Ишая 28
Азғын басшыларына Самарияның қиратылуы жайлы ескерту
1
Солтүстік Исраилдің сондай әсем де сәулетті астанасы қасіретке қалады! Елдің маскүнем басшылары қаланы өте әдемі гүл шірі не тәждей мақтан тұтады. Сол қала құнарлы алқаптың бас жағында орналасқан. Шарапқа салынып кеткен адамдары қаланы дәріптейді. Бірақ оның әсемдігі гүлдей солып қалмақшы.
2
Біліп қойыңдар, Тәңір Иенің Өзі тағайындаған аса күшті де қуатты біреу бар. Сол бұршақты дауылдай, құртушы құйындай әрі зулаған ғаламат тасқындай келіп, Самария қаласын жерге құлатады.
3
Осылай Солтүстік Исраилдегі маскүнемдердің мақтаған сәулетті астанасы аяқ астында тапталады.
4
Қала құнарлы алқаптың үстінен қарайтын қырат басында орналасқан. Ал сол кезде оның салтанатты көркі гүлдей солып қалады. Өтіп бара жатқан біреу ерте піскен інжір жемісін көріп қалса, соны жұлып алып, жеп қояды. Сол сияқты Самария да тез жойылып, жоқ болып кетеді.
5
Сол кезде Әлемнің Иесі Исраилдің салтанатты тәжі іспетті болады. Ол халқының тірі қалғандары үшін гүлдерден жасалған көрікті шірдей тамаша болмақ.
6
Жаратқан Ие сот жүргізетін төрешіге әділдіктің рухын дарытады, әрі қала қақпасын шабуылдан қорғайтын күзетшілерге батылдық сыйлайды.
7
Бірақ елдің қазіргі басшылары шарап, сыра ішіп алғандықтан теңселеді. Пайғамбар мен діни қызметкер сыра ішіп, жолдарынан тайып кетеді. Олар шарапқа салынып, естерінен адасқан. Сондықтан (пайғамбарлар) аян көргенде шайқалады, әрі (діни қызметкерлер) алдарына әкелінген істерді әділ шеше алмайды.
8
Олар айналдыра жайғасқан дастарқандар құсыққа былғанған, ешқандай таза жері жоқ.
9
Алайда олар мен туралы былай дейді: «Ана кісі кімдерге үйретпек? Кімдерге хабарларын жеткізбек? Ол бізді жаңа ғана емшектен шыққан сәбилер деп ойлай ма? — Олар: —
10
Ол бізге бір өсиеттен кейін тағы бір өсиетті, бір ережеден кейін тағы бір ережені жол-жолмен, біртіндеп-біртіндеп айта береді», — деп те мазақтайды.
11
Ал енді, Құдай осы халыққа арнап бөтен тілдерде сөйлеп, жат жерліктердің тілдерімен үн қатпақ.
12
Ол осы халыққа былай деген: «Бұл — тыныш жер, шаршағандардың тынығып демалатын мекені. Осында тыныштықта боласыңдар». Бірақ бұлай да олар Мені тыңдаудан бас тартты!
13
Сондықтан Жаратқан Иенің оларға арнаған сөзі бір өсиеттен кейін тағы бір өсиет, бір ережеден кейін тағы бір ереже болып жол-жолмен, біртіндеп-біртіндеп айтылғаны іспетті болады. Сонда олар жүргенде сүрініп, шалқалақтап құлап, жарақаттанады, әрі торға түсіп, тұтқындалады.
Тәңір Иенің Сионда қалаған «Іргетасы»
14
Ей, Иерусалимде осы халықты билеп тұрған мазақшыл адамдар, Жаратқан Иенің айтқан сөздерін тыңдаңдар!
15
Сендер: «Ажалмен келісімшарт жасастық, о дүниемен келісімге қол жеткіздік, — деп мақтанасыңдар. — Ғаламат апат келген кезде бізге жоламай өтіп кетеді. Өйткені біз өтірікті паналап, алдамшылықпен жасырынамыз».
16
Сондықтан Жаратушы Тәңір Иенің айтқаны мынау:
«Міне, Мен аса құнды «Тасты» таңдап алдым,
Оны Сиондағы үйімнің бұрышының
Іргетасы ретінде орнатып қоямын.
Енді Оған сенімін артқан ешкім
Ұятқа қалмайтын болады лайым.
17
Мен сендерге қолданамын әділдікті
Құрылыстың өлшеуіш жібі секілді,
Адалдықты таразының кіртасы іспетті.
Сонда бұршақ дауылы сендер паналаған өтірікті жойып, су тасқыны сендердің жасырынған орындарыңды ағызып алып кетеді.
18
Сендердің ажалмен жасасқан келісімшарттарың жойылып, о дүниемен жасасқан келісімдерің күшінде қалмайды. Ғаламат апат бәрін жайлағанда, ол сендерді де құлатып, жайрататын болады.
19
Апат өткен сайын сендерді ұстайды. Ол әр таң сәріде, күні-түні өтіп шықпақ».
Осы хабар халықты дірілдетіп қорқытатын болады.
20
Себебі төсек орындарың көсілуге тым қысқа, көрпелерің жамылуға тым енсіз.
21
Өйткені Жаратқан Ие ежелде Перасим тауының маңында және Гибеон алқабында қаһарлана қозғалғаны сияқты, енді осында келмек. Ол Өзінің әдеттен тыс әрі таңғаларлық ісін жүзеге асыратын болады.
22
Мен Әлемнің Әміршісі Жаратқан Иеден Өзінің бүкіл жерді талқандауды ұйғарғаны жайлы естідім. Сондықтан бұдан былай мазақтаушы болмаңдар! Әйтпесе сендердің кісендерің одан бетер ауыр болады.
Құдайдың ғаламат даналығы
23
Ал енді, үніме құлақ салып, өздеріңе айтып тұрғаныма көңіл бөліңдер!
24
Диқан тұқым себу үшін егіндігін ұдайы жырта бере ме? Әлде ол ұдайы жерді жыртып, топырақ кесектерін малалай бере ме?
25
Қайта, диқан егіндіктің бетін тегістеп болған соң, аскөкті сеуіп, зирені шашып тастайды. Сондай-ақ, бидайды қатар-қатар, арпаны да өзінің танабына егіп, егістіктің шеттеріне қарай бидайға ұқсас басқа дақылды сеуіп тастайды.
26
Диқан өзінің жұмысын қалай істеуді біледі, өйткені Құдай оған сол туралы түсінік сыйлаған.
27
Диқан аскөк пен зирені бастыру үшін не өткір тісті астық бастыратын тақтайды, не арбаның қатты дөңгелектерін қолданбайды. Қайта, аскөкті жеңіл таяқпен, ал зирені тоқпақпен соққылайды.
28
Нанға арналған дәндерді де шексіз бастырумен құртпайды. Диқан астықты дәндерін бүлдірмей, ат жегілген арбамен қалай бастыруды біледі.
29
Бұл даналық та Әлемнің Иесінен келеді. Оның ақыл-кеңесі керемет, даналығы ғаламат!