Ишая 31
Мысырға емес, Құдайға сенім арту қажет
1
Мысырға ылдилап барып, көмек сұрағандар қасіретке қалады! Олар Мысырдың көптеген аттары мен соғыс күймелеріне әрі сондай мықты салт аттыларына сенім артады, ал Исраилдің Киелі Құдайы — Жаратқан Иеге бет бұрып сиынбайды.
2
Бірақ Жаратқан Ие Өзінің зор даналығымен оларға апат жібермек. Ол айтқан сөзінен таймайды, әрі зұлымдық істеуші елге, әділетсіздік жасайтындарды қолдағандарға қарсы шығатын болады.
3
Мысырлықтар тәңір емес, жай пенделер ғана. Олардың астындағы аттары да рух емес, жай ет пен сүйектен тұратын тән. Жаратқан Ие Өзінің құдіретті қолын алға созғанда, Яһудаға қол ұшын беретін Мысыр елі сүрінеді. Мысырдың қолдауын қабылдаған Яһуда халқы да құлап түседі. Осылай олардың екеуі де құриды.
4
Жаратқан Ие маған мынадай уәде берген еді:
— Мықты жас арыстан шапқан олжасының үстінде тұрып ырылдағанда, тіпті малшылардың бүкіл тобы оған қарсы шығып, қатты айқайлап, у-шу жасаса да, арыстан соларынан қорқып шошымайды. Сол сияқты Әлемнің Иесі де көктен түсіп, Сион тауы мен оның маңындағы қыраттарда шайқасатын болады.
5
Ұясының үстінен қалықтап ұшып жүретін құс іспетті, Әлемнің Иесі де Иерусалимді қорғайды. Иә, Ол қаланы қорғап, құтқарады, оны ешкімге күйретпей үстінен «өте шығып», аман алып қалады.
6
Өздерің мүлдем бас тартып, опасыздық жасаған Жаратқан Иеге енді қайтып келіңдер, уа, Исраил халқы!
7
Сол кезде әрқайсыларың күнәға батып өз қолдарыңмен алтын-күмістен жасап алған тәңір мүсіндеріңді лақтырып тастайтын боласыңдар.
8
«Ассур әскері соғыста семсерден құриды, бірақ пенденің семсерінен емес. Адам қолымен жасалмаған қару оларды жалмайтын болады. Ассурлықтар семсерден қашып кетпек, ал олардың жас жігіттері құлдыққа түсіп, ауыр жұмыс істейтін болады.
9
Олар үрейленіп, өздері паналаған қорғанды тастап кетеді. Ассурдың әміршілері сендердің туларыңды көргенде зәрелері ұшады», — деп нық айтады Жаратқан Ие. Оның (жауларын жалмайтын) оты Сионда, әрі жалындаған ошағы Иерусалимде жанып тұратын болады.