Билер  8
1
Ал ефремдіктер Гедеонды қатты сөгіп:
— Неге бізге осылай істедің? Мадияндықтарға қарсы соғысуға аттанғаныңда неге бізді шақырмадың? — деді.
2
Гедеон оларға жауап беріп:
— Сіздермен салыстырғанда мен қазір қандай жетістікке қол жеткізіппін? Ефрем руының терген масақтары Әбиезер әулетінің бүкіл жинағанынан әлдеқайда артық емес пе?
3
Құдай сіздердің қолдарыңызға Мадиянның екі әміршісі Ориб пен Зипті
а
түсірді! Сіздермен салыстырғанда мен қандай жетістікке қол жеткізе алдым? — деді. Гедеонның жауабын естігенде, ефремдіктердің ашуы басылды.
Гедеон бидің қол ұшын бермегендерді жазалауы
4
Гедеон және оның қасындағы үш жүз адамы Иордан өзеніне жетіп, оның шығыс жағына өтті. Өздерінің шаршап-шалдыққандарына қарамастан, олар мадияндықтарды қууын жалғастыра берді.
5
Гедеон Соқот қаласына жеткенде, оның адамдарына:
— Мына жасақшыларыма біраз таба нан берсеңіздер екен. Олар қатты ашығып тұр! Мен Мадиян патшалары Зебей мен Салманның соңына түсіп келе жатыр едім, — деп өтініш жасады.
6
Бірақ Соқоттың басшылары:
— Біз сенің тобыңа тамақ беретіндей, Зебей мен Салманды қолыңа түсіріп пе едің? — деп кекетті.
7
Гедеон оларға:
— Жарайды. Жаратқан Ие Зебей мен Салманды қолыма түсіргеннен кейін мен қайтып келемін. Сонда сендерді даланың тікенек-ошағанымен осқылап тілгілеймін! — деп жауап қатты.
8
Содан Гедеон Пенуелге де өрлеп барып, дәл сондай өтініш жасады. Пенуелдің адамдары да соқоттықтар сияқты жауап қатып, көмектесуден бас тартты.
9
Сол себепті Гедеон оларға: «Мен аман-есен қайтып келгенімде осы мұнараны қиратып тастаймын!» — деп нық айтты.
10
Сол кезде Зебей мен Салман өздерінің жасағы — шамамен он бес мың адаммен Қарқорға
ә
аялдаған болатын. Шығыс халықтарының жасақтарынан жүз жиырма мың семсер асынғандар қаза тауып, одан қалып отырғаны осы он бес мың еді.
11
Гедеон өз тобымен шатырда тұратын көшпелі тайпалардың Нобах пен Жогбеганың шығысынан өтетін көш жолымен жүре отырып, жайбарақат отырған жасаққа табан астынан бас салды.
12
Зебей мен Салман қаша жөнелді. Гедеон олардың соңынан қуып, қолға түсіріп, мадияндықтардың бүкіл жасағының зәресін ұшырды.
13
Жоғас ұлы Гедеон шайқастан қайтқанда Херес тауынан
б
түсіп,
14
жолшыбай соқоттық бір жас жігітті ұстап алды. Оған сұрақтар қойып тергеді. Жігіт Гедеонға Соқоттың барлық жетпіс жеті басшысы мен ақсақалының аты-жөндерін жазып берді.
15
Гедеон Соқотқа жеткенде, оның адамдарына:
— Мені «Біз сенің шаршаған адамдарыңа тамақ беретіндей, Зебей мен Салманды қолыңа түсіріп пе едің?» деп кекетіп едіңдер. Енді, міне, сендерге Зебей мен Салман! — деді.
16
Қала ақсақалдарын ұстатып, олардың денелерін даланың тікенек-ошағанымен осқылап тілгілетіп, Соқоттың адамдарына осылай тәлім берді.
17
Бұдан кейін Гедеон Пенуел қаласының мұнарасын қиратып, қаладағы ер адамдардың көздерін құртты.


18
Кейін Гедеон Зебей мен Салманнан:
— Сендер Таборда өлтірген адамдар қандай болатын? — деп сұрағанда, екеуі:
— Олар өзіңізге ұқсап, әрбіреуінің сырт көрінісі шетінен ханзада сияқты болатын, — деп жауап берді.
19
Сонда Гедеон:
— Бұлардың бәрі де бірге туған ағайындыларым еді ғой! Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдындағы шын сөзім, оларды өлтірмегендеріңде мен де сендерді өлтірмес едім! — деді.
20
Тұңғышы Етерге бұрылып: «Тұр, мыналардың көздерін құрт!» — деп бұйырды. Бірақ ұлы әлі де жас болғандықтан, семсерін суырып алып, оларды өлтіріп тастауға бата алмады.
21
Сонда Зебей мен Салман: «Бізді өзіңіз-ақ өлтіріңіз. Үлкеннің ісін балаға орындатпаңыз»,
в
— деді. Гедеон алдына ұмтылып, Зебей мен Салманды өлтірді де, олардың түйелерінің мойнына салынған айшықты алқаларын шешіп алды.
Гедеонның Исраилді тура жолдан тайдыруы
22
Осының бәрінен кейін исраилдіктер Гедеонға:
— Сіз бізді мадияндықтардан құтқардыңыз. Ендеше өзіңіз, содан кейін ұлыңыз және немереңіз бізге басшы болып билік құрыңыздар! — деп ұсыныс жасады.
23
Бірақ Гедеон оларға:
— Мен де, ұлым да сіздерге басшы болып билік құрмаймыз. Жаратқан Иенің Өзі-ақ сіздерге билік құрсын! — деп жауап қайтарды.
24
Алайда ол: — Менің сіздерден бір өтінішім бар: әрбіреуіңіз жаудан олжалағандарыңыздан бір-бір алтын сырғадан берсеңіздер екен, — деп қосты. Себебі жау сарбаздары ысмағұлдықтар
г
болғандықтан, құлақтарына алтын сырға тағып жүретін еді.
25
Исраилдіктер:
— Әрине, сөзсіз береміз! — деп, бір шапанды жерге жайып жіберді де, әркім соған жаудан олжалаған сырғаларының біреуін тастады.
26
Сонда жиналған алтын сырғалардың салмағы бір мың жеті жүз мысқал
ғ
болды. Оның үстіне Мадиян патшаларының тағып жүретін алтын айшықты әшекейлері мен алқалары, қырмызы шапандары әрі түйелерінің мойнына асатын алтын шынжырлары да бар еді.
27
Сол алтынды Гедеон діни қызметкер киіп жүретін жеңсіз сырт киім
д
жасауға жұмсап, соны өз қаласы Офраға апарып қойды. Кейін бүкіл Исраил халқы сонда барып, сол «қасиетті» киімге табына бастады. Осылай олар азғындыққа батты. Тіпті Гедеон мен оның әулеті де бұл тұзаққа ілініп қалды.
28
Мадиян халқы үлкен жеңіліске ұшырағандықтан, Исраилдің алдында бой ұсынып, оның енді қайтып Исраилге қарсы бас көтеретіндей қауқары қалмады. Гедеонның көзі тірі кезінде елде қырық жыл тыныштық орнады.
Гедеон бидің қайтыс болуы
29
Осы оқиғалардан кейін Жоғас ұлы Гедеон (Еруб-Бағал) өз үйінде тұруға қайтып кетті.
30
Оның әйелдері көп болғандықтан, өзінен тараған жетпіс ұлы бар еді.
31
Оның Сихемде тұратын кәнизагы
е
да бір ұл туып, Гедеон оның атын Әбумәлік (демек, «(көктегі) Әкем — Патша») деп қойды.
32
Сөйтіп Жоғас ұлы Гедеон көп жасап, қайтыс болды. Оның мәйіті Әбиезер әулетіне тиісті Офра қаласының маңында әкесі Жоғастың қабіріне қойылды.
33
Гедеон қайтыс бола салысымен, исраилдіктер қайтадан азғындап, жалған тәңір Бағалдың мүсіндеріне табынып, Бағал-Берітті
ж
өздері құлшылық ететін тәңірлері деп бекітті.
34
Осылайша исраилдіктер өздерін айналадағы барлық жауларынан құтқарып келген Құдайлары — Жаратқан Иені естерінен шығарды.
35
Еруб-Бағал, яғни Гедеон, Исраилге қанша ізгілік жасаса да, олар оның әулетіне де адалдық танытпады.

а  7:24-25; Жыр 82:12.

ә  Өлі теңізден шығысқа қарай жүз алпыс шақырымдай алшақтағы жер.

б  1:35.

в  Немесе: Адам қандай болса, күші де сондай.

г  Ысмағұлдықтар мен мадияндықтар аталас ағайынды көшпелі тайпалар болатын (Жар 25:1-2,13-18; 37:25-28; Жыр 82:7-10).

ғ  Демек, шамамен 20 кг.

д  Мыс 28:6-30; 39:2-26; Леу 8:7; Пат1 2:18.

е  Ол қанахандық басыбайлы малай қызы болған еді (9:18).

ж  Яғни «Келісім (жасаған) Ие». (Бұл Жаратқан Иенің таңдап алған Исраил халқымен жасаған Келісіміне еліктеп істегендері еді. Осы есім Ел-Беріт, демек «Келісім (жасаған) Тәңір», деп те айтылатын: 9:46.)