Билер  11
Ефтах бидің елді Аммонның езгісінен құтқаруы
1
Ғилақадтық Ефтах
а
мықты да батыл жауынгер еді. Оның әкесінің аты Ғилақад, ал шешесі жеңіл жүрісті әйел болатын.
2
Ғилақадтың некелі әйелі де оған ұлдар туды. Олар есейген кезде Ефтахты қуып жіберіп, оған: «Біздің әкеміздің үйінде мұрагер болмайсың, себебі сен бөгде әйелдің баласысың», — деді.
3
Сонда Ефтах ағайындарынан қашып кетіп, Тоб өңіріне
ә
қоныстанды. Сол жерде оған бірнеше бос жүрген жігіттер қосылып, оның соңынан еріп (жаудың елді мекендерін тонауға) шығып жүрді.
4
Біраз уақыт өтіп, Аммон халқы Исраилге қарсы соғыс бастады.
5
Аммондықтар аттанып келгенде, Ғилақад аймағының ақсақалдары Ефтахты шақырып алу үшін Тоб жеріне оның алдына барып,
6
одан:
— Келіп, басшымыз бола көріңіз, сөйтіп аммондықтармен соғысайық! — деп өтінді.
7
Ефтах оларға:
— Мені жек көріп, әкемнің үйінен қуып шыққан сіздер емес пе едіңіздер? Енді бастарыңызға пәле түскенде маған несіне келіп тұрсыздар? — деді.
8
Бірақ Ғилақадтың ақсақалдары қоймай:
— Сол себептен біз енді өкініп, алдыңызға келіп тұрмыз. Бізбен бірге барып, аммондықтармен соғыссаңыз, Ғилақадты мекендейтін бәріміздің басшымыз сіз боласыз! — деді.
9
Ефтах оларға:
— Мейлі, мен сіздермен барып, аммондықтармен соғыса-ақ қояйын. Жаратқан Ие маған жеңіс те берді дейік. Сонда сіздер шынымен-ақ мені өздеріңізге басшы етесіздер ме? — деген сұрақ қойды.
10
Ғилақадтың ақсақалдары:
— Жаратқан Иенің Өзі осы айтқанымыздың растығына куә болсын. Сіз қалай айтсаңыз, дәл солай істейміз! — деп уәделерін берді.
11
Сонда Ефтах Ғилақадтың ақсақалдарымен барып, халық оны өздеріне басшы әрі жасақтың қолбасшысы етіп қойды. Ефтах ақсақалдарға айтқан бүкіл сөздерін Миспада Жаратқан Иенің алдында қайталап айтты.
12
Содан Ефтах Аммон халқының патшасына елшілерін жолдап:
— Менің еліме қарсы соғысатындай біздің арамызда қандай дау бар еді? — деген сәлемін жіберді.
13
Аммон патшасы Ефтахтың елшілеріне:
— Исраил халқы Мысырдан көшіп шыққан кезде, Арнон мен Ябоктың арасындағы Иорданға дейін созылып жатқан жерімді тартып алды. Сол жерімді бейбіт түрде қайтарып беріңдер! — деп жауап берді.
14
Ефтах өзінің елшілерін тағы да Аммон патшасына жолдады.
15
Олар былай деді:
— Ефтах мынаны айтады: Исраил не Моаб, не Аммон халықтарының жерлерін тартып алған емес.
16
Исраил Мысырдан көшіп шыққан кезде иен дала арқылы Қамысты теңізге әрі Қадешке барды.
б
17
Сонда Исраил Едом патшасына елшілері арқылы «Сіздің еліңіз арқылы өтіп шығуға рұқсат берсеңіз екен» деген сәлемін жіберген еді. Бірақ Едом патшасы Исраилдің өтінішіне құлақ салмады. Моаб патшасына да сондай өтініш жіберілді, бірақ ол да рұқсатын берген жоқ. Осылай Исраил халқы Қадеште қала берді.
18
Кейін олар елсіз дала арқылы, Едом мен Моаб елдерін сырт айналып өтіп, Моабтың шығыс жағына шықты да, Арнон өзенінің арғы жағына тұрақтады. Олар Моаб жеріне аяқ басқан жоқ, себебі шекара дәл сол өзен арқылы өтетін еді.
19
Содан соң исраилдіктер Хешебонда патшалық құрған аморлықтардың патшасы Сихонға елшілерін жіберіп, одан: «Жеріңіз арқылы өтіп өзіміздің жерімізге баруға рұқсат ете көріңіз» деп өтінді.
20
Бірақ Сихон Исраил халқын өз жері арқылы өткізуден қорқып, өзінің бүкіл жасағын жинап, Яхаста қостарын тігіп, оларға қарсы соғысты.
21
Бірақ Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие Сихон мен оның барлық адамдарын Исраилдің қолына тапсырып, олар жеңіліп қалды. Сонда Исраил халқы сол елді мекендеген аморлықтардың
22
Арнон мен Ябоктың арасындағы және елсіз даладан Иорданға дейінгі жерін иемденіп алды.
в
23
Ал енді Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие аморлықтарды қуып шығып, жерлерін өз халқы Исраилге бергендіктен, осы жерді мұралық меншікке алуға сіздің қандай құқығыңыз бар?
24
Табынатын тәңіріңіз Хамос өзіңізге иелікке берген жерді иемденесіз ғой. Сол сияқты, біз де Құдайымыз Жаратқан Ие мұралыққа табыстаған жерді иемденеміз.
25
Әлде сіздер Моаб патшасы Сипор ұлы Балақтан артықсыздар ма? Оның Исраилмен осы жер туралы дауласып, соғысқан кезі болды ма?
26
Үш жүз жылдан бері Исраил Хешебон, Арогер мен оларға қарасты елді мекендерде және Арнон өзенінің бойында орналасқан басқа да қалаларды қоныстанып келеді. Сол кездерде жерді неге бізден тартып алмадыңыздар?
27
Ендеше мен сізге ешқандай обал жасап отырған жоқпын. Қайта, сіз маған қарсы соғыс ашып жамандық істеп отырсыз. Жаратқан Ие — әділ Төреші. Оның Өзі бүгін Исраил мен Аммон халықтары арасындағы осы дауды шешіп берсін!
28
Бірақ Аммон патшасы Ефтахтың жіберген осы сәлеміне еш құлақ асқан жоқ.
29
Сонда Жаратқан Иенің Рухы Ефтахқа қонып, ол Ғилақад пен Манаса арқылы өтіп, Ғилақадтағы Миспаға, одан аммондықтарға қарай аттанды.
Ефтахтың берген анты
30
Ал Ефтах Жаратқан Иеге ант етіп былай деген еді: «Егер Сен аммондықтарды менің қолыма тапсырсаң,
31
онда мен аман-есен қайтып келген кезде алдымнан бірінші болып үй-жайымның қақпасынан шыққанды Жаратқан Иеге бағыштап шалып, түгелдей өртеп жіберемін».
32
Осылай Ефтах жасағын ертіп аммондық сарбаздарға қарсы аттанып, шабуыл жасады. Жаратқан Ие аммондықтарды Ефтахтың қолына табыстады.
33
Ефтах оларды ойсырата жеңіп, жаудың Арогер мен Минит арасында әрі Әбел-Керәмимге дейінгі аралықта орналасқан жиырма қаласын қиратып тастады. Осылай аммондықтар Исраил халқына бой ұсынды.
Ефтахтың қызының Құдайға бағышталуы
34
Ефтах өзінің Миспадағы үй-жайына келгенде, оның алдынан даңғыраны сыңғырлатып, би билеп өз қызы шыға келді! Ол Ефтахтың жалғыз баласы еді, одан басқа Ефтахтың ұлы да, қызы да жоқ болатын.
35
Қызының осылай келе жатқанын көргенде, Ефтах көйлегінің өңірін жыртып:
— Әттең, қызым-ай! Сен мені қатты қайғыртып, үлкен қасіретке түсіріп отырсың. Мен өз аузыммен Жаратқан Иеге ант еткен едім, енді соны қайтарып ала алмаймын! — деді.
36
Қызы оған:
— Әкетай, сіз Жаратқан Иеге ант етіпсіз. Ендеше аузыңыздан шыққан сол антыңызды орындаңыз!
г
Жаратқан Иеміз сізге аммондық жауларыңыздың үстінен үлкен жеңіс сыйлады ғой! — деді.
37
Содан соң қызы әкесінен: — Тек маған мынаған рұқсат берсеңіз екен: Мен екі ай бойы таулы аймақты кезіп, жолдас қыздарыммен өзімнің ешқашан күйеуге шыға алмайтыныма қайғырып, қайтып келейін! — деп сұрады.
38
Ефтах:
— Баруыңа болады, — деп қызына рұқсат беріп, оны екі айға жіберді. Қызы жолдас қыздарымен тауға шығып, өзінің күйеуге шыға алмайтынына қайғырды.
39
Екі ай біткен соң қыз әкесіне қайтып келді. Әкесі берген антын орындап, қызын Жаратқан Иеге бағыштады. Ол ешқашан еркекпен жақындаспаған пәк қыз еді.
Сол кезден бастап Исраилде
40
жыл сайын бойжеткен қыздардың ғилақадтық Ефтахтың қызын жырлап еске алу үшін төрт күнге далаға кететін дәстүрі бар.

а  Осы есім Иеффай деп те айтылады.

ә  Пат2 10:6-8.

б  Заң 14:25; 20:1.

в  Рул 21:21-26.

г  Рул 30:2.