1
«Ей, шөлдегендер, бәрің су көздеріне келіңдер! Ақшасы жоқтар да, келіп, тамақ алып жеңдер! Иә, келіп, шырын мен сүтті ақша төлемей-ақ тегін алыңдар!
2
Нәрсіз тамақ үшін неге ақша төлейсіңдер? Өздеріңді қанағат қылмайтын нәрселер үшін неге еңбек етесіңдер? Мені мұқият тыңдап, рухани нәрді қабылдаңдар, ағыл-тегіл жақсылықтан жан рақатын табыңдар!
3
Маған жақындап, айтқандарыма құлақ түріңдер! Сонда шынайы өмірге ие боласыңдар. Сендермен мәңгілік Келісім жасамақпын. Кезінде Дәуітке уәде еткен мызғымас рақымымды енді өздеріңе көрсетпекпін.
4
Еске алыңдар, Мен Дәуіт арқылы халықтарға құдіретімді паш еттім, Дәуітті соларға көсем әрі билеуші болуға тағайындадым.
5
Сион, сен де бұрын білмеген халықтарды шақырасың. Өзіңді танымаған ұлттар саған келуге асығатын болады. Себебі Мен, сенің Құдайың Жаратқан Ие, Исраилдің Киелі Құдайы, осыларды іске асырып, сені салтанатты ұлылыққа бөлемекпін».
6
Әлі кеш болмай тұрғанда Жаратқан Иеге бет бұрып, мойынсұныңдар! Иеміз құлақ салуға дайын тұрған осы кезде Оған сиынып жалбарыныңдар!
7
Азғын адам теріс жолынан қайтып, әділетсіз жан өз ойларынан бас тартсын! Бәрі Жаратқан Иеге бет бұрсын, сонда Иеміз мейірімділік танытады. Олар Құдайымызға қайта оралсын, өйткені Ол жомарттықпен кешіреді
8
Жаратқан Ие: «Менің ойым сендердің пікірлеріңнен өзге, Менің жолым сендердікінен басқа, — деп ескертеді.
9
— Аспанның жерден қаншама жоғары болатынындай, Менің жолым да сендердікінен соншама жоғары, Менің ойым да пікірлеріңнен тым биік.
10
Аспаннан жауған жаңбыр мен қар аспанға бекер қайта оралмайды. Керісінше, олар жерді суарып, көгертіп, дақылдарды өсіріп шығарады да, диқанға себуге тұқым, халыққа жеуге нан береді.
11
Менің аузымнан шыққан сөзім де соған ұқсайды: ол нәтиже берместен Өзіме қайта оралмайды. Керісінше, Менің сөзім еркімді толық орындап, көздеген мақсаттарымды жүзеге асырады».
12
Сондықтан сендер зор қуанышпен тұтқыннан босап шығып, жолдарыңда аман-есен жетеленетін боласыңдар. Тау-төбелер алдарыңда ән шырқап, даладағы күллі ағаштар сендерге қол соқпақ.
13
Тікенді бұта орнына қарағайлар өсіп, қалақай орнын жұпар иісті жасыл бұталар басады. Бұл керемет іс Жаратқан Иенің даңқын асыратын, мәңгі өшпейтін белгі болады».