Ишая 21
Бабылдың құлауын алдын ала білдіретін ауыр хабар
1
Бұл — «теңізге жақын құла түз» туралы ауыр хабар:
Оңтүстіктің иен даласындағы құйындар соққандай, сол қорқынышты шөл жақтан апат келеді.
2
Маған кәрлі көрініс көрсетілді: сатқын сатқындығын, құртушы құртуын жалғастыра береді. «Ей, Елам жасағы, шабуылға шық! Ей, Мидия әскері, қамап ал! Мен Бабылдың халықтарды езіп-жаншып зарлатуын түгелдей тоқтатамын!» (— дейді Жаратқан Ие.)
3
Осыдан тұла бойым қалтырап, қатты ауырып жатырмын. Толғақ қысқан әйелдей азапқа баттым. Көріністе көріп-естігендерім мені абыржытып, әбден түңілдірді.
4
Басым айналып, қорыққаннан қалшылдадым. Кештің түсуін аңсаған едім, бірақ ол маған қатты қорқыныш әкелді.
5
Көрпелер төселіп, дастарқан жайылып, біреулер ішіп-жеп жатыр екен. Кенеттен: «Уа, қолбасшылар, тұрыңыздар! Қалқандарыңызды майлап дайындаңыздар!» — деген дауыс шығады.
6
Осы екі арада Жасаған Ие маған тіл қатып мынаны айтты: «Бар да, күзетші қой, көргендерін айтып тұрсын.
7
Егер де ол қос-қостан келе жатқан салт аттыларды және есекке, түйеге мінгендерді көрсе, соларға мұқият ден қойсын!»
8
Күзетші кейін былай деп айқайлады: «Мырзам, мен күндіз мұнарада тұрып, әрбір түні де сол орнымда қалып келемін!»
9
Міне, салт аттылар қос-қостан келе жатыр! Келіп жеткен шабарман мына жаңалықты хабарлады: «Бабыл құлады! Оның халқы табынған жалған тәңірлердің барлық мүсіндері де жерге құлатылып, күл-талқан болды!»
10
Уа, сорлы халқым, қырмандағы астықтай тапталып басылдыңдар. Ал мен Исраил сиынған Құдайдан, яғни Әлемнің Иесінен, естігендерімді сендерге айтып бердім.
Едом және Арабия туралы ауыр хабар
11
Бұл — жым-жырт ел туралы ауыр хабар:
Біреу маған Сейірден айқайлап: «Ей, күзетші, түннің қай кезі болды? Күзетші, түн қашан бітеді?» — деп сұрайды.
12
Күзетші былай деп жауап береді: «Қазір таң атады, кейін жер түн жамылады. Егер тағы да сұрағыларың келсе, қайтып келіп, сұрай беріңдер».
13
Бұл — Арабия туралы ауыр хабар:
Ей, дедандық керуендер, Арабияның ну тоғайларында жасырынып түнеңдер!
14
Уа, Тема шұратының халқы, шөлдеп келгендерге су ішкізіңдер, бұл босқындарға тамақ әперіңдер!
15
Олар жаудың семсерінен, атуға дайын тұрған садақтарынан, сұрапыл шайқастан құтылу үшін қашып келеді.
16
Сонда Жасаған Ие маған былай деді: «Дәл бір жылдан кейін Қидар халқының сән-салтанаты ғайып болады.
17
Сонда Қидардың мықты да батыл садақшыларынан тірі қалғандары аз болады». — Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие осыны кесіп айтты.