Ишая  33
Дұшпандардан құтқарылу жайлы пайғамбарлық сөз
1
Ей, ойрандаушы жау, өзің әлі де ойрандалмадың, әйтсе де енді қасіретке қаласың! Ей, опасыздық жасаушы жау, өзіңе әлі де опасыздық жасалмады, әйтсе де енді қасіретке қаласың! Ойрандап болған кезіңде өзің де ойрандаласың. Опасыздық жасап болған кезіңде басқалар саған опасыздық жасамақ.
2
Уа, Жаратқан Ие, бізге рақым көрсете гөр!
а
Саған сенім артып, Сені күтетін боламыз. Таң атқан сайын бізге күш-қуат сыйлап, қиын-қыстау кезеңде құтқара гөр!
3
Сенің күркіреген даусыңнан халықтар қашады. Сен орныңнан көтерілсең, олар бытырап кетеді.
4
Сонда жаудың жиған олжалары құрт не шегіртке жалмағандай ғайып болады.
5
Жаратқан Иенің мәртебесі қандай жоғары! Ол көкте тұрып, Сионды әділдік пен ақиқатқа кенелтеді.
6
Сол заманда Ол сендерге тұрақтылық, молынан аманшылық пен даналық және білім сыйлайды. Жаратқан Иені терең қастерлеу ұлы қазыналарың іспетті болмақ.
ә


7
Қараңдар, Яһуданың күшті адамдары көшелерде айқайлауда, бітім жасауға жіберілген елшілер қатты жылап (Ассурдан қайта оралады).
8
Даңғыл жолдар қаңырап бос жатып, жолаушылар олармен енді жүрмейді. (Ассур бейбітшілік жайлы) келісімшартты бұзды. Куәгерлер алдында жасалған уәделер ұмытылып,
б
адамның өміріне еш құрмет көрсетілмейді.
9
Жеріміз құрғап, кеуіп қалуда. Ливан тауының ормандары солып ұятқа қалады. Шаронның құнарлы жазығы Өлі теңіздің жағасындағыдай құла түзге айналып, Башан мен Қармилдың қыратты аймақтарындағы ағаштар да қурап, жапырақтары түсіп жатыр.
в
Жаратқан Иенің дұшпандарына арнаған ескертуі
10
Жаратқан Ие (халықтарға) мынаны айтады: «Енді Мен орнымнан тұрамын! Мен қазір көтеріліп даңқымды шығарамын!
11
(Ей, ассурлықтар), сендер қауыздай түкке тұрғысыз жоспар құрасыңдар. Істегендерің орылған егіндіктегі қурап қалған сабақтардай пайдасыз.
г
Ашу кернеп осқырған лептерің оларыңды от сияқты өртеп жібермек.
12
Сонда халықтар әк іспетті күйдіріліп, кесілген тікенді бұта іспетті өртеніп кетеді».
13
Ей, алыстағылар, Менің істегенімді естіп біліңдер! Жақындағылар да, құдіретімді мойындаңдар!
14
Сиондағы күнәкарлар үрейленіп, арсыздар
ғ
дірілдеп қорқып былай деп жатыр: «Біздің қайсымыз осы жалмайтын отта тұра аламыз? Қайсымыз сөнбейтін отта аман қала аламыз?»
д
15
Тек әділ жолмен жүріп, шындықты айтатындар, зорлықпен пайда табудан бас тартып, пара алуға қол созбайтындар, әрі қан төгуді көздегендерге құлақ аспай, басқа да жауыз істерге қызықпайтындар ғана аман қала алады.
16
Мұндайлар зәулім жартасты не мықты қорғанды паналағандай қауіпсіз болмақ. Оларға жейтін тамақтары беріліп, ішетін сусындары да таусылмас.
Ұлы Патшаның елі
17
Сендер Патшаны асқан салтанатында өз көздеріңмен көресіңдер.
е
Алысқа созылып жатқан ұлан-ғайыр елге көз саласыңдар.
ж
18
Өткен кездегі қорқыныш туралы ойланатын боласыңдар. (Жау қалаларыңды тонағанда олар:) «Есепші қайда екен? Олжаны
з
таразыға тартатын тіркеуші қайда? Мұнараларды санаушы қайда?» — деп айқайлайтын.
19
Сендер бөгде, түсініксіз тілде сөйлескен сол қатал халықты бұдан былай көрмейсіңдер.
20
Сион шаһарына қараңдар, оның ішінде Құдай белгілеген мейрамдарымызды тойламақпыз! Сонда Иерусалимді
и
өз көздеріңмен көресіңдер, ол аман-есен жатқан мекен болмақ. Қала қазықтары суырылмайтын, арқандары үзілмейтін, ешқашан да құлатылып, орнынан қозғалмайтын тұрақты шатырға ұқсамақ.
21
Сонда Жаратқан Ие бізге салтанатты ұлылықпен билік жүргізеді. Еліміз екі жағында да үлкен өзендер мен бұлақтар ағып жатқан қауіпсіз жер іспетті болады. Жаудың ескекті қайықтары да, дәу кемелері де сонда жүзбейді.
22
Себебі Соттаушымыз да, Заң Шығарушымыз да, Патшамыз да — Жаратқан Ие. Ол бізді құтқаратын болады.
23
Уа, халқым, қазір сен арқандары босап кеткен кемеге ұқсайсың. Арқандар кеменің діңгегін мықтап ұстай алмайды, желкенді де жая алмайды. Ал кейін (жаудың әскерінен қалған) ағыл-тегіл мол олжасын бөлісіп аласыңдар. Тіпті ақсақтар да соған қатысып, өз үлестерін алмақ.
к
24
Елімізде тұратын бірде-бір жан енді қайтып: «Әлсізбіз» деп түңілмейді. Жерді мекендеген халықтың барлық күнәлары кешірілген болады.

а  30:18; 40:1-2; Езр 9:8-9.

ә  45:17; 51:6; Жыр 111:1-3.

б  Немесе: Ол келісімшартты бұзып, қалаларды еш менсінбей талқандады.

в  24:4; 2:13; 40:16; 35:2; 65:10.

г  Яки: істегендерің (егінді орып, жинағаннан кейін қалған) қысқа да құрғақ аңыз (бидай сабақтары) сияқты пайдаға аспайды (да, өртелуге жатады) (8:9-19; 17:13; 29:5-6).

ғ  9:17; 10:6; Әйүп 8:13; 27:8; Нқл 11:9.

д  Себебі Құдайдың жазасы жанып, өртеп тұратын от сияқты (5:24-25; 10:6; 29:13-14; 30:8-11).

е  6:5; 24:23.

ж  26:12,15.

з  (Ерм 52:17-23) Немесе: Алым-салықты.

и  Яғни жаңадан салынған қаланы (32:18; 40:2; Езр 1:2-3).

к  35:6; Пат4 7:8,15-16.