Ишая  19
Мысыр туралы ауыр хабар
1
Бұл — Мысыр туралы ауыр хабар:
Біліп қойыңдар, Жаратқан Ие ұшқыр бұлтқа мініп алып,
а
Мысырға аттанбақ. Мысырдың жалған тәңірлері Оның алдында дірілдеп, мысырлықтар да сужүректеніп қорқады.
2
(Жаратқан Ие мынаны айтады:) «Мен мысырлықтарды өзара қарсыластырып қоямын. Бірге туған бауырлар да, көршілер де бір-бірімен тартысып, қалалар да, патшалықтар да өзара соғысатын болады.
3
Сонда мысырлықтар жүрексініп, түңіліп, Мен олардың жоспарларын шатастырамын. Олар өздері табынған жалған тәңірлері мен аруақтарынан, жынын шақырған бақсылар мен сәуегейлерден ақыл-кеңес сұрайтын болады.
ә
4
Мен мысырлықтарды қатыгез қожайынның қолына табыстаймын, сол қайырымсыз патша
б
оларға үстемдік жүргізетін болады». — Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие осыны нық айтады.
5
Ніл өзеніндегі судың деңгейі төмендеп, оның арнасы кеуіп, құрғап қалады.
6
Өзен салалары мен арықтар сонда саси бастап, қалаларды қоршаған орлардың суы да жоқ болады. Қамыс пен қоға кеуіп, семіп қалады.
7
Нілдің жағалауындағы басқа да өсімдіктер, өзеннің жағасындағы егістіктердегі егіннің бәрі де қурап, желмен ұшып, ғайып болады.
8
Нілден балық аулап күн көріп жүрген әрбір адам күрсініп жыламақ. Олардың қармақтары мен ауларынан енді еш пайда болмайды.
9
Зығырдан мата тоқып, бәтес жасап шығарушылар да үміттерін үзеді.
10
Тігіншілер мен жалдамалы жұмысшылардың сағы сынып, тұнжырайды.
11
Елдің астанасы Соғанның басшылары зердесіздер! Мысырдың ең кемеңгерлері ақымақ кеңес береді. Қалай ғана олардың дәттері барып патшаға: «Мен ежелгі кемеңгерлер мен патшалардың ұрпағымын» деп мақтана алады?
12
Уа, Мысыр патшасы, сенің сол бір ақылды кеңесшілерің қайда? Олар Әлемнің Иесінің Мысырға не жоспарлап отырғанын біліп алып, саған айтып берсін!
13
Соғанның басшылары ақымақ болып, Мемфистің
в
басшылары да алданып қалды! Мысырдың руларының басты адамдары халықты адастырып, басын айналдырды.
14
Жаратқан Ие араларына оларды шатастыратын рух төкті.
г
Соның нәтижесінде Мысыр барлық нәрсені қате жасап, өз құсығына тайып теңселген мас адамдай болады.
15
Мысырдағы әркім де, не бастық, не жарлы болсын, не атақты, не қарапайым болсын,
ғ
қай-қайсысы да шарасыз болмақ.
Мысыр, Ассур, Исраил Жаратқан Иені бірлесе дәріптемек
16
Сол кезде Мысыр елі Әлемнің Иесінің өздеріне қарсы созылған қолынан
д
әйел заты іспетті қорқып дірілдейтін болады.
17
Яһуда елінен Мысырдың зәрелері ұшпақ. Яһуданың аты аталғанда мысырлықтар қалтырап, жандары түршігетін болады. Себебі Әлемнің Иесі Өзінің мысырлықтарға қатысты жоспарын дайындап қойды.
18
Осы уақыт жеткенде Мысырдың бес қаласы Қанахан тілінде
е
сөйлеп, Әлемнің Иесіне адал болуға ант бермек. Қалалардың біреуі «Күнқала»
ж
деп аталмақ.
19
Сол заманда Мысыр елінің ортасында Жаратқан Иеге бағышталған құрбандық үстелі болады. Мысырдың шекарасында Оған арналған ескерткіш те орнатылмақ.
20
Бұл, Әлемнің Иесінің Мысырда екендігін дәлелдейтін айғақ болады. Себебі олар өздеріне жәбір көрсеткендерге қарсы қолдау сұрап Жаратқан Иеге дауыстап жалбарынғанда, Ол соларды аман алып қалуға бір мықты Құтқарушыны
з
жібереді.
21
Осылайша Жаратқан Ие Өзін мысырлықтарға таныстырмақ. Сол кезде олар Жаратқан Иені жақыннан біліп, Оған мойынсұнатын болады. Олар Жаратқан Иеге арнап құрбандықтар шалып, басқа сый-тартулар да ұсынбақ. Оған уәде берсе, соларын сөзсіз орындайды.
22
Жаратқан Ие Мысыр халқына (күнәларына бола) індет жіберіп жазасын тартқызады, бірақ кейін оларды Өзі сауықтырады да. Олар Жаратқан Иеге бет бұрып, сиынады. Ол мінажаттарына құлақ түріп, оларды айықтырады.
23
Осы уақыт жеткенде Мысыр мен Ассур елдерінің арасында даңғыл жол болады. Осы екі елдің халқы бір-біріне барып келеді әрі бірігіп Құдайға ғибадат ететін болады.
24
Сол заманда Исраил Мысырмен және Ассурмен қатарлас тұрған үшіншісі болып, осы халық арқылы Жаратқан Иенің жарылқауы жер бетіне жететін болады.
и
25
Әлемнің Иесі оларға батасын беріп: «Мен өз халқым Мысырды өз қолымнан шыққан Ассурды және меншікті халқым Исраилді де жарылқай беремін!»
к
— дейді.

а  Пат2 22:10-11; Жыр 17:9-10; 103:4; Заң 10:14.

ә  8:19; Заң 18:10-13.

б  Яғни Ассур патшасы (20:4; Ерм 46:24-26; Езк 29:19).

в  (Ерм 2:16) Яки: Нофтың.

г  19:2; 29:10; Пат3 22:22.

ғ  Яки: не басы, не құйрығы болсын, не (жоғарыдағы) құрма бұтағы, не (төмендегі) қамыс болсын (9:14-15).

д  14:25-27.

е  Яғни Исраил халқы сөйлейтін евр. тілінде.

ж  (Грекше: Хелиополис.) Немесе: «Күйреуқала». (Түпнұсқа тілінде осы екі есім бір-біріне өте ұқсас дыбысталады. Он деп те аталған сол қаланы кейін Бабыл патшасы Набуходоносор күйретті: Ерм 43:10,13.)

з  11:1-5,10; Бил 3:9.

и  Иш 49:6; Зәк 2:10-11; 8:10-23.

к  11:1,9-10; 45:14,22-23; Жыр 86:4.