Ишая 45
Парсы патшасы Кир — Құдайдың қолындағы құрал
1
Мен, Жаратқан Ие, Өзім тағайындаған Кир патшаны оң қолынан сүйемелдеп, оған халықтарды бағындырамын. Оның алдынан есіктерін ашып, қала қақпаларын жапқызбау үшін елдердің патшаларының сауыт-саймандарын шештіріп тастаймын. Кир патшаға былай деймін:
2
«Мен алдыңда жүріп отырып, жолыңдағы тау-төбедей кедергілерді тып-типыл етіп тегістеймін. Мықты қола қақпаларды быт-шыт қылып, темір ысырмаларын да сындырамын».
3
Қараңғы жерлерде сақталған қазыналарды, жасырын орындарда жатқан байлықтарды саған табыс етемін. Осылай Менің кім екенімді білетін боласың: сені атыңды атап Өзіме қызмет етуге шақырған Жаратқан Иемін, Исраилдің Құдайымын!
4
Өзімді әлі білмеген кезіңде-ақ сені атыңды атап шақырып, жоғары лауазымға тағайындаймын. Мұны өз қызметшім үшін, Жақыптың үрім-бұтағы, таңдап алған Исраил халқым үшін істеймін.
5
Мен Жаратқан Иемін, жалғыз Құдаймын, Менен өзге құдай жоқ! Өзімді білмесең де, Мен сені күшті қыламын.
6
Шығыстан батысқа дейінгі аралықтағы адамдардың бәрі Менен өзге бірде-бір құдай жоқ екеніне көз жеткізсін! Мен Жаратқан Иемін, жалғыз Құдаймын.
7
Жарықты да, қараңғылықты да Мен жараттым, не амандық орнатып, не апат жіберемін. Мен, Жаратқан Ие, мұның бәрін істеймін.
8
Аспаннан әділдік жауып, жерден құтқарылу шығып, екеуі де бірге өсіп-өне берсін! Мен, Жасаған Ие, бұларды жараттым».
Құмырашы және саз балшық
9
Өзін жаратқан Құдайды сынап, шағым айтқан пенде қасіретке қалады! Ол саздан жасалған ыдыстың сынығына ұқсайды. Әлде саз балшықтың құмырашыны: «Не істеп отырсың?» — деп сынауына бола ма? Немесе өзің жасап жатқан бұйымыңның сен туралы: «Қолынан түк келмейді», — деп наразылық білдіруіне қақысы бар ма?!
10
Әкесіне: «Мені неге дүниеге келтірдіңіз?» — шешесіне: «Неге мені тудыңыз?» — деген әркім де қасіретке ұшырайды!
11
Исраил халқы сиынған Киелі Құдай, оны жаратқан Тәңір Ие, тағы мынаны айтады: «Сендер Маған болашақтағы жайттар туралы сұрақ қоясыңдар ма?! Рухани балаларым және қолымнан шыққан істерім жөнінде бұйрық бересіңдер ме?!
12
Жерді және оның үстіндегі адамдарды жаратқан Менмін! Өз қолыммен аспан кеңістігін жайып жіберіп, барлық аспан денелерін өз бұйрығыммен орналастырдым және бақылаймын да.
13
Мен Кирді әділдікпен тағайындап, барлық жүретін жолдарын тегістеймін. Ол Менің таңдаған қаламды қайтадан салғызып, тұтқындарымды ешбір төлемсіз, парасыз-ақ босатып жіберетін болады». — Әлемнің Иесі осыларды нық айтады.
Жаратқан Ие — бірден-бір Құтқарушы
14
Жаратқан Ие таңдаған халқына мынаны да айтады: «Мысырдың жасап шығарған заттары және Құштың саудадан тапқан табыстары сенікі болмақ. Себаның бойшаң адамдары да сенің жағыңа өтіп, меншігіңе айналады. Олар шынжырланған күйде артыңнан еріп, құрмет көрсете алдыңа жығылып: «Расында да Құдай тек саған жар болып жүр, Одан басқа шынайы құдай жоқ!» деп мойынсұнатын болады».
15
Уа, Жаратқан Ие, шынымен Сен Өзіңді жасыратын Құдайсың, Исраилдің сиынған Құдайы әрі Құтқарушысысың!
16
Тәңірлердің мүсіндерін жасайтындар қорланып, масқара болады. Олар бәрі бірдей ұятқа қалады.
17
Ал Жаратқан Ие Исраил халқын құтқарып, ұдайы қорғап-қолдайды. Содан оларға: «Енді қайтып қорланбайсыңдар, мәңгі масқара болмайсыңдар!» — делінеді.
18
Аспанды жасаған Жаратқан Ие — шынайы Құдай. Ол жерді де қалыптастырып, нығайтты. Оны ретсіз, бос тұру үшін емес, мекендеу үшін жаратты. Құдай былай дейді: «Мен Жаратқан Иемін, Менен өзге құдай жоқ!
19
Мен көзден таса, қараңғы жерден құпиялап сыбырлаған емеспін, әрі Жақыптың ұрпақтарынан Өзіме бекерге бет бұрып, бой ұсынуын талап етпедім. Қайта, Мен, Жаратқан Ие, нағыз шындықты айтамын және анық паш етемін.
20
Ей, басқа ұлттардың жойылудан қашып құтылғандары, бәрің де жиналып, қасыма жақындаңдар! Ағаштан жасалған тәңір мүсінін көтеріп алып жүрушілер, өздерін құтқара алмайтын тәңірсымаққа сиынушылар қандай аңқаулар!
21
Енді өзара ақылдасып, күшті дәлелдеріңді келтіріңдер: Кім бұл жайттарды баяғыдан бері жария етті? Оларды алдын ала айтқан кім? Мен, Жаратқан Ие, емес пе едім? Жалғыз Мен ғана әділ Құдай әрі Құтқарушымын. Менен өзге құдай болған емес, болмайды да!
22
Ей, жердің түкпір-түкпіріндегілер, Маған бет бұрыңдар, сонда құтқарыласыңдар. Жалғыз Құдай Менмін, өзге құдай жоқ!
23
Аузымнан тек шындық шығады, Мен сөзімнен қайтпаймын. Өз атыммен былай деп ант етемін: Менің алдымда әрбір адам тізе бүгіп, тіл біткен әр пенде Маған ант беріп бағынып:
24
«Әділдік пен құдірет тек Жаратқан Иеде!» деп мойындайтын болады».
Жаратқан Иеге ашуланғандардың бәрі Оның алдына келіп, өкініп ұялады.
25
Сонда Жаратқан Ие Исраилдің бүкіл үрім-бұтағын ақтап, олар Оны мақтан тұтатын болады.