарынан бас тартып, олардың бірде-біреуін Ыбырайым, Ысқақ, Жақыптың ұрпақтарына бұдан былай патшалық билік жүргізуге таңдамас едім. Өйткені Мен оларға рақым көрсетіп, жер аударылып кеткен жақтарынан елге қайтарып, олардың жағдайын бұрынғыдай игілікке кенелтемін».