Ишая 53
1
Біздің хабарымызға азғана кісілер сенді! Жаратқан Иенің құдіретті күші кімге ашық көрсетілді?
2
Қызметшісі Құдай алдында жас көшеттей, құрғақ жерден шыққан жас өркендей өсіп шықты. Оның біз таңырқап қарайтындай ажары мен келбеті немесе бізге ұнайтындай ұсқыны жоқ еді.
3
Оны адамдар менсінбей, жалғыз қалдырды. Ол ауыр азап көріп, көп қасірет шегіп, жұрт бетін бұрып әкететіндей жиренішті болды. Оны біз де бағалаған жоқпыз.
4
Шынында Құдайдың Қызметшісі біздің қасіретімізді Өзіне алды, біздің ауруларымызды өз мойнымен көтерді. Оның ұрылып, азап шегуін Құдай бұйырған жаза деп ойладық!
5
Алайда Құдайдың Қызметшісі біздің күнәларымыз үшін түйреліп, біздің әділетсіз істеріміз үшін құртылды. Оның тартқан жазасы бізге амандық пен тыныштық әкелді. Оның жараларының арқасында біз (рухани дертімізден) сауықтық.
6
Барлығымыз адасқан қойлардай тентіреп, өз бетімізбен жүрдік. Ал Жаратқан Ие бәріміздің күнәларымызды Қызметшісінің мойнына артты.
7
Ол зорлық көріп қиналды, алайда аузын ашпады. Оны тоқты сияқты сойылатын жерге алып барды. Ол қырқылып жатқанда үні шықпайтын қой секілді тіс жармады.
8
Оны жәбірлеп, әділетсіз соттап, өлтіруге алып кетті. Оның замандастарынан кім мынаны ойлады: Ол халқымның күнәларына бола азапталып, бұ дүниеден аластатылды.
9
Оның моласы қылмыскерлер қорымында белгіленгенмен, мәйіті бай адамның қабіріне қойылды. Өйткені Ол ешқандай күнә жасаған да емес, аузынан бірде-бір өтірік шыққан да емес.
10
Алайда Жаратқан Иенің Қызметшісі Оның еркімен азап шегіп құртылды. Ол өз жанын айыпты өтейтін құрбандық еткен соң, өз үрім-бұтағын көріп, ғұмыры ұзақ болады. Қызметшісінің арқасында Жаратқан Иенің еркі жүзеге асады.
11
Әділ Қызметшім «жан азабының нәтижесіне қарап қанағаттанатын болады. Оны көп адамдар танып мойындап, ақталады. Ол солардың күнәларын өз мойнына алады.
12
Оған сол себептен көптеген адамдарды табыс етемін. Ол билік иелерін де олжалайды. Себебі Қызметшім жанын өлімге қиып, қылмыскерлердің қатарында саналды. Ол бірақ көптеген адамдардың күнәларын өз мойнына алып, қылмыскерлердің кешірілуі үшін ара түсті».