Жақыптың хаты
Жазба туралы мәлімет
Бұл қасиетті жазба Інжіл шарифтегі «Бәріне арналған хаттардың» біреуі. Олар алғашқыда белгілі бір өлкенің барлық сенушілер қауымдарына жіберілгендіктен, жеке қауымдардың аттарымен емес, хат иелерінің есімдерімен аталған. Осы жазбалар тобына тағы Жоханның, Петірдің және Яһуданың хаттары да кіреді.
Бұл хатты жазған Жақып өзін «Құдайдың және Иеміз Иса Мәсіхтің басыбайлы қызметшісі» деп таныстырады. Жақып Исаның бір шешеден туған інілерінің үлкені болатын (Мат 13:55). Бастапқыда інілері Исаның уағыздаған Ізгі хабарын түсінбей, Оның Мәсіх екеніне сенбеді (Жох 7:2-5). Алайда Өзінің құрбандық өлімі мен қайта тірілуінен кейін Иса Жақыппен жеке кездесіп, оған Өзінің тірі екенін көрсетті. Сонда Жақып пен інілері Исаға Құтқарушы Иеміз деп сеніп, шешелері Мәрияммен бірге Иерусалимдегі алғашқы қауымның мүшелері болды (Қор1 15:7; 9:5; Елш 1:14).
Кейін Жақып осы қауымның құрметті де беделді жетекшілерінің біріне айналды. Бірде Сирия мен Иерусалимдегі қауым жетекшілері үлкен мәжілісте бас қосып, басқа ұлттардан шыққан сенушілердің Таурат заңын ұстанулары туралы мәселе жайлы кеңесті. Сонда Жақып екі жақты ымыраға келтіруге ерекше үлес қосты (Елш 12:17; 15:13; 21:18; Ғал 1:19).
Жақып бұл хатын «басқа халықтар арасына шашырап кеткен» исраилдік сенушілерге арнады. Олардың көбінің Степан шейіт болғаннан кейін қуғын-сүргінге ұшырап, Финикия өлкесіне, Кипр аралына және Сириядағы Антақия қаласына дейін бытырап кеткен Иерусалим қауымының мүшелері болғаны ықтимал (Елш 8:1,4; 11:19). Өйткені Жақып олардың жеке ішкі мәселелерімен жақсы таныс болып, қауым жетекшісі іспетті зор беделмен ақыл-кеңес береді. Иеміз Исаның салтанатты ұлылықпен қайтып келетінін естеріне салып, төзімді болуға жігерлендіреді. Олардың сенімдері игі істерімен нақты көрініп, шынайылығын дәлелдеуге тиіс. Сенушілер байларға жағымпазданбай, мұқтаждықтағы кедейлерге қамқорлық етсін. Олар бір-бірін өсектеп, бөсіп мақтанғанша, Құдай беретін даналыққа кенеліп, татуластырушы болсын. Сонымен қатар олардың аурулардың сауығып кетулері және күнәкарлардың теріс жолдан қайтып, Құдай жолына түсулері үшін сиынғандары да жөн.
Бұл хаттың кейбір бөліктері данышпан Сүлейменнің «Нақыл сөздерімен» және Пайғамбарлар жазбаларындағы уағыздармен мағыналас әрі сарындас. Хат иесі Құтқарушымыз Иса Мәсіхтің «Таудағы уағызынан» әрі Оның астарлы әңгімелерінен де бірнеше үзінді келтірген. Құдайдың тура жолымен жүруге шешім қабылдағандар Киелі кітаптың осы қасиетті жазбасынан күнделікті өмірлері үшін аса құнды ақыл-кеңестер мен жігерлендіру тауып келеді.