Ишая 51
Құдай халқының мәңгілік құтқарылуы туралы уәде
1
«Әділдікке ұмтылып, Маған бет бұрып сиынғандар, сөзіме құлақ түріңдер! — деп шақырады Жаратқан Ие. — Шыққан ата-тектеріңе көз жүгіртіңдер: қандай жартастан қашалып, қай орыннан қазылып алынғандарыңа көңіл бөліңдер!
2
Түп ата-аналарың Ыбырайым мен Сараны естеріңе түсіріңдерші. Мен Ыбырайымды балалы болмай тұрып-ақ тағайындап алдым. Оны жарылқап, кереметпен үрім-бұтақты еттім».
3
Сол сияқты, Жаратқан Ие енді Сион шаһарына да жаны ашып, оның қаңырап бос қалған жерлерінің бәрін кереметпен қалпына келтірмек. Ол елдегі шөл дала мен құла түзді жұмақ секілді, иә, Жаратқан Иенің пейіш бағының өзі іспетті ғажап етпек! Сонда Сион шат-шадыман болып, шүкірлікке, шырқалған әнге бөленетін болады.
4
«Ей, халқым Исраил, Маған көңіл аударып, құлақ салыңдар! Мен барлық ұлттарға арнап тәлімімді шығарамын. Бүкіл адамзатқа да әділ шешімдерім нұр болып, тура жолды көрсетеді.
5
Менің әділдігім жуырда жер бетінде орнамақ. Сендерді тез арада құтқарып алып, басқа халықтарға өз құдіретіммен билік айтатын боламын. Алыстағы елдер Мені үміттене күтіп, құдіретті күшіме сенімдерін артады.
6
Аспанға көз жүгіртіп, жерге де назар аударыңдар: аспан түтіндей ғайып болып, жер ескі киімдей пайдасыз болып қалады, оның тұрғындары шыбын-шіркей секілді лезде өліп құриды. Бірақ Менің құтқаруым мәңгілік болады, әділ билігімнің шегі болмайды.
7
Ей, әділдікті білетіндер, тәлімдерімді жүрегінде ұстайтын халық, сөзіме құлақ түріңдер! Пенденің мазағынан қорықпаңдар, жұрттың өсек-жаласынан да шошынбаңдар!
8
Олар күйе түсетін киімдей, құрт жеген жүндей өткінші ғана. Ал Менің әділ билігім мәңгілік, құтқаруымның игілігі ұрпақтан ұрпаққа жалғаса бермек».
9
— Уа, Жаратқан Ие, орныңнан тұрып,
Баяғыдай құдіретті қолыңды созып,
Ежелдегі істегенің іспетті
Қазір де көрсете гөр ерен күшіңді!
Сол заманда Мысыр елін талқандап,
Осы айдаһардай жауды жарақаттап,
Жойып жіберген Өзің емес пе едің?!
10
Сонда Сен теңіздің суын құрғатып
Түпсіз тұңғиығынан бір жол аштың,
Халқыңды жаудың қолынан құтқарып
Сол жолмен арғы жаққа алып шықтың!
11
Содан Жаратқанның азат еткен халқы
Сионға ән шырқап қайта оралады,
Олар мәңгі бақи мәз-мейрам болады,
Қуаныш пен шаттыққа әбден толады.
Қайғы-мұң атаулы бастарынан сонда
Лезде алыстап кетеді біржолата.
12
Жаратқан Ие таңдап алған халқына былай дейді: «Мен Өзім сені жұбатып, сүйенішің боламын. Қалай сен ажалды пендеден шошынып, адам баласынан қорқасың? Ол солып қалатын шөп секілді өткінші емес пе?
13
Ал өзіңді жаратқан Мені, Жасаған Иені, ұмытып келесің! Мен әуел баста аспан кеңістігін жайып жіберіп, жердің негізін салғанда шексіз құдіретімді көрсеткен едім. Неліктен сен өзіңе зорлық-зомбылық жасаған жауыңның қаһарынан күн ұзағына үрейің ұшып қорқасың? Рас, ол сені қырып-жоймақшы болды. Ал қазір сол қанаушыңның қаһары қайда?!
14
Тұтқындарың жуырда азат болады. Олар өліп, көрге түспейді, әрі нансыз да қалмайды.
15
Себебі Мен сенің Құдайың Жаратқан Иемін. Теңізді буырқантып, толқындарын гүрілдетуге құдіретім жетеді. Әлемнің Иесі — Менің тағы бір есімім.
16
Аузыңа сөздерімді саламын. Сені қолымның аясында ұстап қорғаймын. Аспанды күмбездей орналастырып, жердің негізін салып бекіткен Өзіммін. «Сен өз халқымсың» деп Сионды қайтадан қамқорыма алатын да Менмін».
Құдайдың қаһарлы жазасы
17
Оян, орныңнан тұр, Иерусалим! Сен Жаратқан Иенің қаһарына әбден ұшырадың. Сол қаһары шарапқа толы тостағанға ұқсады. Оны түбіне дейін тауысып ішіп, мас болғандай теңселіп жүрдің.
18
Өзіңде туып-өскен тұрғындарыңның бірде-біреуі саған қол ұшын беріп, тура жолмен жетелеп алып жүрген жоқ.
19
Мына пәленің екеуі де: тас-талқан болу және ашаршылық пен семсерден қырылу басыңа түсті. Ал кім сен үшін қайғырады? Менен басқа кім саған жанашыр бола алады?
20
Тұрғындарың естерінен танып, көшелердің бұрыштарында жатып, торға түскен бөкендерге ұқсайды. Олар Құдайдың қаһарына ұшырап, Жаратқан Иенің үкімін толықтай бастарынан өткізді.
21
Сондықтан енді сөзіме құлақ сал, ей, Иерусалим! Сен шарап ішпей-ақ мас болғандай әлсізсің, қиналып та жатырсың.
22
Жаратушы Тәңір Иең, өз халқын қорғаушы Құдайың, былай дейді: «Мен қаһарыма толы тостағанымды қолыңнан қайтарып аламын. Одан ішкенде сен теңселіп, әбден әлсіреген едің. Мен сол қаһарымнан бас тартып, енді қайтып оны саған төкпеймін.
23
Керісінше, сені азапқа салған дұшпандарыңа қаһарыма толы тостағанымнан ішкіземін. Олар саған: «Жерге етпетіңнен жат! Үстіңнен басып өтейік» деп бұйыратын. Осылай сен олардың аяқтарымен басатын жолы болып арқаңды тосып, бағынуға мәжбүр болған едің».