Ишая  12
Құтқарылғандардың Жаратқан Иені мадақтау жыры
1
Сол кезде мынадай ән-жыр айтатын боласың:


«Уа, Жаратқан Ием, Сені мадақтаймын!
Маған ашуланған едің, ал сосын
Қаһарыңды басып, мені жұбаттың.
2
Сөз жоқ, тек Құдай менің Құтқарушым!
Оған сеніп, қорықпаймын да енді,
Жаратқан Ие — күш-қуатымның көзі,
Айтатын жырым Тәңір Ием жайлы,
Ол адал Құтқарушым болып келеді!»


3
Құтқарылудың қайнар көздерінен
Су ала бересіңдер қуанышпен.
а


4
Сол кезде былай дейтін боласыңдар:
«Жаратқан Иеге шүкірлік етіп,
Есімін атап Оған сиыныңдар,
Әділ істерін ұлттарға білдіріп,
Есімінің ұлылығын хабарлаңдар!
5
Жаратқан Иеге арнап ән шырқаңдар,
Ол ұлы кереметтерді істеді,
Осыны білсін жер жүзінің бәрі!


6
Уа, Сионның халқы, масаттаныңдар,
Дауыстап қалықтата ән салыңдар:
Исраил сиынған Киелі Құдай
Енді өздеріңнің араларыңда
Бөленеді салтанатты ұлылыққа!»
ә

а  Яки: Шөлдегенге таза судың ләззәт әкелетініндей, сендер Құдайдың өздеріңді құтқарып, қолдап-қорғап жүргеніне керемет шаттанасыңдар (12:2; Жыр 50:14).

ә  Яки: Исраил сиынған Киелі Құдай шексіз ұлы! Оның жер бетіндегі тұрағы (киелі үйі) сендердің араларыңда.