Еремия пайғамбар
Жазба туралы мәлімет
Еремия Иерусалимнің маңындағы Анатот қалашығын мекендеген діни қызметкер әулетінен шыққан. Ол Алла Тағаланың хабарын Яһуда халқына өте ауыр кезеңде, б.з.д. 626-586 жылдар шамасында, жеткізді. Жаратқан Ие оны пайғамбар етіп тағайындағанда Еремия жиырма үш жаста еді. Құдай оған өз отбасылық өмірі арқылы халықтың теріс істерін және соларының нәтижелерін бейнелеп көрсетуді тапсырды. Мінезі сезімтал Еремия кейде ұлттас қарсыластарының паңдана айыптауларынан әрі шетелдік жаудың қатыгездігінен түңіліп ұнжырғасы түсетін. Ал Хақ Тағала оған жүктелген ауыр міндетіне адал болып қалуға жігер әрі рухани күш-қуат беретін (1:6; 15:10-21).
Еремия Құдайдың хабарын халқына алғаш рет жеткізген кезде Яһуда еліне Жосия патшалық құруда еді. Жосия Еремияны құрметтеп, халықты Жасаған Иеге қайтуға шақырды. Ал бұрынғы патшалар Манаса мен Амон халықты әбден адастырғандықтан, оның басым көпшілігі енді Жаратқан Иеге шын жүректен бет бұрмады. Кейінгі патшалар — Жосияның ұлдары Жоғахаз, Жохақым және немересі Ехониях Алла Тағалаға еш мойынсұнбай, Оның пайғамбары Еремияны тіпті қуғындап, түрмеге қамап та қойды.
Содан пайғамбардың адал досы әрі хатшысы Барух Жаратқанның Еремияға жіберген хабарларын жазып алып, халыққа оқып беретін (36:4-10). Ал Жохақым патша ашуланып, қолжазбаны тартып алып, өртеп жіберді. Еремия Алла Тағаланың бұйрығымен осы хабарларды Барухқа қайтадан жаздырып, оларға Құдайдың жіберген тағы бірнеше хабарын қосты (36:20-32). Бұл қолжазба Еремия пайғамбардың жазбасының басым бөлігін құрайды. Мұндағы бөлімдер Құдайдың Еремияға хабарларын жіберген мезгілдердің ретімен емес, тақырыптары бойынша орналастырылған.
Еремия пайғамбар туған халқының адал ұлы болып ол үшін дұға етіп, оның жасаған күнәлары үшін жуырда жазаланатынын жиі-жиі ескертіп жүрді. Жасаған Ие Яһудаға қарсы жауларын аттандырып, бүкіл елді және астанасы Иерусалимді талқандатпақшы еді. Патша мен халық осы әділ жазаны қабылдап, Құдай Тағалаға шын жүректен бет бұрып, кешірім сұрап, Бабыл патшасына мойынсұнуға тиіс болды. Ал олар, керісінше, Құдайға және өздері бағынуға серт берген Бабыл патшасына қарсы бас көтерумен болды.
Яһуданың соңғы патшасы Седекиях кейде пайғамбардан ақыл сұраса да, нөкерлерінің оны түрмеге жабуларына жол берді. Патша Мысырдан қолдау дәметіп Бабыл патшасына қарсы шыққан соң, Бабыл әскері Иерусалимді қоршап алып, он сегіз айдан кейін қаланы қолға түсірді. Қашып кеткен Седекиях тұтқындалып, асқан қаталдықпен жазаланды. Бабылдықтар қаланы тонап, өртеп жіберіп, халқын Бабылға айдап әкетті. Олар Еремия пайғамбарға Яһуда елінде қалуына рұқсат берді. Алайда бір ұлттас көтерілісшілер тобы Еремия мен Барухты өздеріне еріп Мысырға кетуге мәжбүрледі.
Ұзақ жылдар бойы Еремия адалдықпен халыққа күнәларын әшкерелеп, Жаратқан Иенің ежелде халықпен Келісім жасағанда жариялаған жазаларын (Леу 26; Заң 28-29) жуырда іске асыратыны жайлы ескертіп отырды. Ақырында Хақ Тағала қиқарлана мойынсұнбаған халықты жау қолына тастап, басқа елдерге шашырап кетуіне жол берді.
Ал Жасаған Ие Еремияға үміттің де хабарын берді: Жетпіс жылғы жер аударылудан кейін Ол халықты кешіріп, күнәларынан тазартып, туған елдеріне қайтарып әкелмекші. Сонда Ол қайтадан халқының Құдайы болып, онымен жаңа Келісім жасап, оларға таза да тіл алғыш жүрек сыйламақ (31:31-34). Сонда Ол халқына қуана игілік көрсетіп, күш-қуат дарытады. Оларды жәбірлеген жауларының өздері кейінгі заманда құртылады. Сонда Дәуіт патшаның әділ ұрпағы билік жүргізіп, діни қызметкерлер Жаратқан Иеге сый-тартулар ұсынып, Құдайдың халқы бейбіт те бақытты өмір сүретін болады (32:36-44; 33:6-18).