Еремия 27
Мойынтұрықтың мысалы
1
Яһуда еліне Жосия ұлы Седекияхтың патшалық құрған алғашқы кезінде Жаратқан Ие Еремияға тағы да сөзін арнады.
2
Сонда Жаратқан Ие маған мынаны айтты:
— Өзіңе қайыс пен сырықтан мойынтұрық жасап, мойныңа киіп ал.
3
Сөйтіп Едом, Моаб, Аммон елдерінің және Тир мен Сидон қалаларының патшаларына олардың Иерусалимдегі Яһуда патшасы Седекияхқа жіберген елшілері арқылы Менің хабарымды жолда!
4
Сол елшілерге қожайындарына арналған сөздерімді тапсыр: Сендер қожайындарыңа Менің хабарымды жеткізіп былай деңдер: Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы мынаны айтады:
5
Мен ғаламат құдіретіммен және алға созған қолыммен әлемді әрі жер бетіндегі адамдар мен хайуандарды қоса жараттым. Оларды қалаған адамыма тапсырамын.
6
Ал қазір Мен сендердің барлық елдеріңді Өзімнің еркімді іске асырушы Бабыл патшасы Набуходоносордың билігіне тапсырып отырмын. Мен тіпті даланың жабайы аңдарын да оған бағынышты етемін.
7
Бабыл патшалығы мен патшасына сотталу уақыты жеткенге дейін, барлық халықтар оның өзіне, ұлы мен немересіне мойынсұнып қызмет ететін болады. Содан кейін Бабылдың өзі көптеген халықтар мен ұлы патшаларға бағынышты болады.
8
Ал егер бір ұлт не бір патшалық Бабыл патшасы Набуходоносорға бағынып оның мойынтұрығын киюден бас тартса, Мен ондай ұлтты семсер, ашаршылық және індетпен жазалап, сол патшаның қолымен құртамын! — дейді Жаратқан Ие. —
9
Сондықтан сендерге «Бабыл патшасына бағынып қызмет етпейсіңдер!» деп болжайтын өз пайғамбарларыңа, бал ашушы, түс көруші не аруақ шақырушы сәуегейлерің мен сиқыршыларыңа сенбеңдер!
10
Өйткені олар сендерге жалған пайғамбарлық сөз айтып, өз елдеріңнен алыс жаққа айдалып кетулеріңе түрткі болады. Сонда Мен сендерді елдеріңнен аластатып, басқа жаққа қуып, сендер сол жерде құрып кетесіңдер.
11
Ал Бабыл патшасына бағынып, оның мойынтұрығын киген халықты Мен өз елінде қалдырамын. Олар сонда тұрып, жерін өңдеп өз күндерін көретін болады, — деп уәде етеді Жаратқан Ие.
12
Мен Жаратқан Иенің осы хабарын Яһуда патшасы Седекияхқа да жеткізіп былай дедім:
— Бабыл патшасының мойынтұрығын киіп, оған және оның халқына бағыныңдар, сонда тірі қаласыңдар!
13
Жаратқан Ие Бабыл патшасына бағынбаған кез келген халықты семсер, ашаршылық және індетпен қырамын деп ескертіп тұрғанда саған халқыңмен қоса қырылып не бар?
14
Сендерге «Бабыл патшасына бағынып қызмет етпейсіңдер!» деп жүрген пайғамбарларды тыңдамаңдар! Олар сендерге өтірік айтып жүр.
15
Жаратқан Ие: Мен оларды жіберген жоқпын, — деп отыр. — Олар Менің атымнан өтірік хабар айтып жүр! Сондықтан Мен сендерді елден аластатамын, солай өздерің де, сендерге болжамдарын айтып жүрген пайғамбарларың да құрисыңдар!
16
Мұнан кейін мен қайтадан діни қызметкерлер мен бүкіл халыққа арнап былай дедім:
— Жаратқан Ие мынаны айтады: «Жаратқан Иенің киелі үйінен Бабылға әкетілген ыдыстар жақын арада кері қайтарылады» деп жүрген пайғамбарларға сенбеңдер! Олар сендерге өтірік хабар айтып жүр.
17
Оларды тыңдамаңдар! Бабыл патшасына бағынып мойынсұныңдар! Сонда тірі қаласыңдар. Мына қала не үшін қирап жермен-жексен болып қиратылуға тиіс?
18
Егер олар шынымен Жаратқан Ие жіберген пайғамбарлар болса, онда Әлемнің Иесіне: «Киелі үйде, Яһуда патшасының сарайы мен Иерусалим қаласында қалған құнды бұйымдар қалай болғанда да Бабылға әкетілмесе екен!» деп мінажат етіп сиынсын!
19
Өйткені Әлемнің Иесі ғибадатханадағы екі қола бағана, оның ауласындағы «теңіз» деп аталатын дәу қола қазан, жылжымалы қола тұғырлар және киелі үйдің әлі де қалада қалған басқа да бұйымдары туралы хабарын жіберген болатын.
20
Себебі Бабыл патшасы Набуходоносор Яһуда патшасы Жохақым ұлы Ехонияхты, Яһуда мен Иерусалимнің басшыларын Иерусалимнен Бабылға айдап әкеткенде ғибадатхананың көптеген бұйымдарын тонап алып кеткен болса да, кейбіреулері қалып қойған еді.
21
Иә, Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, Өзінің киелі үйінде, Яһуда патшасының сарайында және Иерусалим қаласында қалып отырған құнды бұйымдар туралы мынаны айтады:
22
Олар Бабылға әкетіледі, әрі Мен оларға қайтадан назар аударғанша сол жақта қала береді! — деп нық айтады Жаратқан Ие. — Ал содан соң Мен осы бұйымдарды өз орнына қайтарып алып келемін!