Ишая  61
Азап шеккендерге ізгі хабар
1
— Маған Жаратушы Тәңір Ие Өзінің Рухын қондырды.
а
Жаратқан Ие мені жарлыларға ізгі хабар жеткізуге және жаралы жүректерді жұбатып орнықтыруға тағайындады, сондай-ақ тұтқындарға босатылатындарын, бұғаудағыларға азат болатындарын
ә
жар салуға жіберді.
2
Мені Құдай Иеміз Өзінің кешірім беретін мейірімділік жылын әрі жауларына лайықты жазаларын тартқызатын кезін
б
жариялауға жұмсап, қайғырып жүргендердің бәрін жұбатуға да жіберді.
3
Маған Сион қаласындағы жоқтап жүргендердің бастарына шашқан күл орнына әшекейлі тәж кигізіп, жұпар иісмай жағып, қайғыларын қуанышпен алмастыруды тапсырды.
в
Үміттері үзіліп, көңілдерін мұң шалғандар енді мадақтау әндерін шырқап, шаттыққа бөленетін болады.
Сонда олар «Жаратқан Иенің Өзі отырғызған мықты ағаштары» деп аталады, әрі Оның алдында ақталған, әділдік істеп, салтанатты ұлылығын паш ететін халқы болады.
4
Олар ежелгі заманда қиратылған мекенжайларды қайтадан салып, ежелгі ұрпақтардың талқандалып, қаңырап бос қалған қала-қыстақтарын жаңадан тұрғызып қалыпқа келтіреді.
5
Сол кезде жат жерліктер сендерге қызмет етіп, отарларыңды бағып, егіншілерің мен жүзімшілерің болады.
6
Өздерің «Құдай Иеміздің діни қызметкерлері» деп аталып,
г
қызметтеріңді тек Оған ғана арнайтын боласыңдар. Басқа халықтардың байлығынан тамақтанып, олардың қазыналарын мақтан тұтасыңдар.
7
Бұрын масқара болғандарыңның орнына айрықша қадірленесіңдер. Бастарыңнан өткізген қорлықтарыңның орнына енді үлестеріңе тиген мұраларыңа қуана ән шырқайсыңдар. Сонымен Құдай халқы өз елінде бұрынғысынан екі есе мол дәулетке қол жеткізіп,
ғ
мәңгі бақи шаттанатын болады.
8
— Себебі Мен әділдікті сүйіп, зорлық-зомбылықты жек көремін, — дейді Жаратқан Ие. — Меншікті халқыма тиісті сыйларын
д
адалдықпен беріп, олармен тұрақты Келісім жасаймын.
9
Солардың ұрпақтары басқа халықтар арасында танымал және қадірлі болады. Мұны көргендердің бәрі бұлардың Жаратқан Ие жарылқаған ұрпақ екенін мойындайды.
Құтқарылған халықтың мадақтау әні
10
Жаратқан Иеге қатты қуанам,
Құдайыма шаттанады жан дүнием,
Мені Ол құтқарып, амандыққа бөледі,
Үстіме әділдікті де жауып берді!


Күйеу жігіт діни қызметкер іспетті
Әшекейлі тәж басына киеді,
Қалыңдық асыл тастарын тағады,
Дәл солай мен де болдым салтанатты!


11
Өскіндерді топырақ көктетеді,
Себілген дәндерді бақша өсіреді.
Ал енді Жаратушы Тәңір Ие
Әділдігі мен даңқты істерін де
е
Барлық халықтардың көз алдарында
Шүбәсіз қаулатып шығарады да!

а  11:1-5; 42:1-7.

ә  Немесе: соқырларға көздерінің ашылатынын (көне грек аудармасына сай).

б  (59:17) Немесе: әрі жауларынан кек алатын кезін.

в  Басына күл шашу және күл шашылған тақыр жерде отыру — қайғырудың, ал шашына жұпар иісмай жағу — қуанудың белгісі болатын (58:5; Жүн 3:5-9; Мат 11:21; Жыр 22:5).

г  66:21; Мыс 19:6.

ғ  (Зәк 9:12) Немесе: Құдай халқы өз елінде (тұңғыш бала алатындай) ақ бата мен еншіні екі есе көп алып (Заң 21:17).

д  Яки: тиісті жалақыларын.

е  Яки: Әділдігі мен мадақтауға лайық керемет істерін.