Ишая  5
Үмітті ақтамаған жүзімдік жайлы жыр
1
Енді мен Жан досымның
а
атынан Оның жүзімдігі
ә
жайлы жырын
б
айтып берейін:


Досымның жүзімдігі құнары асқан
Қыраттың беткейіне орналасқан.
2
Досым оның топырағын қопсытып,
Тазартты барлық тастардан арылтып,
Таңдаулы бұталарды отырғызып,
Күзетуге мұнара салды қойып.
Жүзім шырынын таптап сығуға арнап
Шұңқыр
в
да жасап қойды әктастан қашап.


Содан тәтті жемістің шығуын күтті,
Жүзімдер бірақ ащы
г
болып шықты!
3
Сол себептен Досым мынаны айтады:
«Ал, кәне, Иерусалим тұрғындары,
Сондай-ақ Яһуда азаматтары,
Бақша мен Өзімнің арамыздағы
Дауымызға төрелік айтыңдаршы:
4
Баққа Мен істемеген не қалып еді?
Мен одан тәтті жүзім күткенімде,
Неліктен ол сондай ащы өнім берді?
5
Сендерге білдірем жүзімдігіме
Менің не істейтінімді келешекте:
Қоршаған шарбағын шауып тастаймын,
Тас дуалын қиратып, талқандаймын,
Мал мен аңдарға таптатып қоямын,
Жүзімдікті жермен-жексен қыламын,
6
Осылай бақшамды ойрандатамын!
Енді қайтып сабақтарын қысқартып,
Топырағын өңдемеймін қопсытып.
Тікенді бұталар, жантақ, ошаған
Қаптап басып кетеді, әрі оған
Еш уақытта да жаңбыр жауғызбауға
Өзім бұйыратын болам бұлттарға».


7
Әлемнің Иесінің бұл жүзім бағы —
Исраилден шыққан үрім-бұтағы,
Оның сүйсіне еккен бау-бақшасы —
Яһуда елінің адамдары.
Құдай бұлардан әділдік күтті,
Ал, міне, олар жазықсыз қан төкті!
Жаратқан Ие олардан адалдық тосты,
Ал, міне, жапа шеккендердің айқайы
Құдайдың құлағына жетіп жатты!
Халықты қанаушылардың шегетін қасіреті
8
Үйлеріңе үй, егіндіктеріңе егіндік қосып алатындар, қасіретке қаласыңдар! Басқаларға орын қалдырмай, тек өздерің ғана осы жерде тұрмақсыңдар.
9
Әлемнің Иесінің мына сөздері құлағыма шалынды: «Біліп қойыңдар: осы көптеген үйлер иелерінен айырылады, әдемі сарайлар да қаңырап бос қалады!
10
Сол кезде он сотық
ғ
жүзімдіктен жиналған өнімнен небәрі бір күбідей ғана шырын шығады, әрі себілген он қап тұқымнан бір-ақ қап астық жиналады!»
11
Таң ата тұрысымен сыраның соңына түскендер, түннің бір уағына дейін шарапқа қызып алып мас болып жүретіндер қасіретке қалады!
12
Тойларында домбыра мен жетіген, даңғыра мен сыбызғы ойналғанда мұндайлар шарап ішіп қызыққа кенеледі. Алайда олар Жаратқан Иенің игілікті істеріне де назар аудармайды, Оның құдіретті қолымен жасаған іс-әрекеттеріне де көңіл бөлмейді.
13
Сол себепті халқым өз түсінбеушілігіне бола
д
жер аударылады! Оның атақтылары аштыққа ұшырап, қалың көпшілік те шөл азабын тартатын болады.
14
Бұларға қоса о дүние де құнығып, аузын арандай ашып тұр. Ол еліміздің даңқты астанасын тосып тұрып, оның бұқара халқын, шулаған тобыры мен сауық-сайран салғандардың бәрін бірдей жұтып қояды.
15
Әрбір пенде төмендетіліп, бәрі де масқараланып, менменнің көзі төмен түседі.
16
Ал Әлемнің Иесі оларды соттап, әділ үкімін шығарғанына бола дәріптеледі, иә, Киелі Құдай Өзінің әділдігі арқылы өз киелілігін де ашық көрсетеді.
17
Сол кезде осы ел ойрандалып, қойлар онда емін-еркін жайылады. Жат жерлік кірмелер
е
бұрынғы байлардың жерлерінен тойынатын болады.
18
Әділетсіз істеріне жіптей шандылып байланғандар қасіретке қалады! Олар жалғандыққа шырмалып, күнәларын арқанмен буылғандай арттарынан сүйреп жүр.
19
Оның үстіне: «Құдай тездетсін, істейтінін жылдамдап істесін, көрейік! Исраилдің Киелі Құдайының жоспары жақында жүзеге ассын, Оның көздегенін біліп алайық!» — деп олар мысқылдайды.
20
Жақсыны жаман, жаманды жақсы дейтіндер, қараңғылықты жарық, жарықты қараңғылық деп атайтындар, әрі ащыны тәтті, тәттіні ащы деп санайтындар қасіретке қалады!
21
Өздерін сондай дана, парасатты деп есептейтіндер де қасіретке қалады!
22
Сол шарап ішкіш «батырлар», ішімдікті
ж
күшті етіп дайындаудың «озаттары» қасіретке қалады!
23
Олар пара алып, кінәліні ақтап, әділді заңды құқығынан айырады.
з
Қаһарлы жаза: жау елге басып кіреді!
24
Сондықтан от тілінің сабанды жалмап, жалынның пішенді өртеп жіберетіні сияқты, олар да әп-сәтте ғайып болады. Шөптің тамырлары шіріп, гүлдері қурап, желмен ұшып кететініндей, бірден жойылады. Өйткені олар Исраилдің Киелі Құдайы — Әлемнің Иесінің тәлімін
и
мойындамай, Оның сөздерінен бас тартты.
25
Осы себептерден де Жаратқан Ие Өзінің халқына деген қаһарын лаулатып, оны жазалау үшін қолын көтеріп тұр. Оның құдіретінен таулар сілкінеді. Сонда өлгендердің денелері қоқыстай далаға лақтырылады.
Соның өзінде Жаратушының қаһары әлі де басылған жоқ, Оның құдіретті қолы жазалау үшін көтеріліп тұр!
к
26
Жаратқан Ие алыстағы халықтарға арнап туын көтеріп, ысқырғандай белгі береді. Сонда әскерлері жер шетінен асығыс аттанып, тез жетеді.
27
Ешқайсысы шаршамайды да сүрінбейді, қалғымайды да ұйықтамайды. Белбеулері босамайды, етіктерінің баулары да үзілмейді.
28
Бұл ерлердің жебелері үшкір, садақтары атуға дайын тұр. Мінген аттарының тұяқтары шақпақ тастай қатты, соғыс күймелерінің дөңгелектері құйындай жүйткиді.
29
Сол жауынгерлер шабуыл жасағанда арыстандай ақырады, күшті жас арыстандай айбат шегіп, олжасына бас салып, гүрілдеп алып кетеді. Соны ешкім де құтқарып қала алмайды.
30
Сол күні жау Исраилдің үстінен буырқанып долданған теңіздей ақырады. Пенде жағаға қарап, қара түнек пен азапты көреді. Қараңғы бұлттар жарықты жауып тастағандай, әркімнің де күдері үзіледі.

а  41:8; Ән 1:16; 5:16; 6:3.

ә  3:14; 5:7; 27:2.

б  Немесе: мен жақсы көрген (Жаратқан Ие) және Оның жүзім бағы жайлы жырды.

в  63:2-3; Бил 6:1.

г  Яки: жабайы, нашар.

ғ  Жүз шаршы метр жер көлемі.

д  (1:3; 27:11; Ош 4:6) Немесе: халқым Мені танып-білмегендігіне бола.

е  Яки: Келімсектер; немесе: Қозы-лақ, тоқты-торым.

ж  Немесе: сыраны.

з  Немесе: әділді (жұрт алдындағы) әділдігінен айырады.

и  Немесе: Таурат заңын.

к  9:12,17,21; 10:4.