Билер  10
Тола би мен Жайыр би
1
Әбумәліктен кейін Додоның немересі Пуах ұлы Тола Исраилді құтқаруға тағайындалды. Исашар руынан шыққан ол Ефремнің таулы аймағындағы Шамирды мекендеді.
2
Тола Исраилде жиырма үш жыл бойы билік айтты. Тола би қайтыс болғанда мәйіті Шамирдағы қабірге қойылды.
3
Тола биден кейін Исраилде ғилақадтық Жайыр жиырма екі жыл бойы билік айтты.
4
Оның отыз ұлы болды. Олар отыз есекке мініп, Ғилақад аймағында орналасқан отыз қалаға ие болды. Сол қалалар әлі күнге дейін «Жайыр қоныстары»
а
деп аталады.
5
Жайыр би қайтыс болғанда мәйіті Қамондағы қабірге қойылды.
Аммон халқының Исраилге озбырлық жасауы
6
Бұдан кейін исраилдіктер қайтадан Жаратқан Иеге жек көрінішті іс-әрекет жасап Бағал, Астарта тәңірсымақтарға
ә
табынып кетті, әрі Арама, Сидон, Моаб, Аммон, філістір халықтары табынатын жалған тәңірлерге де құлшылық етіп жүрді. Содан исраилдіктер Жаратқан Иеден мүлдем бас тартып, Оған еш ғибадат етпейтін болды.
7
Сол себепті Оның қаһары халыққа қарсы лаулап, оларды філістірлер мен аммондықтардың қолдарына түсірді.
8
Бұлар сол жылы исраилдіктерге соққы беріп, оларды аяусыз қанады. Жау бұрынырақ Иордан өзенінің арғы жағын мекендеген аморлықтардың жері — Ғилақад аймағында қоныстанған барлық исраилдіктерді он сегіз жыл бойы қанады.
9
Аммондықтар тіпті Иордан өзенінен өтіп, Яһуда, Бунямин және Жүсіптен тараған екі руға да қарсы соғысты. Сол себепті Исраил халқы зор қысым көрді.
10
Ақырында исраилдіктер Жаратқан Иені дауыстап шақырып:
— Біздер Сенен, өз Құдайымыздан, бас тартып, Бағалдың мүсіндеріне
б
құлшылық етіп ауыр күнә жасадық! — деп көмек беруін өтінді.
11
Жаратқан Ие оларға былай деп жауап қатты:
— Мысырлықтар, аммондықтар, філістірлер,
12
сондай-ақ, сидондықтар, амалектіктер және мағондықтар
в
сендерді қыспақтап қанағанда, Маған жалбарына сиындыңдар, ал Мен өздеріңді олардың қолынан құтқарып алып отырдым. Бұл солай болды емес пе?
13
Бірақ сендер Менен бас тартып, бөгде тәңірлерге табынып келесіңдер. Сондықтан Мен сендерді бұдан былай құтқармаймын!
14
Өздерің таңдап алған тәңірсымақтарыңа барып жүгініңдер! Бастарыңа пәле түскен кездеріңде солар құтқарсын! —
15
Ал исраилдіктер Жаратқан Иеге:
— Біз күнә жасадық! Өзің дұрыс деп тапқаныңды бізге істей гөр, тек жаудан құтқарсаң етті! — деп жалынды.
16
Олар араларыңда болған бөгде тәңірлердің мүсіндерін алып тастап, Жаратқан Иеге сиынып ғибадат етті. Сонда Жаратқан Ие Исраилдің көрген азабына шыдай алмай, оларды аяды.
17
Бұдан кейін аммондықтар жасақшыларын жинап, Ғилақадта тұрақтағанда, исраилдіктер де жиналып, Миспада қостарын тікті.
18
Ғилақад халқының басшылары өзара ақылдасып: «Аммондықтарға қарсы шабуылды кім бастайды? Сол адам Ғилақад аймағын мекендейтін бәріміздің басшымыз болсын», — деп келісті.

а  Яки: Хауот-Жайыр (Рул 32:41; Заң 3:14).

ә  2:11-13; 3:7.

б  (2:11; 10:6; Пат1 12:10) Немесе: Бағал атты жалған тәңірлерге.

в  Немесе: моабтықтар.