Ишая 17
Дамаск пен бүкіл Арама елі жайлы ауыр хабар
1
Бұл — Дамаск жайлы ауыр хабар:
«Біліп қойыңдар, енді қайтып Дамаск қала болмайды, ол қиратылып, тау-төбе үйіндіге айналады.
2
Арогер аймағының қалалары қаңырап бос қалады. Енді олар малдың жайылымына айналып, ешкім де олардан малды қуып аластатпайды.
3
Солтүстік Исраил қамалды қалаларынан айырылып, Дамаск өзінің тәуелсіз патшалық болуынан ада қалады. Тірі қалған арамалықтар Исраил халқы сияқты ұлылығын жоғалтады». — Әлемнің Иесі, осыны нық айтады.
4
«Сол кезде Жақыптың нұрлы салтанаты күңгірттеніп, оның мықты денесі жүдейді.
5
Сонда Исраил елі орақшылар егінді жинап алғаннан кейінгі егістікке ұқсайды. Ол ештеңесін қалдырмай жиып-терген Рефаим аңғарындағы қаңыраған бос егіндік іспетті болады.
6
Тек біразырақ адам ғана аман қалады. Бұл, жемісі жинап алынған зәйтүн ағашындай болмақ: ең биік ұшар басында тек екі-үш, ең төменгі өнімді бұтақтарында төрт-бес-ақ жемісі қалмақ». — Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие осыны нық айтады.
7
Сол уақыт жеткенде адамдар өздерін жаратқан Жасаған Иеге бет бұрып, Исраилдің Киелі Құдайына сеніммен қарап мойынсұнады.
8
Олар енді қайтып өздері жасаған құрбандық үстелдеріне бет бұрмайды, әрі өз қолдарынан шыққан Ашера бағаналары мен хош иісті заттар түтететін үстелдерге сеніммен қарамайтын болады.
9
Сол заман келгенде олардың бекіністі қалалары да иесіз ну орманға ұқсап, қанахандықтардың Исраил халқынан қашқан кезде тастап кеткен қырат бастарындағы қалалары сияқты елсіз бос болады.
10
Неге десең, сен өзіңді құтқарған Құдайыңды менсінбей, өзіңді қорғайтын «Жартасыңды» ұмыттың! Мейлі, таңдаулы деген өсімдіктерді егіп, шетелден әкелінген жүзім бұталарын отырғыза бер!
11
Олар сен еккен күні тармақ жайса да, сен отырғызған күні гүлденсе де, бәрібір олардан өнім жинамайсың: соның орнында тек қайғы-қасірет пен жазылмас ауру ғана болады.
12
Тыңдашы, көптеген халықтардың әскерлері долданған теңіздің гүріліндей шулайды! Ойбай, ұлттардың дабыры қандай! Олар ағысты судың гүріліндей шулайды,
13
әрі жағаны соғып зулаған толқындардай алға жылжиды. Бірақ Құдай оларға бұйрық бергенде, қашып кетеді де, тау жаққа жел ұшырған кебектей, құйын көтерген тозаңдай кері шегінеді.
14
Кешке қарай қорқыныш тудырғанмен, олар ертеңгісін жоқ болады. Біздің елді тонап, мал-мүлкімізді талап әкеткен әрбір жаудың тағдыры, міне, осындай болады.