Еремия 25
Жетпіс жылға жер аударылу туралы алдын ала хабар
1
Жосия ұлы Жохақымның Яһуда еліне патшалық құрған төртінші жылы Жаратқан Ие Еремияға бүкіл Яһуда халқы туралы сөзін арнап хабарын жіберді. Бұл Бабылға Набуходоносордың патшалық құрған бірінші жылы болатын.
2
Еремия пайғамбар осы хабарды Яһуда халқы мен Иерусалим тұрғындарының бәріне жеткізіп былай деді:
3
— Яһудаға Амон ұлы Жосияның патшалық құрған он үшінші жылынан бастап осы күнге дейін — барлығы жиырма үш жыл бойы Жаратқан Ие маған сендерге арналған хабарларын жолдап келеді. Мен олардың бәрін өздеріңе әлсін-әлсін айтып жеткізіп жүрмін, бірақ сендер тыңдамайсыңдар.
4
Жаратқан Ие сендерге қайта-қайта пайғамбарларын жіберіп отырса да, сендер оларды не тыңдаған, не ден қойған жоқсыңдар.
5
Сол хабарларда Жаратқан Ие сендерге мынаны ескертетін: «Әрқайсың теріс жолдарыңнан қайтып, істеп жүрген зұлым істеріңнен бас тартыңдар! Сонда Мен өздеріңе және ата-бабаларыңа мәңгілікке тапсырған елде сендерді ұдайы мекендетемін.
6
Сондай-ақ бөгде тәңірлердің жолын қуып оларға иіліп табынбаңдар! Мені өз қолдарыңмен жасап алған сол тәңірсымақтарыңмен ашуландырмаңдар! Сонда Мен сендерге ешқандай бақытсыздық жібермеймін!»
7
Енді Жаратқан Ие мынаны айтады: «Бірақ сендер Мені тыңдамадыңдар. Өз қолдарыңмен жасап алған нәрселеріңе табынып, ашуымды шақырдыңдар. Осылайша өз бастарыңа өздерің пәле тілеп алдыңдар!»
8
Сондықтан Әлемнің Иесі мынаны айтады: «Менің сөздерімді тыңдамағандықтарыңнан,
9
солтүстіктің барлық ұлттары мен тайпаларын және Менің еркімді іске асыратын Бабыл патшасы Набуходоносорды осы ел мен оның тұрғындарына және оның айналасындағы күллі халықтарға қарсы аттандырып алып келемін. Мен осы елдерді түгелдей қиратып тастаймын. Олар ұдайы қаңырап бос қалады, ал басқалар оларға қарап аңтарыла жандары түршігіп, ысқырып келекелейтін болады.
10
Олардан қуаныш пен шаттықтың үнін, күйеу жігіт пен қалыңдықтың көңілді дауыстарын шықпайтын қыламын. Қол диірменінің үні де өшіп, шам-шырақтары сөніп қалады.
11
Бүкіл ел қорқынышты құлазыған айдалаға айналады, ал осы ұлттар Бабыл патшасына жетпіс жыл бойы басыбайлы қызмет ететін болады.
12
Бірақ жетпіс жыл өткен соң, Мен Бабыл патшасын да, оның халқын да ауыр кінәлары үшін жазалап, халдейлердің елін мәңгілікке қаңыраған қу далаға айналдырамын.
13
Мен сол жерге қарсы айтқанымның барлығын: Еремия пайғамбардың басқа ұлттарға қарсы жариялап, осы шиыршық кітапта жазылған жазаларымның бәрін де жүзеге асырамын.
14
Бабылдықтар көп халықтар мен ұлы патшалардың құлдығына түседі. Мен бабылдықтарға жасаған іс-әрекеттеріне сай тиісті жазаларын тартқызамын!»
Құдайдың қаһарына толы «тостаған»
15
Өйткені Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие маған былай деп бұйырды:
— Ернеуіне дейін «қаһарымның шарабына» толған мына «тостағанды» ал да, Өзім сені жіберетін халықтардың бәріне содан «ішкіз!»
16
Олар «ішіп алып», тәлтіректейді. Мен олардың арасына семсерді жібергенімде мүлдем естері ауысып кетеді!
17
Мен Жаратқан Иенің қаһарына толы «тостағанды» Оның қолынан қабылдап, Өзі мені жіберген халықтардың бәріне «ішкіздім»:
18
Иерусалим мен Яһуданың басқа қалалары, оның патшалары мен әміршілері осылай күйреп, бөтен халықтардың бұларға қарап жандары түршігіп ысқырып, келекелеп, қарғауына ұшырайтын болды. Олар әлі күнге дейін сол күйде.
19
Сондай-ақ Мысыр патшасы перғауынға, нөкерлері мен әміршілеріне, бүкіл халқына,
20
сол патшалықта тұрып жатқан барлық жат жұрттықтарға да сол «тостағаннан» ішкіздім. Мұнан кейін шығыстағы Ус жерінің күллі патшаларына, філістірлер елінің бүкіл патшаларына әрі Ашқалон, Газа, Әкронның халқына және Азоттың тірі қалғандарына да,
21
Едом, Моаб және Аммонның халқына,
22
Тир мен Сидонның барлық патшаларына, теңіздің ар жағындағы аралдар мен жағалауларындағы жерлердің патшаларына да,
23
Дедан, Тема, Буздың халықтарына, шалғайда тұратын бүкіл көшпенділерге,
24
Арабияның және иен даланы мекендейтін әр түрлі ұлттардың барлық патшаларына,
25
Зімри, Елам және Мидия патшаларының бәріне,
26
алыс-жақын солтүстік елдерінің барлық патшаларына, бірінен кейін біріне, жалпы, бүкіл жер жүзінің патшалықтарына Жаратқан Иенің қаһарына толы «тостағаннан ішкіздім». Бәрінің соңынан Шешах патшасы да содан «ішетін» болады.
27
— Бұдан кейін оларға былай де: Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: «ішіңдер, тоя ішіп, құсып тастаңдар!» Мен араларыңа жіберіп отырған семсерден құлап, қайтып тұрмаңдар!
28
Ал егер олар сенің қолыңнан «тостағанды» алып, «ішуден» бас тартса, оларға былай де: Әлемнің Иесі мынаны айтады: Сендер одан міндетті түрде ішесіңдер!
29
Ойлаңдаршы, Мен тіпті Өзімнің атыммен аталған қаланың басына да апат түсіремін. Сонда өздеріңді жазадан құтыламыз деп ойлайсыңдар ма? Жоқ, құтылмайсыңдар, өйткені жер бетінің күллі тұрғындарына семсерді жіберемін! — деп нық айтады Әлемнің Иесі.
30
Сонымен оларға қарсы мына пайғамбарлық сөздердің бәрін де айт: Жаратқан Ие заңғар биіктен ақырып, Өзінің киелі тұрағынан даусын естіртеді. Ол осы шұрайлы елге Өзінің бар даусымен күркіреп, бүкіл жер бетінің тұрғындарына жүзімді таптап шырынын ағызатын жұмысшылар айқайлағандай қатты айқай салады.
31
Осы айқай-шу жердің шет-шеттеріне дейін жететін болады. Өйткені Жаратқан Ие ұлттарды айыптап, барлық халықтарға үкімін шығарып, ішіндегі зұлымдарын семсерімен құртатын болады, — дейді Жаратқан Ие.
32
Әлемнің Иесі тағы мынаны да айтады:
— Қараңдаршы! Апат бір халықтан екінші халыққа тарап, жердің бар түкпірлерінен алапат дауыл тұрып келе жатыр.
33
Сол кезде Жаратқан Иенің қолынан мерт болғандар жердің бір шетінен екінші шетіне дейін барлық жерде жатады. Оларды ешкім жоқтап қайғырмайды да, өліктерін жинап, қабірге қоймайды да. Олар далада қи-қоқыс сияқты шашылып жататын болады.
34
Ей, «бақташылар», жылап-сықтаңдар, «отардың жетекшілері», қатты қайғырып күлге аунаңдар! Сендердің қырылып, бытырап кететін уақыттарың келді. Сендер құлап, қымбат ыдыстай сынып қаласыңдар.
35
Бақташылардың қашып баратын, жетекшілердің бас сауғалайтын жері болмайды.
36
Бақташылардың жан айқайы, жетекшілердің еңіреп жылауы естіліп тұр. Өйткені Жаратқан Ие олардың жайылымдарын жайпап жатыр.
37
Тыныш жатқан көгалдар Жаратқан Иенің жалындаған қаһарынан тып-типыл болады.
38
Ол апанынан шыққан арыстандай тап беруге дайын тұр. Олардың елдері басқыншының семсерінен және Жаратқан Иенің жалындаған қаһарынан қаңырап бос қалады.