Ишая пайғамбар
Жазба туралы мәлімет
Б.з.д. 740 жылы Жаратқан Ие Ишаяға аян беріп, оны өз пайғамбары болуға шақырды. Ишая өмірінің басым бөлігін Яһуда елінің астанасы Иерусалимде өткізді.
Жаратқан Ие Өзіне бағынбай, әділетсіз істер жасағаны үшін Яһуда халқын және көршілес елдерді жазалайтын болды; бұл туралы оларға Ишая пайғамбар арқылы ескертіп отырды. Бірақ соқыр да саңырау іспетті халықтар жүректерін қасарыстырып, теріс жолдарынан қайтпады. Сондықтан Алла Тағала оларды жауларына жеңдіріп, елдерінің талқандалуына жол беруге ұйғарды.
Сол тұста кең-байтақ Ассур патшалығы Арама (Сирия) мен Солтүстік Исраилді өзіне бағындырмақ болды. Осы көршілес елдер Яһуданың патшасынан өздерімен одақтасып, Ассур патшалығына қарсы шығуын күш көрсетіп талап етті. Яһуданың патшасы Ахаз бұған көнбей, Ассурдың өзінен сол екі елден құтқаруын өтінді.
Ахаздың бұл ісі Жаратқан Иенің еркіне қайшы болды (Шеж2 28:5-8,16-21). Шынында да Ассур патшасы Арама мен Солтүстік Исраилді жеңгеннен бірнеше жылдан кейін өзінің бұрынғы одақтасы Яһудаға да қарсы соғысуға аттанып, елдің басым бөлігі мен бекіністі қалаларын жаулап алды. Яһуданың астанасы Иерусалим қоршауда қалды. Бірақ Жаратқан Ие Яһуданың сол кездегі патшасы Езекияның (б.з.д. 715-686 ж.) мінажатына құлақ салып, Ассурдың әскерін құртып, Иерусалимді құтқарды (36-37).
Кейін Езекия қатты ауырып, Құдайдың кереметімен сауықтырылды. Содан соң ол менменсіп, Бабыл патшалығымен одақтасты. Құдай Ишая пайғамбар арқылы Езекияға наразылығын білдіріп, Бабылдың әскері болашақта Иерусалимді жаулап алып, Яһуда халқын Бабыл еліне құлдыққа айдап әкететінін ескертті. (Бұл жайт б.з.д. 586 ж. жүзеге асты да.)
Соның өзінде де Алла Тағала таңдап алған халқын сүйіп, оларды Бабылдың құрсауынан босатпақшы екенін Ишая пайғамбар арқылы алдын ала білдіріп, үміт берді. Жаратқан Ие болашақта парсы патшасы Кирдің Бабыл патшалығын талқандап, яһудилердің өз елдеріне қайтуларына рұқсат ететіні жайлы да Ишая пайғамбар арқылы алдын ала хабарлады.
Осылай Алла Тағала содан мың жыл бұрын Мұса пайғамбардың заманында жасағанындай, тағы да өз халқын құлдықтан азат етпек болды. Оларға келешекте ежелгі Дәуіт патшаның «тамырынан» (әулетінен) құтқарушы Патшаның шығатынын білдірді. «Жас Өскін» деп те аталған осы Патша әділдікпен билік құрып, бейбітшілік орнатпақ. Алты ғасырдан кейін Мәсіх бұл дүниеге келіп, Жаратқан Иенің уәделерін терең мәнде іске асырды. Кир патша Яһуда халқын Бабылдың құлдығынан босатқан болса, Мәсіх бүкіл адамзат үшін күнәнің жексұрын құрсауынан құтқарылудың жолын ашты!
Бұл құтқарылудың шарты «Құдайдың әділ Қызметшісінің» күнәнің тиісті жазасын тартуы болды. Әрбір күнәкар енді теріс жолынан қайтып, Құтқарушы Мәсіхке сенім артуға шақырылады. Мұның нәтижесі тек Исраил халқы үшін ғана керемет болып қоймайды, сондай-ақ басқа халықтар да құтқарылып, «Исраилдің сиынған Киелі Құдайына» қызмет етпек. Сонда жер беті зұлымдық атаулыдан арылып, тыныштық пен әділдік орнайды. Күллі адамзат Жасаған Иеге мойынсұнып, Оны шын жүректен мадақтайтын болады.