Еремия 32
Қоршауда бола тұра егістік сатып алудың мысалы
1
Яһуда еліне Седекияхтың патшалық құрған оныншы жылы, яғни Бабылға Набуходоносордың патшалық құрған он сегізінші жылы, Жаратқан Ие Еремияға тағы да сөзін арнады.
2
Сол кезде Бабыл патшасының әскері Иерусалимді қоршап алып, шабуыл жасап жатты. Ал Еремия пайғамбардың өзі Яһуда патшасының сарайындағы қарауылдар ауласында тұтқында болатын.
3
Оны қамап қойған Яһуда патшасы Седекиях еді. Ол Еремияға:
— Сен неге былай деп пайғамбарлық сөздер айтып жүрсің: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен бұл қаланы Бабыл патшасының қолына тапсырамын, ол оны басып алады.
4
Яһуда патшасы халдейлердің қолынан қашып құтыла алмайды! Ол сөзсіз Бабыл патшасының қолына түсіп, оны өз көзімен көріп, бетпе-бет сөйлесетін болады.
5
Бабыл патшасы Седекияхты Бабылға алып кетеді. Мен оған қатысты еркімді орындағанша Седекиях сонда қала береді. Егер халдейлерге қарсы соғыссаңдар, бұларыңнан түк шықпайды!» Бұлай айтқаның қалай, Еремия? — деп наразылық білдірген болатын.
6
Еремия Седекияхқа былай деп жауап берген еді:
— Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді:
7
«Қазір саған ағаң Шаллумның ұлы Ханамил келіп, мынадай өтініш жасамақ: Сіз менің қамқоршы бола алатын ең жақын туысқанымсыз. Сондықтан менің Анатоттағы егістігімді сатып алып, әулетіміздің одан айырылып қалуын болдыра көрмеңіз».
8
Мұнан кейін дәл Жаратқан Ие маған білдіргендей менің немере інім Ханамил қарауылдар ауласына келіп, маған: «Бунямин жеріндегі Анатоттың маңындағы егістігімді сатып алыңыз. Оны қамқоршы ретінде сатып алып, иемденіп алуға құқығыңыз бар ғой!» — деді. Бұдан мен естіген хабарымның Жаратқан Иеден екенін шүбәсіз білдім.
9
Осылай мен Анатоттағы егістік танабын немере інім Ханамилден сатып алып, ол үшін он жеті мысқал күміс төлеуге келістім.
10
Содан сатып алу жайлы қолхат жазып, оған мөрімді басып, куәгерлерге куәландырып, ініме күмісті таразыға тартып өлшеп бердім.
11
Мұнан кейін сатып алу туралы екі құжатты: мөрленген бірінші қолхатты және сатып алудың шарттары мен келісімдері жазылған мөрленбеген екінші қолхатты алдым да,
12
екеуін інім Ханамилдің, қол қойған куәгерлердің және сол кезде қарауылдар ауласында отырған басқа барлық яһудилердің көзінше Нирияхтың ұлы, Мағасеяхтың немересі Барухқа тапсырдым.
13
Олардың көзінше мен Барухқа мынадай нұсқаулар бердім:
14
Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: Осы екі құжатты, мөрленгені мен мөрленбегенін, ал да, ұзақ уақыт шірімей сақталулары үшін қыш құмыраға салып қой!
15
Өйткені болашақ бір кезде адамдар осы елде тағы да үйлер, егістіктер мен жүзімдіктерді сатып алатын болады! — деп уәде береді Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы.
Еремияның Құдайдан халықты рақым етуін өтінуі
16
Мен сатып алу құжатын Нириях ұлы Барухқа тапсырғаннан кейін Жаратқан Иеге сиынып, былай деп мінажат еттім:
17
— Уа, Жаратушы Тәңір Ие! Өзіңнің ғаламат құдіретіңмен және алға созған қолыңмен аспан мен жерді жараттың. Сен істей алмайтын тым қиын нәрсе жоқ!
18
Өзіңнің рақымыңды мыңдаған адамдарға көрсетесің, ал әкелерінің кінәларын балаларының мойнына да саласың. Уа, ұлы да құдіретті Құдай, Сенің есімің — «Әлемнің Иесі!»
19
Жоспарларың сондай ұлы, істерің сондай керемет! Сенің көздерің адам баласының барлық істерін анық көреді. Әркімге жүрген жолдары мен істеген істерінің жемісі бойынша лайықтысын бересің.
20
Ежелде Мысыр елінде Өзіңнің шынайы Құдай екендігіңді дәлелдейтін кереметтерің мен ғажап істеріңді жасадың. Күні бүгінге дейін Исраилде және күллі адамзаттың арасында кереметтер жасап келе жатырсың. Өзіңнің атыңды шығарып, қазір де зор даңққа иесің.
21
Сен халқың Исраилді (Өзіңнің шынайы Құдай екендігіңді) дәлелдейтін кереметтерің мен ғажап істеріңмен, құдіретті де алға созған қолыңмен әрі жауға үлкен қорқыныш жіберуіңмен Мысыр елінен алып шықтың.
22
Сен ата-бабаларына беремін деп ант еткен ағы мен балы ағыл-тегіл мол елді мына халыққа табыстадың.
23
Олар елге кіріп, оны иемденіп алса да, Саған мойынсұнған да жоқ, Сенің Таурат заңыңа сай өмір сүрген де жоқ. Олар ондағы өсиеттеріңнің ешқайсысын (шын жүректен) орындамады. Сондықтан да осы пәлелердің бәрін олардың басына түсірдің.
24
Назар аудара көрші, қаланы басып алу үшін жау қамал қабырғасының қасына үймектер үйіп жатыр. Семсер, ашаршылық, індеттің кесірінен қала бізге қарсы тап берген халдейлердің қолына түсейін деп жатыр. Сенің айтқаның дәл келді, соны Өзің де көріп тұрсың.
25
Алайда Сен, уа, Жаратушы Тәңір Ие, маған: «Күміске егістік танабын сатып ал, соны растауға куәгерлер шақыр!» дедің. Ал қала болса, міне, халдейлердің қолына көшіп жатыр!
Құдай халықты еліне қайтармақ
26
Сонда Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап былай деді:
27
— Мен, Жаратқан Ие, күллі адамзат атаулының Құдайымын. Қолымнан келмейтін іс бар ма?
28
Сондықтан Мен, Жаратқан Ие, мынаны айтамын: бұл қаланы Мен халдейлерге, олардың патшасы Набуходоносордың қолына, тапсырмақпын. Ол қаланы басып алады.
29
Сонда халдей жауынгерлері қалаға кіріп, оған от қояды. Олар қаланы бүкіл үйлерімен бірге өртеп тып-типыл етеді. Халық сол үйлердің төбелерінде Бағалға бағыштап хош иісті заттар түтетіп, басқа да тәңірсымақтарға арнап сұйық тартулар құйып ұсынуларымен Менің қаһарымды тұтатқан болатын.
30
Солтүстік Исраил мен Яһуданың халқы жас кездерінен-ақ Маған жек көрінішті істер ғана істеп келеді. Солтүстік Исраилдің халқы сол зұлым іс-әрекеттерімен Менің ашуымды қоздырумен болды, — дейді Жаратқан Ие. —
31
Мына қала салынған күнінен бастап қазірге дейін Менің ашу-ызамды туғызып келеді. Сол себепті ол Менің көз алдымнан аластатылуға тиіс.
32
Солтүстік Исраил мен Яһуданың халқы: олардың патшалары мен әміршілері, діни қызметкерлері мен пайғамбарлары, Яһуда мен Иерусалимнің бүкіл тұрғындары да, өздерінің істеген барлық зұлымдықтарымен Менің қаһарымды қоздырды.
33
Олар Маған жүздерімен емес, арқаларымен бұрылды. Мен соларға қайта-қайта тәлім берсем де, олар оныма құлақ түрген де жоқ, түзетуімді қабылдаған да жоқ.
34
Яһудалықтар тіпті өздерінің жиренішті тәңір мүсіндерін Менің есіміммен аталған киелі үйіме орнатып қойып, оны арамдады.
35
Сонымен қатар олар Бен-Хенном аңғарында Бағалға арнап табыну орындарын салып, сол жерде өз ұлдары мен қыздарын жалған тәңір Молохқа арнап өртеп құрбан етті. Мұндайды Мен халқыма ешқашан бұйырған емеспін, ол тіпті ойыма да келген жоқ. Олардың сондай жиренішті нәрсені істеп, Яһуда елін күнәға батырғаны-ай!
36
Сендер бұл қала туралы:
— Семсер, ашаршылық және індеттің кесірінен қала Бабыл патшасының қолына түседі, — дейсіңдер. Бірақ Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады:
37
— Мен халқымды ашу-ыза мен зор қаһарға кенелген кезімде шашыратып жіберген барлық елдерден қайтадан жинап аламын! Оларды тағы да осы жерге әкеліп, қауіп-қатерсіз қоныстандырамын.
38
Сонда олар Менің халқым, ал Мен олардың Құдайы боламын.
39
Олар Мені әрдайым қастерлей алулары үшін оларға шын жүректен бірігіп, бір жолмен жүруді сыйлаймын. Бұл олардың өздері мен кейінгі балалары үшін игілікті болады.
40
Халқыммен мәңгілік Келісім жасап, оларға жақсылық жасауымды тоқтатпаймын. Ешқашан Менен кері бұрылып кетпеулері үшін Өзімді терең қастерлеуді олардың жүрегіне құятын боламын.
41
Мен оларға шаттана жақсылық жасап, оларды осы елде шын жүректен, бүкіл жан дүниеммен қайтадан берік орналастырамын.
42
Өйткені Жаратқан Ие тағы мынаны да айтады:
— Бұл халықтың басына барлық осы зор апаттарды қалайша жіберген болсам, оларға уәде еткен барлық молшылығымды да солайша жіберемін.
43
Қазір сендер: «Мынау — адамы мен малынан айырылып қаңырап қалған ел. Ол халдейлердің қолына беріліп отыр» деп айтып жүрген елде әлі де егістіктер сатылып алынатын болады.
44
Сонда Бунямин жері мен Иерусалимнің айналасындағы ауылдарда, әрі Яһуда жері мен таулы аймақтағы, батыстағы төменгі қыраттар мен оңтүстіктегі Негев аймағындағы қалаларда егістік танаптары әлі де күміске сатылып алынбақ. Сонда құжаттар дайындалып, оларға мөр басылып, куәгерлер куәлік етпек. Өйткені Мен сол аймақтардан жер аударылып кеткендерді қайтарып әкеліп, жағдайларын бұрынғыдай игілікке кенелтемін! — Жаратқан Ие осыны уәде етеді.