Еремия 10
Шынайы Құдай әрі жасанды тәңірсымақтар
1
Жаратқан Иенің өздеріңе айтып отырған сөзін тыңдаңдар, уа, Исраилдің үрім-бұтағы!
2
Себебі Жаратқан Ие мынаны айтады: Басқа ұлттарға еліктеуші болмаңдар! Олар сияқты аспан құбылыстарына қарап, қорқып үрейленбеңдер!
3
Себебі басқа ұлттардың әдет-ғұрыптары құр бекершілік. Олар орманнан ағаш шауып әкеледі, қолөнерші оны қашауымен өңдейді.
4
Содан кейін ағашты алтын-күміспен қаптайды, шайқалып құламасын деп тұғырына шегелеп бекітіп қояды.
5
Олардың тәңірсымақтары қауын бақшасындағы қарақшы сияқты сөйлей алмайды, жүре де алмайды, сондықтан көтеріп алып жүру керек. Олардан қорықпаңдар, себебі еш зиян келтіре алмайды, жақсылық та жасай алмайды.
6
Уа, Жаратқан Ие, Саған тең келер ешкім жоқ! Сен ұлысың! Зор құдіретіңе бола Сенің есімің де ұлы!
7
Кім Сені терең қастерлемесін, уа, халықтардың Патшасы? Бұл жалғыз Саған ғана тиісті. Барлық халықтардың данышпандарының арасында, олардың бүкіл патшалықтарында Саған тең келер ешкім жоқ!
8
Жалған тәңірлерге құлшылық ететін сол «данышпандар» ақылсыз да түйсіксіз. Олардың табынатындары ағаштан жасалған ғой.
9
Тарсистан балғамен ұрып тегістелген жұқа күміс, әрі Уфаздан алтын әкелінеді. Шебер ұсталар мен зергерлер мүсіндерді солармен қаптайды. Кейін мүсіндерге шебер тігінші тіккен күлгін көк және күрең қызыл патша киімі кигізіледі. Алайда осы тәңірсымақтардың бәрі де шеберлердің қолымен жасалғандар ғана.
10
Бірақ Жаратқан Ие — шынайы Құдай! Ол — тірі Құдай әрі мәңгілік Патша! Ол қаһарланғанда жер сілкініп, ұлттар Оның қаһарына төтеп бере алмайды.
11
Сол ұлттарға мынаны айтыңдар: Аспан мен жерді жаратпаған тәңірсымақтарың жер бетінен де, аспан астынан да құрып кететін болады.
12
Ал Жасаған Ие жерді өз құдіретімен жаратып, дүниені даналығымен орнатып, аспан кеңістігін ақыл-парасатымен жайып жіберді.
13
Ол дауыс көтергенде аспандағы бұлттар күркірейді. Иеміз көкжиектен бұлттарды көтеріп, нөсер мен найзағайды жібереді, сақтап қойған орнынан желді айдап әкеледі.
14
Адам атаулы ақылсыз болып, шынайы білімнен жұрдай қалды. Тәңірсымақтың мүсінін құйып жасаған әр зергер сол ісімен өзін масқаралайды. Өйткені қоладан құйылған бейнелер алдамшы, оларда тіршілік лебі мүлдем жоқ.
15
Сол тәңірсымақтар түкке тұрғысыз, әжуаға қалатын нәрселер. Сотталу уақыты келгенде олардың барлығы құрып кетеді.
16
Ал Жақыптың үрім-бұтағына жар болушы Құдай олар сияқты емес: Ол — барлық нәрсенің, соның ішінде Өзінің меншікті халқы Исраилдің Жаратушысы. Оның есімі — Әлемнің Иесі.
Халықтың жуырда алыс жаққа жер аударылуы
17
Ей, қоршауда жатқандар, елден кету үшін заттарыңды жинап алыңдар!
18
Өйткені Жаратқан Ие мынаны айтады:
— Біліп алыңдар: Бұл жолы Мен осы елдің тұрғындарын сақпанның тасындай алысқа лақтырып тастаймын. Олардың жау қолына түсулері үшін түрлі апаттар жіберемін.
19
— Сорлы басым, күйредім-ау! Жарақатым жазылар емес. Мен: «Бұл тек ауру ғана, төзуім керек» деген едім.
20
Бірақ шатырым қирады, арқандарының бәрі үзілді. Балаларым мені тастап, ғайып болды. Шатырымды тігіп, панамды құрып беретін ешкім қалған жоқ! (— деп қайғырады Иерусалим.)
21
— Халқымды жетелейтін бағушылар да ақылдарынан айырылып, Жаратқан Иеге бет бұрып сиынбайды. Сондықтан да олар ешқандай табысқа жетпей, қарауларындағы бүкіл халық шашырап қаңғып кеткен.
22
Құлақ түріңдер! Бір хабар жетті: ол — солтүстік жақтан келе жатқан әскердің гүрілдеген зор үні! Жау Яһуданың қалаларын елсіз қылып, шибөрілердің мекеніне айналдырады! (— деп ескертеді пайғамбар.)
Еремияның мінажаты
23
«Уа, Жаратқан Ие, адамның өмір жолы өз еркінде еместігін білемін. Адамның өз жүретін жолын өздігінен бағыттауына болмайды.
24
Түзете гөр мені, уа, Жаратқан Ие, бірақ қаһарланбай әрі әділдікті қолданып түзете гөр, әйтпесе мен мүлдем құрып кетермін!
25
Қаһарыңды Өзіңді танып мойындамайтын ұлттарға, есіміңді атап сиынбайтын тайпаларға төкші! Өйткені олар Жақыптың елін жалмап жеп қойды. Олар оны біржола құртып, жайлы мекенін қиратып, бос қалдырды».