Билер  13
Самсон бидің айрықша дүниеге келуі
1
Исраилдіктер қайтадан Жаратқан Иеге жек көрінішті іс-әрекет жасады. Содан Ол халықты қырық жыл бойы філістірлердің қолына табыстады.
2
Дан руының Сора қаласында Маноғах есімді бір кісі тұратын, оның әйелі бала тумайтын бедеу еді.
3
Бір күні Жаратқан Иенің періштесі әйелге мынадай хабар алып келді: «Сен бала тумаған бедеу болған едің. Енді аяғың ауырлап, ұл туасың.
4
Бұдан былай шарап пен ашыған басқа да сусын атаулыны ішуден, әрі қандай да болмасын арам нәрсені жеуден сақ бол!
5
Себебі жүкті болып, ұл туасың. Оның басына ұстара мүлдем тимеуі керек. Ол құрсақта жатқан кезінен-ақ Құдайға ерекше бағышталған жан болады.
а
Исраилді філістірлердің қолынан сол құтқара бастайды!»
6
Содан кейін әйел күйеуіне келіп, былай деді: «Маған Құдайдың жіберген бір адамы
ә
келіп кетті. Оның сыртқы көрінісі Құдайдың періштесі сияқты үрей туғызады. Мен оның қайдан келгенін сұраған жоқпын, ол да өзінің аты-жөнін айтқан жоқ.
7
Бірақ ол маған: Аяғың ауырлап, ұл туасың. Бұдан былай шарап пен ашыған басқа да сусын атаулыны ішпе, әрі қандай да болмасын арам нәрсені жеме. Себебі бала құрсақта жатқан кезінен өлген күніне дейін Құдайға ерекше бағышталған жан болады! — деді».
8
Маноғах Жаратқан Иеге сиынып: «Уа, Ием, Өзің бізге жіберген адамың қайтып келіп, дүниеге келетін осы балаға не істеуіміз керек екенін үйрете көрсін», — деп өтінді.
9
Құдай Маноғахтың мінажатына құлақ салды. Оның әйелі егіс басында жүргенде Құдайдың періштесі оған қайтадан ұшырасты. Сол кезде де күйеуі Маноғах қасында жоқ еді.
10
Әйелі бірден күйеуіне жүгіріп барып: «Анау күні келген адам маған қайтадан көрінді!» — деп оны шақырды.
11
Маноғах орнынан тұрып, әйеліне еріп сол адамға барды. Одан:
— Мына әйелмен сөйлескен адам сізсіз бе? — деп сұрады. Ол:
— Мен солмын, — деп жауап берді.
12
Маноғах оған:
— Айтқандарыңыз жүзеге асқанда баланың өмірі мен іс-әрекеті қандай болуы керек? — деген сұрақ қойды.
13
Жаратқан Иенің періштесі Маноғахқа:
— Әйелің мен айтқан нәрселердің барлығынан бас тартатын болсын:
14
жүзімнен дайындалған ештеңені жемесін, шарап пен басқа да ашыған сусын атаулыны ішпесін, ешқандай арам нәрсені жеуіне де болмайды. Мен оған бұйырғанның барлығын орындасын! — деді.
15
Маноғах Жаратқан Иенің періштесін:
— Бізбен бірге қала тұрыңыз. Бір лақ соямыз, тамақ жеп кетіңіз! — деп шақырды.
16
Періште оған:
— Жарайды, біраз қала тұрайын, алайда сенің тамағыңнан дәм татпаймын. Дегенмен Жаратқан Иеге арнап шалынып, түгелдей өртелетін құрбандық ұсынуыңа болады, — деді.
Маноғах келген қонағының Жаратқан Иенің періштесі екенін әлі де ұғынбай тұрған еді.
17
Сондықтан ол Жаратқан Иенің періштесінен:
— Аты-жөніңізді айтыңызшы, сөздеріңіз орындалған кезде сізге құрмет көрсетейік! — деп өтінді.
18
Бірақ Жаратқан Иенің періштесі оған:
— Менің атымды неге сұрайсың? Ол түсінуге болмайтын тым керемет! — деп жауап қайырды.
19
Маноғах лақты шалып, оны және астық тартуын алып, екеуін сол жердегі бір дәу тастың үстінде Жаратқан Иеге өртеп ұсынды. Ол әйелі екеуі құрбандықтың жанып жатқанына қарап тұрғанда, Жаратқан Ие бір керемет іс жасады!
20
Құрбандық орнынан от жалыны аспанға қарай лаулап жатқан кезде Жаратқан Иенің періштесі сол жалынның ішінде жоғары көтеріліп кетті.
б
Маноғах пен әйелі мұны көргенде екеуі етпеттерінен жерге жата кетіп, Жаратқан Иеге ғибадат етті.
21
Періште Маноғах пен оның әйеліне енді қайтып көрінбеді. Сонда Маноғах оның Жаратқан Иенің періштесі болғанын ұғынып,
22
әйеліне:
— Біз Құдайды көрген екенбіз, енді құритын шығармыз! — деді.
23
Бірақ әйелі оған:
— Егер Жаратқан Ие бізді құртуды қалаған болса, онда не өртелген құрбандығымыз бен астық тартуымызды қабылдамас, не осындай кереметті көрсетпес, не сондай хабарды жеткізбес еді ғой! — деп жауап берді.
24
Уақыты жетіп, Маноғахтың әйелі ұл туып, атын Самсон деп қойды. Бала өсіп, Жаратқан Иенің жарылқауына ие болды.
25
Самсон Сора мен Ештағолдың арасындағы Махане-Дан дейтін жерде болғанда, Жаратқан Иенің Рухы алғаш рет оны әрекет жасауға ұмтылдырды.

а  Яки: құрсақта жатқан кезінен-ақ назир болады (Рул 6:2-5).

ә  Немесе: Құдайдың пайғамбары; яки: хабаршысы. (Пайғамбарлар солай деп те аталатын: 13:8; Заң 33:1; Еш 14:6; Пат1 2:27; 9:6-10. Періштелер кейде адам кейпінде көрінетін: 2:1; 6:20; Жар 18:2; 19:1.)

б  Жар 15:17; Леу 9:24; Шеж1 21:16; Пат4 2:11; Жыр 103:4.