Еремия  26
Пайғамбардың киелі үйдің ауласында сөйлеген сөзі
1
Яһудаға Жосия ұлы Жохақымның патшалық құруының бастапқы кезінде Жаратқан Ие Еремияға тағы да сөзін арнады.
2
Сонда Жаратқан Ие мынаны айтты: «Менің киелі үйімнің ауласына барып тұр. Яһуданың барлық қалаларынан киелі үйіме ғибадат етуге келгендерге Мен саған айтқандардың бәрін бірде-бір сөзін қалдырып кетпей жеткіз.
3
Мүмкін, олар құлақ асып, әркім өзінің зұлым жолынан қайтар. Сонда Мен де райымнан қайтып, зұлымдықтары үшін жоспарлаған апатымды олардың бастарына түсірмеймін.
4
Ал енді, жиналған халыққа былай де: Жаратқан Ие мынаны айтады: Егер сендер бұдан былай да Мені тыңдамай, өздеріңе тапсырған Таурат заңыма мойынсұнбайтын болсаңдар,
5
әрі Мені қыңырлана тыңдамай қойып, өздеріңе қайта-қайта жіберген қызметшілерім — пайғамбарларға құлақ аспайтын болсаңдар,
6
онда Мен ежелде Шилодағы табыну орнын қалай талқандатқан болсам,
а
осы киелі үйді де солай талқандатамын. Ал Иерусалимді жер бетіндегі күллі халықтар қарғайтын қалаға айналдырамын!»
7
Еремияның Жаратқан Иенің киелі үйінің алдында айтып берген осы сөздерін діни қызметкерлер, пайғамбарлар және жиналған халықтың барлығы естіп тұрды.
8
Еремия Жаратқан Ие өзіне бүкіл халыққа жариялауға тапсырғандарының бәрін айтып болғанда, олар оны ұстап алып, былай деп айқайлады: «Сенің көзіңді құрту керек!
9
Осы киелі үй Шило сияқты талқандалады, әрі Иерусалим қирап, қаңырап бос қалады деп Жаратқан Иенің атынан айтуға қалай ғана аузың барады?» — Жаратқан Иенің киелі үйінде көп халық Еремияның айналасына топырлап жиналды.
Опасыз дінбасылардың Еремия пайғамбарды өлтіруге тырысуы
10
Яһуда елінің бірқатар төрешілері
ә
бұл туралы естігенде патша сарайынан шығып, киелі үйге көтеріліп, оның жаңа қақпасының кіреберісіне барды. Сол жерде олар (дауларды қарайтын орынға) жайғасты.
11
Сонда діни қызметкерлер мен (жалған) пайғамбарлар төрешілерге және бүкіл халыққа шағымданып:
— Бұл кісінің біздің қаламыз туралы жамандық болжап,
б
сатқындық жасап тұрғанын өз құлақтарыңызбен естідіңіздер. Сол үшін оған өлім үкімін шығару керек! — деді.
12
Ал Еремия төрешілер мен халықтың бәріне арнап былай деді:
— Мына киелі үй мен осы қала туралы сіздер жаңа естіген болжам сөзді айтуға мені Жаратқан Ие жіберді.
13
Сондықтан теріс жолдарыңнан қайтып, іс-әрекеттеріңді түзетіп, Құдайларың Жаратқан Иеге мойынсұныңдар! Осылай етсеңдер, Ол райынан қайтып, өздеріңізге бұйырған апатын жібермейді.
14
Ал маған келсек, міне, өз қолдарыңыздамын. Өздеріңізге не ізгі де әділ болып көрінсе, соны маған істей беріңіздер.
15
Бірақ мынаны біліп қойыңыздар: Егер мені өлтірсеңіздер, онда өздеріңіз, осы қала және оның тұрғындарының бәрі де жазықсыз адамның қанын төгіп, соның кінәсін мойындарыңызға жүктейсіздер. Өйткені бұл сөздерді сіздерге естіртуге мені шынымен Жаратқан Ие жіберді!
16
Сонда төрешілер мен бүкіл халық діни қызметкерлер мен пайғамбарларға:
— Бұл адамды өлімге кесуге болмайды! Ол бізге Құдайымыз Жаратқан Иенің атынан сөйледі ғой! — деді.
17
Елдің ақсақалдарының
в
бірнешеуі алға шығып, халықтың бүкіл жамағатына қарап былай деді:
18
— Яһуда патшасы Езекияның заманында морешеттік Миха пайғамбар
г
Құдайдың хабарын жеткізіп бүкіл Яһуда халқына былай деген болатын: «Әлемнің Иесі мынаны айтады: Сион тауы егістіктей соқамен жыртылады! Иерусалим — тас үйіндіге, қазір ғибадатхана тұрған төбе — ну орманды қыратқа айналады!»
ғ
19
Езекия патша және бүкіл Яһуда халқы оны сол үшін өлімге кесіп пе еді? Қайта, Езекия Жаратқан Иені қастерлеп, Одан рақым етуін жалбарына сұрады емес пе? Сонда Жаратқан Ие райынан қайтып, оларға бұйырған апатын жібермей қойды ғой! Ал Еремияны өлтіріп, біз өзімізге-өзіміз зор апат келтірейін деп тұрмыз!
Ұрия пайғамбардың шейіт болуы
20
Сол кездері кирият-иғарымдық Шемаях ұлы Ұрия деген кісі де Жаратқан Иенің атынан Оның хабарларын жеткізіп жүрген болатын. Ұрия пайғамбардың айтқандары Еремияның сөздерінің барлығымен бірдей болды. Осы қала мен елдің зор апатқа душар болатыны туралы ол да пайғамбарлық сөз айтып жүрді.
21
Жохақым патша өзінің бүкіл ұландары және әміршілерімен бірге Ұрияның айтқан сөздерін естігенде, оның көзін құртпаққа ұмтылды. Ұрия бұл туралы біліп қойғанда абыржып, Мысырға қашып кетті.
22
Ал Жохақым патша Ахбор ұлы Елнатанды қасына бірнеше кісі қосып, Мысырға жіберді.
23
Олар Ұрияны сол елден қайтарып, Жохақым патшаның алдына алып келді. Патша оны семсермен шауып өлтіріп, мәйітін қарапайым халық жерленетін жерге лақтырып тастатты.
24
Бірақ Шапан ұлы Ахиқамның
д
қолдауының арқасында Еремия жанын алмақ болған халық тобырына тапсырылудан аман қалды.

а  7:12; Пат1 4:12.

ә  Яки: әміршілері.

б  Яки: жаман пайғамбарлық сөз айтып.

в  Яки: рубасыларының (29:1; Пат4 6:32; 3:16; 4:29).

г  Мих 1:1.

ғ  Мих 3:12.

д  39:14; Пат4 22:12-14.