Ишая 42
Жаратқан Иенің адал Қызметшісі — Әлемнің Нұры
1
«Міне, Менің қолдап жүрген Қызметшім,
Жаным рақат табатын таңдаулым!
Оған қондырдым Өзімнің Рухымды,
Ол халықтарға жеткізбек әділ үкімді.
2
Қызметшім ақырмайды да айқайламайды,
Оның даусы көшелерде шықпайды.
3
Ол майысқан таяқты сындырмайды,
Бықсыған білтені де сөндірмейді,
Шынында әділдікті орындайды.
4
Ол соны берік орнатқанша жер бетіне
Күші тасып, алған бетінен қайтпайды.
Алыс елдер үміт артар оның тәліміне».
5
Аспанды жайып жіберіп жаратқан,
Жерді де өнімімен жайып тастаған,
Адамдарға өмірдің лебін үрлеген,
Жер басқанның бәріне тыныс берген
Құдай Ие мынаны да айтқан:
6
«Сені әділдікпен Өзім шақырдым,
Қолыңнан ұстап, қорғаймын, әрі қойдым
Келісімнің кепілі болуға өз халқыма,
Жол көрсеткіш Нұр да өзге ұлттарға.
7
Соқыр көзді ашып, тұтқынды түрмеден,
Түнектегіні қапастан босату үшін
Сені Мен, Тәңір Ие, жіберемін.
8
Жаратқан Иемін, бұл — Менің есімім.
Даңқымды басқаға бере салмаймын,
Жалған тәңірлермен оны бөліспеймін!
9
Жүзеге асты бұрынғы айтқандарым,
Енді жаңа жайттарды жариялаймын,
Сендерге алдын ала хабарлаймын».
Жеңімпаз Жаратқан Иені мадақтау әні
10
Иемізге жаңа әнді шырқаңдар,
Жер шетінен Оған мақтау айтыңдар!
Теңізде жүзіп жүрген теңізшілер,
Жағалауларды мекендеген елдер,
11
Шөлдала мен сол жақтағы қалалар
Және қидарлықтар тұрған ауылдар,
Бәрі Тәңірімізді дәріптесін!
Села халқы да қуана дауыстасын,
Тау бастарынан шырқап ән-жырларын,
12
Жариялап Жаратқанның ұлылығын
Бар аралдарда Оны мадақтасын!
13
Иеміз күшті жауынгердей аттанады,
Батырдай қайрат-жігер танытады,
Даусын көтеріп ұранын салады,
Жауларының бәрін жеңіп шығады!
14
«Мен ұзақ уақыт үнсіз болған едім,
Өзімді сабырлықпен ұстап келдім,
Ал қазір толғақ қысқан әйелге ұқсап
Ентіге айқайлап, ашуымды төгем!
15
Тау-төбені ойрандап, бос қалдырамын,
Өсімдік атаулысын қуратамын,
Өзендерді құрлыққа айналдырып,
Көлдерді де кептіріп құрғатамын.
16
Шындықты көрмейтін халқымды Менің
Өзі білмейтін жолмен жетелеймін,
Бейтаныс жолдармен бастап алып жүріп,
Түнекті алдынан нұрға айналдырамын,
Қисық жолдардың бәрін түзетемін.
Халқым үшін осыларды жасаймын,
Ешқашан оны жалғыз қалдырмаймын!»
17
Ал табынғандар жалған тәңірлерге
Қоладан құйылған мүсіндеріне:
«Құдайымыз сенсің» деп бас ұрады,
Содан беттері күйіп масқара болады!
Исраил халқының Құдай сөзіне көңіл бөлмеуі
18
«Ей, рухани саңыраулар, құлақ асыңдар, көкірегі соқырлар, көздеріңді ашып, қараңдар!
19
Кім өз хабаршым Исраил халқы сияқты саңырау, кім осы қызметшімдей рухани соқыр?! Менімен Келісім жасаған осы халықтай шындықты көрмейтін біреу бар ма?! «Жаратқан Иенің қызметшісі» деп аталған Исраилдей сөзімді естімейтін кім бар?!
20
Расында сен көпті көрген едің, бірақ ештеңені ұқпайсың, құлақтарың естіген еді, бірақ тыңдамайсың!»
21
Жаратқан Ие өз әділдігіне сай Таурат заңы мен тәлімін дәріптелуге лайық әрі тамаша етіп шығаруды жөн көрген еді.
22
Алайда бұл халық тоналып, талан-таражға ұшырады. Бәрі тұтқындалып, құлдыққа түсті. Олжа болған оларды құтқаратын біреу де жоқ. Ешкім: «Талан-таражға түскен осы халықты қайтарып бер!» деп талап етпейді.
23
Араларыңдағы қайсың осыларды тыңдайсыңдар? Қайсың байыбына барасыңдар?
24
Кім Исраил халқын тонаушылардың қолдарына тапсырып, талан-таражға қалдырды? Мұны істеген Жаратқан Иенің Өзі емес пе?!
Себебі біздер Жаратқан Иеге қарсы күнә жасай бердік. Ата-бабаларымыз да Оның жолымен жүргілері келмей, Таурат заңы мен тәліміне бағынбай қойды.
25
Сондықтан Тәңір Ие оларға қайнаған қаһарын төгіп, сұрапыл соғыс жіберді. Бірақ олар Құдайдың лаулаған қаһарына ұшыраса да, соның себебін ұқпады! Тіпті жалыны жалмағанмен, олар мұны көңілдеріне түймеді!