Еремия  18
Құмырашы мен оның қыш ыдыстарының мысалы
1
Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап былай деп бұйырды:
2
«Қазір ылдилап құмырашының үйіне бар! Сол жерде саған халыққа айтатын хабарымды жеткіземін».
3
Мен құмырашының үйіне барғанда, ол аяғымен ұршығын айналдырып жұмыс істеп отыр екен.
4
Саз балшықтан жасап отырған бір ыдысының пішіні дұрыс шықпай қалғанда, шебер оны бұзып, қайтадан илеп, өз ойындағыдай етіп басқа бір ыдысты жасап шығарды.
5
Сонда Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді:
6
«Уа, Исраилдің үрім-бұтағы, мына құмырашының өзінің ыдыстарына істегенін Мен сендерге істей алмаймын ба? Жаратқан Ие мынаны айтады: Балшық шебердің қолында болғандай, сендер де Менің қолымдасыңдар, уа, Исраил халқы.
7
Кейде Мен бір халықты не патшалықты елінен түп-тамырымен жұлып, құлатып, жоюым керек деп шешемін.
а
8
Бірақ егер сол халық өзінің жасап жүрген зұлым істеріне өкініп, солардан бас тартса, онда Мен де райымнан қайтып, жіберейін деп отырған апатты оларға жібермеймін.
ә
9
Ал басқа кезде Мен бір халықты не патшалықты орнатып, нығайту керек деп шешемін.
10
Бірақ сол халық даусыма құлақ аспай, Маған жек көрінішті істер істесе, онда Мен де оларға жасаймын деген жақсылығымды жасамай қоямын.
11
Сондықтан Яһуданың адамдарына және Иерусалимнің тұрғындарына былай де: Жаратқан Ие мынаны айтады: Біліп алыңдар: Мен сендерге бір жаман апатты ойластырып дайындап жатырмын. Сондықтан әрқайсың зұлым жолдарыңнан қайтып, іс-әрекеттерің мен жүрген жолдарыңды түбегейлі өзгертіңдер!»
Халықтың қасарысып, жалған тәңірлерге табынуы
12
Бірақ олар: «Біз үшін әуре болмай-ақ қой! Өз ниетімізді іске асыра береміз. Ешқайсымыз алған бетімізден қайтпай, ойға алған айлалы істерімізді жүзеге асырамыз!» дейтін болады.
13
Сол себепті Жаратқан Ие мынаны айтады: «Басқа ұлттардан сұраңдаршы, бұндай нәрсе туралы кім естіп көріпті? Бұрын пәк қыздай болған Исраил халқы жексұрын іс жасады!
14
Ливан тауының асқар шыңдарынан қар кете ме? Алыстан ағып келген оның мұздай суы сарқыла ма? (Әрине, жоқ.)
15
Бірақ өз халқым Мені елемей тастап кетті! Олар түкке тұрғысыз тәңірсымақтарға арнап хош иісті заттар түтетіп табынады. Осы жалған тәңірлер халқымды сүріндіріп, ежелгі ізгі жолдарынан тайдырып, нашар сүрлеу жолдарға түсірді.
б
16
Сондықтан оның жері қиратылып, басқа халықтар оны ысқырып, келекелейді. Сол жермен өткен-кеткендердің бәрі аңтарыла жандары түршігіп, бастарын шайқайтын болады.
17
Шығыстан соққан дауыл сияқты, Мен оларды жауларының алдында шашыратып жіберемін. Бастарына күн туғанда Мен олардан сырт айналып, бет-жүзімді көрсетпеймін».
Пайғамбардың өзіне қастандық ойлаған жаулары жайлы шағымы
18
Сол кездері кейбіреулер: «Еремияға қарсы қолданылатын шаралар ойластырып, оның аузын жабайық. Таурат заңын үйрететін діни қызметкерлер, ақыл-кеңес беретін данышпандар, Құдайдың хабарын жеткізетін пайғамбарлар өз арамыздан таусылмайды. Кәне, сол кісіге жала жауып, айтқан сөздеріне құлақ аспайық!» — деп сөз байласты.
19
(Сонда пайғамбар былай деп мінажат етті:) «Тыңдашы мені, Жаратқан Ие! Айыптаушыларымның не айтып жатқанына құлақ түре көрме.
20
Жақсылыққа жамандықпен қайтаруға бола ма? Ал бұлар маған ор қазуда.
в
Қаһарыңды оларға жаудырмауың үшін мен олардың игілігін көздеп Сенің алдыңда тұрып жалбарынғанымды
г
есіңе түсіре көрші!
21
Солардың балаларын ашаршылыққа ұшыратып, семсерден өлім құшыр. Аналары балаларынан айырылып, әйелдері жесір қалсын, ер адамдары індеттен құрып, жастары шайқаста семсердің жүзінен мерт болсын.
22
Сен оларға кенеттен басқыншылар жібергенде, үйлерінен зар жылаған дауыстар шықсын! Себебі мені қолға түсіру үшін олар маған ор қазып, жолыма тор құрды.
23
Бірақ Сен, уа, Жаратқан Ие, олардың мені өлтіруге жасаған барлық жоспарларын білесің. Олардың қылмыстары мен күнәларын кешіріп, есіңнен шығара көрме! Қаһарлы сотың кезінде оларға лайықтысын қайтарып, Өзіңнің алдыңда жайпап құртып жібере гөр!»

а  31:28; 45:4.

ә  7:3-7; 26:3; Жүн 3:10.

б  7:23; Заң 32:5,7; 11:28; Жыр 118:32; Иш 20:21.

в  11:18-23; 12:6; 15:15,20-21; 17:18; 18:12,22-23.

г  14:7-9,19-22.